Қырғыз Тоқа аталмай тұрғанда Тоқаның шын негізгі аты Темір болған. Төке, Төке деп Тоқа аталған. Қырғыз сөзі қосылуы аталарымыз жаугершілік кезінде басқа елді сырттай шолушы болады. Сондай шолу кезінде қырғыз керуені елде азаматтар жоғын біліп, жылқы қуған екен. Аталарымыз намысты бермей, ашуға булығып қырғыз ауылын шауып, жетім-жесірлерін, мал дүниелерін олжалайды. Бір ерекше жас қыз бала болады. Шешелеріміз оны тәрбиелеп бөлек бағады. Қырғыздар дау айтып келіп, екі ел бітімге келмей жатқанда қырғыз қыз: «Ағайын, жауласпаңдар, екі елдің бітімі мен болайын» – деп, елді бітімге келтіреді. Сол қыз өте пысық, тазайынды келін болған. Алыс-жақын би, болыстар ас-су ішуге осы үйге түсетін көрінеді. Әу төбеге алты қанат ақ боз үй тіктіріп отырған. Жолаушылар: «Ау, бұл ерекше қай ауыл?» – дегенде, «Қырғыздан қыз алған Тоқаның ауылы» – дейтін болған. Содан Қырғыз Тоқа аталғанбыз.

Жеті атам: Болатбек – 1956 ж. (әке), Рахметбек – 1918 ж. (ата), Нұрекеш – 1878 ж. (арғы ата), Есберген (баба), Қонысбай (тек ата), Жаңай (түп ата), батыр Сапақ (жеті ата).

Нұрекештің тарихын жазбас бұрын, өзімнің жетінші атам батыр Сапақ туралы атадан балаға айтылып келген кішігірім тарихын жазайын деп шештім.

Сапақ, Нар, Жантайлақ – үш ағайынды туған бауырлар. Сапақ шамамен 1680-1740 жылдар аралығында өмір сүрген. Шежіреде (Торша шежіресі) оның Шөмекей Тоқа руының Көшімқұл (Қырғыз Тоқа) аталығынан шыққандығы анық көрсетілген.

Батыр Сапақ өмірін тек өз отбасына ғана емес, қазақ халқына да арнады. Ол қазақ халқының негізгі жауы – жоңғарлармен соғысып, қарапайым халықты қорғады. Жоңғарлардың 1710 жылғы қанды шапқыншылығынан кейін қазақ билеушілері Қарақұм маңында үш жүздің құрылтайын шақырды. Құрылтайға сұлтандар мен билер, ру басшылары және үш жүздің белгілі батырлары қатысты. Олардың қатарында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Райымбек, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет және Сапақ сынды батырлар болды. Ол кезде батыр Сапақ шамамен 20-25 жаста еді. Шежіреде Сапақтан 7 ұл: Қыйлыбай, Алпамыс, Жаңай, Елубай, Қойбағар, Байыз (Пайыз), Кенжебай тарайды. Сапақ даналығының арқасында әр ұлын жете тәрбиелеп, өмірінің соңында жинаған мал-мүлкін әрқайсысына тең бөліп, дүниеден өткен. Және сол мұра зұлматқа дейін атадан балаға жалғасын тауып келген. Жаңайдан 3 ұл: Қонысбай, Бесбай, Тоғызбай. Қонысбайдан 4 ұл: Есберген, Досберген, Мәтен, Махамбет. Есбергеннен 3 ұл: Бұйрабай, Дайрабай, Нұрекеш (арғы атам). Нұрекештен 2 ұл және 1 қыз: Райымбек (тұқым жоқ), Қазына (қыз), Рахметбек (өз атам).

Отбасында әкем ұлдың үлкені, өзім немеренің үлкені болғасын кішкентайымнан атам Нұрекеш ұлы Рахметбек және әжем Жүсіп қызы Мағрипаның қолдарында өстім. Атамды \”көке\”, әжемді \”мама\” деп айтатынмын. Көкем 1990 жылы 72 жасында, әжем 2012 жылы 84 жасында бақилық болды. Екеуі де Арал кентіндегі Ермек моласы деп аталатын бейітте жерленді (46.822998, 61.680752). Имандары жолдасы болсын!

Рахметбек көкем кезінде біраз әңгімелер айтып жүретін. Есімде қалғандарын жазайын. Көкемнің өз аузынан естігендерім: «Нұрекеш үлкен ұлы Райымбекке көп сенім артты. Көбінесе қасына Райымбекті ертіп жүретін. Ауыл арасында өтетін бірнеше аламан бәйгелерге қатыстырып, көкпар ойнатты. Беруші де, алушы да Аллаһ демекші, Райымбек шамамен 18-20 жасында оба ауруынан қайтыс болды. Ол кезде ондай ауру пайда болса, жұрт бүкіл ауыл болып көшеді» – дейтін көкем. Ешбір ата-ана өзінің туған баласын қимайды ғой қашан да. Сондықтан болар, Нұрекеш көшкен жұртына ермей, науқас ұлы Райымбектің қасында қалғаны. «Арада он шақты күн өткеннен кейін әкемнің келе жатырғанын естіп, алдынан шықтым. Әкемді көргенде оның жап-жас жүзі едәуір қартайып, қара шашы әппақ болып ағарып, жанарынан қатты шаршағаны көрініп тұрды. Осы бір көрініс менің санамда бүкіл өміріме қалып қойған еді. Содан кейін әкемнің назары маған ауа бастады. Үнемі қасына ертіп жүретін болды, бәйгелерге қатыстырды. Қысқасы мені өмірге баули бастады. Бала болып түсінбеген болармын. Бірақ кейін ойланып қарасам, ұлдан жалғыз мен қалғасын үмітін маған артқан екен ғой, жарықтық» – деп күрсінетін көкем.

Бұл шамамен 1925-1929 жылдар аралығындағы оқиғалар еді. Көкем ол кезде 7-11 жаста. Балалық дәуреннің қызықты шақтарын енді басынан өткеріп жатқанда, 1930 жылы 25 ақпанда орыстың қанды саясатына шыдамы таусылған халық көтеріліске шықты. Бұл – Ырғыз өлкесін от-жалынға ораған шаруалар көтерілісі еді. Аталған көтеріліс тарихта «Сарбаздар көтерілісі» немесе «Тоқалар көтерілісі» деп аталады. Көтеріліске жалпы саны 1500-дей адам қатысты. Оның 700-800-і Тоқалар болды (Т. Омарбеков келтірген ОГПУ анықтамасында 700-ге жуық адам. «Жұлдыз» 1991-11).

Көкем көзі тірісінде: «Әкем апталап, айлап үйде болмайтын. Шамамен сол 1929-1930 жылдар аралығы – Нұрекеш Тоқалар көтерілісінде жүрген кезі болу керек. Мына бір жәйт есімде қалды» – деп, сөзін жалғастырды: «Ұйықтап жатып түннің ортасында оянып кетем. Ұйқылы-ояу көзімді ашсам, әкем отыратын қасымда, басымды сипап, бетімнен сүйіп. Сондағы әкемнің: Иә Аллаһ, жалғыз тұяғымды сақтай гөр. Ботама өмір бере гөр. Көрер қызығы көп болсын деген сөздері есімде қалды. Содан көзім ілініп ұйықтап кетем. Таңертең тұрсам, әкем тағы да жоқ. Осылай күндер түнге, түндер күнге жалғасын тауып жатты. Әкемнің сондағы түнделетіп келіп тұратын себебі – ұлына деген сағынышын басу екен. Оны кейін ұлды және қызды болғанымда түсіндім. Қазақ басынан өткенді айтады демекші, баланы балалы болғанда түсінесің деген ұғым осыдан қалған болуы керек» – деп отыратын көкем.

1930 жылы 8 желтоқсанда «Көжебай сайы» деген жерде шешуші шайқас болып (Б. Құлжаевтың мақаласынан алынған мәлімет. «Baq.kz» 07 сәуір 2015 ж.), көтерілісшілер тас-талқан болып жеңілуіне байланысты аман қалған сарбаздар мен үрейленген халық жан жаққа қашты. Қызы Қазына мен ұлы Рахметбектің өмірін сақтау үшін Нұрекеш те қашуға мәжбүр болды. Екеуін Аралға қалдырды да, малын айдап Сырдың бойын жағалап жөнелді.

Әкесімен қоштасар сәтті көкем былай деп еске алатын: «Әкемді соңғы рет көргенде 12 жасар бала едім. Есімде қалғаны – әкем жақындап келді де аттың үстінен түспей мені көтеріп алып, біраз үнсіз құшақтап тұрды. Үндемеген кейпінде мені жерге қойып, үйден баяу алыстап кете берді. Сол кеткеннен әкемді көрмедім» – деп. Көкем Лениннің кітаптарын немесе газеттегі мақалаларын көрсе ашуланып жыртып, өртейтін еді. «Мені әкемнен айырған осы Ленин» – деп. Өмірінің соңына дейін айтатын сөзі: «Әкемнің бейітін таба алмадым ғой. Ең болмағанда басына барып, құран оқыта алмадым» – дейтін.

Жадымда сақталып қалған көкемнің осы сөздерінің, яғни арманының әсері болар, шамамен 2016 жылдан бастап мұрағаттан Нұрекеш туралы мәлімет қазбаладым. Жан жақтағы әр түрлі мемлекеттік органдарға жаза бастадым. Құдайдың қалауымен, іздеу нәтижесінде Нұрекешке қатысты қылмыстық іс Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұрғанын білдім.

Қорытындылай келе мұрағаттағы деректерге сүйенсек, арғы атам Есберген ұлы Нұрекеш 1878 жылы туылған. Тұрақтанған мекендері: Жаркөл болысы 1-ауыл және Ырғыз ауданы 34-ауыл (қазіргі атаулары белгісіз). 1930 жылы ақпандағы Ырғыз толқуларынан бастап Қарақұмдағы көтеріліске, одан кейін 1930 жылы 8 желтоқсандағы Көжебай сайдағы көтеріліске қатысы бар. Көтеріліске қатысқан 1500-дей адамның 700-800-і Тоқалар болған. Нұрекештің көтеріліске дейінгі негізгі кәсібі – мал шаруашылығы, яғни жылқы, түйе, қой-ешкі ұстаған. Көтерілістің нәтижесіз аяқталуына байланысты отбасын аман алып қалу мақсатында Нұрекеш қашуға мәжбүр болды. 1931 жылдың басында ол отбасын Арал өңірінде қалдырып, көтеріліске қатысқан бірнеше адамдармен жасырын Сыр бойын жағалай жөнелген. 1931 жылдың 1 шілдесінде қазіргі Жаңақорғанның маңында Нұрекешті қасындағы адамдарымен Шымкенттік біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) қызметкерлері қамауға алған. Ал, 1932 жылдың 19 қаңтарында Нұрекешке 58-2 және 59-3 баптары бойынша айып тағылған.

Аталған баптар – РСФСР-дің 1926 жылғы қылмыстық Кодекстің \”Особая часть\”, яғни \”Ерекше бөлігі\” болып саналады. Көтеріліске қатысқандар осы баптармен сотталған:

58-2. Вооруженное восстание или вторжение в контрреволюционных целях на советскую территорию вооруженных банд, захват власти в центре или на местах в тех же целях и, в частности, с целью насильственно отторгнуть от Союза ССР и отдельной союзной республики какую-либо часть ее территории или расторгнуть заключенные Союзом ССР с иностранными государствами договоры, влекут за собой – высшую меру социальной защиты — расстрел или объявление врагом трудящихся с конфискацией имущества и с лишением гражданства союзной республики и, тем самым, гражданства Союза ССР и изгнанием из пределов Союза ССР навсегда, с допущением, при смягчающих обстоятельствах, понижения до лишения свободы на срок не ниже трех лет, с конфискацией всего или части имущества.

59-3. Бандитизм, т. е. организация вооруженных банд и участие в них и в организуемых ими нападениях на советские и частные учреждения или отдельных граждан, остановках поездов и разрушении железнодорожных путей и иных средств сообщения и связи, влечет за собой лишение свободы на срок не ниже трех лет, с конфискацией всего или части имущества, с повышением, при особо отягчающих обстоятельствах, вплоть до высшей меры социальной защиты — расстрела, с конфискацией имущества.

Русланбек
Tagged on: