Таңатұлы Шомпылдақ атамыз Қажымұхан Мұңайтпасов сияқты аты әлемге жайылған күрескер болмағанмен, өз елінде, Нарын бойында дүлей күштің иесі болған адам. Көне көз қариялардың айтуынша қол қайраты ерекше, әруақ қолдап кете ме, ел арасында ол кісі туралы тараған сан түрлі әңгімелерге қанығып өстік. Солардың біразын еске алсақ, шағылда жорғалап бара жатқан жыланды жай, қойшының қамшысымен тартып жібергенде, пышақпен кескендей екіге бөлінеді екен. Саяқ өскен жылқыны кекілінен немесе құлағынан ұстап, мойынын бұрап қалғанда төрт аяғы аспаннан келіп, шалқасынан құлай беретінболған. Балық тұздаған шаң бөшкелерді, ішінде бір тоннадай балығымен ығыстырып, не аударып тастау, шай қайнатым уақытта құдық қазып алу, құдыққа түсіп кеткен атан түйені шығарып алу т.с.с іс – әрекеттері ойланбай атқара беретін күнделікті жұмысқа айналып кеткендей. Бұндай дүлей күш иесін көріп жүрген ауылдастары; <<Шомпылдақтың шотына түскенше, Құдайдың отына түс>> – деген теңеулермен бағалаған. Сондай күш, қайрат немерелері Жұмабай, Қадырбай ақсақалдарымыздың бойынан көрінгендей, ірі денелі, жауырынды, қайратты болған. Қадекеңнің бір саусағы, біздің екі саусағымыздай еді, жарықтық. Билаш деген апамыздан тараған жиендердің ішінде осы, нағашы сойына тартқандары бар.
Сондай-ақ, Астана жағында тұратын Шомпылдақ атаның ұлы Әлмағанбеттің Нәзира деген қызынан туған Қойсын атты қызының жалғыз ұлы Асқар Жұмағалиев деген ініміз еркін күрес, таэквондодан Қазақстан бойынша және басқа турнирлерде жүлделі орындарды иемденіп жүргенге ұқсайды. Атамыз түсінде аян берген бе? Әлде ауыл ақсақалдар, әлде есті тумаластарының бірі. Қалай болса да Шомпылдақ атамызды естеріне алады. <<Нағашы атаңның басына барып тәу етіп, ас берсең де дұрыс болар еді>> – деген үлкендердің кеңесімен, Атыраудағы Нәзира апамыздың тумаластары Зиға, Ағилаш апаларымызды тауып, 2012 ж. Ағилаш апамыздың Мүмин деген баласының бастауымен Шомпылдақ ата зиратына барып дұға бағыштап, ата басына мәрмәрдан ескерткіш – белгі орнатып, арнап ас беріп кетті. Сол жиында мен де болғанмын.
Бұл әңгімелер желісі Жұмабайұлы Биғали ағамыздан.