Алаша руы Кіші жүз құрамындағы ірі рулардын бірі. Кіші жүздің Байұлы тайпасына кіреді.

Біз Алаша руының тарихын Әлімұлы мен Байұлы кіретін Алшын одағының тарихынан бастау керек деп ойлаймыз. Генетикалық зерттеулер және шежірелер қазіргі Алаша руының өкілдері Алшын одағына кіретін басқа рулар өкілдерімен моңғол кезеңінде өмір сүрген бір атадан тарағанын дәлелдейді. Сол себептен Алшындарды сол кезде болған Алшы татарлармен(моңғ. көпше түрі Алшын) байланыстыру керек деп ойлаймыз.

 

\”Алаш айнасы\” интернет-газеті бүгіннен бастап, халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы – қазақ шежіресі туралы ақпараттарды кезең-кезеңімен жарияламақ. Осы арқылы үш жүздің әр руы туралы мәліметтерді топтастырып, қазақтың ортақ шежіре қорын жасап шығармақ. Егер сіздің қолыңызда өз руыңыз жайында мәліметтер болса, біздің мына: info@alashainasy.kz электронды поштамызға жіберуіңізге болады.

 

Алтын Орда кезінде(XIII – XV ғ.ғ.) Алшын текті және беделді ру болған. Бұл тайпадан көптеген жоғары қызметтегі адамдар шыққан. Сол кездегі Алшындардың көтерілуі Бату ханның әйелі, Алшын руынан шыққан Борақшын ханыммен байланысты.

Алтын Орда ыдырағаннан кейін Алшындар Ноғай Ордасының(XV – XVI ғ.ғ.) құрамына кіреді. Ноғай Ордасында да Алшындар беделді ру болған. Хан кеңесінің құрамында ерекше Алшын орыны болған екені белгілі. Ноғайлы дәуірінде Алшыннан Байұлы тайпасы(құрамында Алаша руы да бар) бөлініп бастайды. XVI ғасырдан бастап Байұлы тайпасы орыс деректерінде бөлек ру ретінде аталады.

Ноғайлы кезінде Еділ бойында Алаша деген үлкен ру болды деген аңыз бар. Оны Мұсаханұлы Мамай мырза билеген дейді. Елді билеуге оған інілері Тоқта мен Орақ көмектескен. Алдаушылықпен Мамай Алтын Орда хандарының тағын жаулап алады. Өз билігін Еділ бойынан Солтүстік Кавказға асыра бастайды. Тоқта мен Орақ мырзалар бастаған қалын қол Еділ бойынан Қобан өзеніне қарай өтеді. Еділ өзен бойындағы қыраттан Қобан жақтағы ойпатқа түскен жері \”Алашалардың түскен жері деп аталады\”.

XVII ғасырдың бірінші ширегінде Ноғай Ордасы да ыдырап бастайды.

XVII ғасырдың басында Байұлы рулары Еділ, Жайық, Жем өзендерінің бойынан Сыр және Жетісу аймақтарындағы туыс қазақ руларына көшуге мәжбүр болады. Оның себебі қалмақтардың жиі шабуылдары. Сол кезде өмір сүрген Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қолбасшыларының бірі Марғасқа жырау Алаша руының өкілі болып табылады.

XVII ғасырдың аяғында – XVIII ғасырдың басында Кіші Жүз рулары Батыс Қазақстанға қайтып бастайды. Алаша руы туыс Байбақты, Тана, Масқар, Қызылқұрт руларымен бірге Сыр бойынан өтіп Жайық өзінінің орта ағысына қарай көшеді.

Қазақ қалмақ соғысы кезінде Алаша руынын қолын Байбарақ Құдайқұлұлы бастайды. Жекпе жекте қалмақ баһадүрін женіп Алаша руының ұранына айналады.

Алаша руы Кіші жүзде болған Сырым батыр, Исатай мен Махамбеттін көтерілістеріне белсене қатысқан.

1801 жылы Бөкей хан Нұралыұлы Еділ мен Жайық арасында Бөкей Ордасын құрады. Бөкей Ордасында Беріш руынан кейін екінші саны ең көп ру Алаша руы екен.

1869 жылы Орал аймағында патша администрациясының саясатына наразы Кіші Жүз қазақтарының көтерілісі басталады. Көтеріліс басшыларының бірі Алаша руының көсемі Сейіл батыр Түркебайұлы.

Адай руының ұрандары Алтыбас және Байбарақ.

Ал, жалпы алғанда, қазақтың төл шежіресін, әр ру мен әр үш жүздің қалай және кімнен тарағанын білгіңіз келсе, Алаш Орда үкіметінің мүшесі, тілші Кәрім Бәтішұлының 1911 жылы «Айқап» журналына жазған «Қазақ шежіресі» атты туындысын шолып шығуыңызға болады.

 

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ

Түрік нәсілінен «Алаш есімді бай һәм балалары көп бақытты бір адам Алаша ханның заманында мәшһүр адамдардан саналып тұрыпты. Сол заманнан қалған бір сөз бар: «Алаш алаш болғанда, Алаш хан болғанда, таңбасыз тай енсіз қой болғанда» деген.

Алаштан екі бала туған Сейілхан, Жәйілхан деген. Жәйілханнан – Майқы би. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген сөз бар. Майқы биден – Өзбек, Сыбиян. «Өзбек – аз ағам, сарт – садағам» деген сөз осыдан қалған. Сыбияннан, Айырқалпақтан – Қазақ, Созақ. Созақтан – Қарақалпақ.

Қазақтан үш бала туады. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Бұлардың әрқайсылары бай һәм мәшһүр адамдар болған. Нәсіл, несіптері көп болып, тап-табымен барып Қаратау деген жерге шәһәр болып, бірнеше жыл отырыпты. Үлкеніне қараған елді «Ұлы жүз», ортаншысына қараған елді «Орта жүз», кішісіне қараған елді «Кіші жүз» деп атаған. Кәдімгі таудың арғы жүзі, бергі жүзі деген секілді. Мұнан біраз заман өткен соң бұларға жеті жыл тұтас ашаршылық келген. Еңкейген кәрі, еңбектеген жас өле бастаған соң бұлар бас қосып, ойласып, тұс-тұсына бытырап күн көруге, әуелде таудың оңтүстігінде – өзінің отырған жағына ұлы жүз, күншығыс жаққа орта жүз, кіші жүз өзінің отырған күнбатыс жағына, әрқайсысы өзінің туған-туысына кетіп күн көрмекші болып, жиылып амандасып тараған. Бұл жиылып тұрған жерде бір өлеңші зарлық етіп, үш ауыз өлең айтқан. Сөздің басы осы:

 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Қара көзден мөлдіреп жай келеді.

Мына заман, қай заман, бағы заман,

Баяғыдай бола ма тағы заман?!

Атадан ұл, енеден қыз айырылды,

Көздің жасын көл-дария ағызамын.

Мына заман, қай заман, қысқан заман.

Бақыт құсы басыңнан ұшқан заман.

Топырақ пен аспаннан шаң борайды,

Қаңтардағы күн суық қыстан жаман.

Бізге қысым көрсеттің қатты, Құдай,

Қабырғама қара жер батты, Құдай.

Жаяу жүрсем, табаным ауырады,

Тым болмаса, бермедің атты, Құдай!

«Қаратау» деген өлеңді «Мен қазақ» деген заттың бәрі біледі.

Ұлы жүз Ақарыстан екі бала – Үйсін, Дулат. Үйсіннен төрт бала – Шаңышқылы, Қаңлы, Ошақты, Іргенекті. Дулаттан төрт бала – Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс.

Орта жүз Жанарыстан жеті бала – Тарақты, Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ. Әр атаның баласы соңғыларын өздері білу міндет. Міне, бұл жерде Қыпшақты жазамын. Жанарыстан – Ақтымсопы, онан Қыпшақ, онан Ақкөбік алып, одан Солым алып, онан Мүйізді сары абыз, онан үш бала – Қара, Құла, Сары. Қараның әулеті Қарақыпшақ атанады. Сарының әулеті Қытайқыпшақ атанады. Яғни қоныстары Қытай қолтығында болғандықтан, Құланың балалары Құланқыпшақ атанады.

Жоғарғы айтылған Қарадан Құланды, онан Тоқтар, онан бес бала туады: Бұлтың, Торы, Ұзын, Қарабалық, Көлденең.

Кіші жүз Бекарыстан Алшын туады, онан Алау батыр, онан Құдуар тентек. Ақылың болса, ала байтал соға шап деген нақыл осы кісіден қалған екен. Құдуардан екі бала – Қыдырқожа, лақабы «Бай», Қаракесек. Қыдырқожадан он екі бала – Қыдырсиық, Бақытсиық, Сұлтансиық, Есентемір, Асық, Қызылқұрт, Масқара, Таздар, Алтын, Жаппас, Адай, Беріш.

Қаракесектен – Әлім, Шөмен, Кете, Ожырай, Әлімнен Төртқара, Шекті. Шөменнен – Аспан, Бозғұл, Тоқа, Көнен. Кіші жүзге қосылған жеті рулар: Жағалбайлы, Тілеу, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Рамадан.

Бұл – Алаштың барлық қазақтың атасы екендігінің куәсі. Бұрын қазақ бөтен халықпен шектессе, біреуі «Алаш» деген ұранды шақырса, бәрі бірыңғай болып, тез жиылып, тілек қосып қалады екен. Бұл сөздер — біздің бұрынғы кәрілерден естіген сөздер. Қадірі хал білгенімізді жаздық. Мұнан артық білушілер болса, білгенін ішіне сақтамас, халыққа жазып білдірер деп үміт етеміз.

Алаша руы шежіресі
Tagged on: