Үркімбайұлы Шертай, бір мың тоғыз жүз он екінші жылы бесінші мамыр күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, бұрынғы Қазақстанның Отыз жылдығы атындағы совхозда, қазіргі Балаби ауылында дүниеге келген. Бір мың тоғыз жүз қырық бірінші жылы Қызылорда облысы, Шиелі стансасынан майданға аттанды. Майдан даласында зеңбірекшілер полкінде қызмет атқарып, жаудың бірнеше техникаларын жойған. Үркімбайұлы Шертай зеңбірекшілер полкінде соғысып жүріп бірнеше рет жараланады. Майдандағы куәгеріндей соғыс дәрігері берген анықтама сарғайса да әлі сақтаулы тұр. Айлап госпитальда жатса да, ауыр жарақатына қарамай фашистерге қарсы тойтарыс берген. Соғыстан кейін бір мың тоғыз жүз қырық бесінші жылы елге оралып, ауылдың шаруасына араласып, механизатор, бригадир механик болып еңбек майданында күндіз-түні жұмыс істеген. Ерен-ерлігі үшін \”Отан соғысы\” орденімен, бірнеше рет ерлік үшін медальдарымен марапатталған. Шертай ата соғысқа дейін бір мың тоғыз жүз отыз жетінші жылы әжеміз Смайылқызы Бибіхадишамен шаңырақ көтеріп, отау құрып, бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қызы Шертайқызы Шәрбанудан (1939-1990) он бір жиен – алты ұл, бес қыз өрбіді. Соғыстың кесірінен, соғыста алған жарақаттарының кесірінен ұлы Шертайұлы Шерәлі 1955 жылы дүниеге келді. Қарт жауынгер Шертай Үркімбайұлы бір мың тоғыз жүз жетпіс бесінші жылы тоғызыншы шілдеде дүниеден озды. Ал әжеміз Смайылқызы Бибіхадиша да сол жылы, яғни, 1975 жылы қазан айында дүниеден озды. Атамыздың жатқан жері жәннатта болғай!
Ол кезде ұлдары Шерәлі Шертайұлы небәрі жиырма жасар жігіт еді. Қазіргі таңда Шерәлі Шертайұлы зейнеткер, екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді, төрт қызынан  он екі жиен, екі ұлынан бес немернің қызығын көріп отыр.

Үркімбайұлы Шертай (1912 – 1975)
Tagged on: