Ерубайдан Көккөз (Манас батыр) туады (көзі көк, батыр кісі болғандықтан «Көккөз батыр» атанып кеткен).
Көккөз шамамен 1700-1710 жылдар шамасында дүниеге келген. Қарақалпақ елінің Қызылқұм өңіріндегі Тамдыбұлақ, Мыңбұлақ жерлерін өзінің туыс-бауырларымен мекендейді. Ол кезде бұл жерлер Хиуа ханының иелігінде болған. Көккөз батыр Хиуа ханының қызметкері, «нойт» болып істейді. (Нойт – сырттан базарға түскен малдан, заттан салық жинаушы ханның қызметкері). Ханның басқа қызметкерлері Көккөзді көре алмай, ханға жамандайды. Көккөзді қызметінен босатып, жазалайтын болған соң, ол ханға өкпелеп, бір түнде үй-ішімен Жаңадарияға көшіп кетеді.
Сол бір жаугершілік заманда қазақтар мен түрікпендар арасында өзара қақтығыстар болып тұрған. Сондай бір шапқыншылықта Жәуміт түрікпенннің қолына Кіші жүз ханы Ералының қызы тұтқынға түсіп қалады. Ералы хан: «Қане, кім менің қызымды босатып әкеледі?» деп жар салады. Бірақ суырылып ешкім шыға қоймайды. Бұл хабар Көккөзге жетеді. Қу далада, елсіз, жерсіз отырған Көккөз ханның бұл жарлығын орындауға бел буады. «Түбі бір өлім ғой, тұз-дәмім бітсе – бір мола болып қалармын. Аман келсем –ханға бір қызметім болсын» – деп жорыққа аттанады. Көккөздің жорығы сәтті болады.
Ералы ханның қызын босатып алып келеді. Хан Көккөзге ризашылығын білдіріп, асық жілік ұстатып, нөкер басы етіп ХАН ТӨЛЕҢГІТІ деген атақ береді. Сөйтіп Көккөз Қазалыдағы (Қармақшыдағы) ханның ордасында қалады.
Көккөздің 4 ұлы болады. Хан халқына жар салып: «Көккөздің төрт баласы бар: Жұмақай, Өтеген, Құдайберген, Жиенқұл. Енді төртеуің Төлеңгіт деген ел боласыңдар, қияметте де қыз алыспайсындар» деп бата береді. Жиенқұл Өтегенмен еншілес болады.
Көккөз батыр бұл дүниеден өтерінде төрт баласына мынандай өсиет айтып кетеді: «Жұмақай, саған өнер сыйлаймын. Құдайберген, саған билікті сыйлаймын. Өтеген, саған Тайтұяқ сыйлаймын. Жиенқұл, саған Хан таңбасын сыйлаймын. Төртеуің де ТӨЛЕҢГІТСІҢ, тайпа болып жерімді, Тамдыбұлақ пен Мыңбұлақты иелеңдер» дейді.
Көккөз батыр Қармақшы ауданының орталығы Жосалыдан 90 шақырым жерде, Байқоңырдың оңтүстігінде, ЕрCейтпенбет қожаның қасына жерленген. (45°17’31.53”С / 63° 3’12.87”В). 2012 жылы мамыр айында басына белгі қойылды. Құлыптастың авторы: Сүндет Маемгенов.
Көккөз