Ақтай Көбегенұлы – Алтайдың төрт тарабындағы қалың қазаққа аты әйгілі тарихи тұлға. Орта жүз керей тайпасының абақ бірлестігіне жататын он екі рудың бірі – шеруші. Ожық, шаппас, ұзынмылтық, құрман, саңырау, бақат атты алты руды жоңғар шапқыншылығы тұсында ұзынмылтық Байтайлақ Бәйімбетұлының, одан кейін баласы Шобаш Байтайлақұлы билеген екен. Шобаш батыр тұсында, 1773-жылдары шеруші руының 200-дей түтіні қазіргі Қазақстанның Қалба өңірінен қазіргі ҚХР-ға қарасты аумаққа өтіп, Алтай аймағы, Буыршын ауданы, Шұңқыр деген жерге көшіп келеді. Бұл көшті бастаған – бақат Көбеген батыр Киікбайұлы, саңырау Қырбас батыр Рысқұлұлы. Шұңқырдың қысы ауыр, қары көп, малға жайсыз болған себепті Көбеген батыр жергілікті монғол төресінен жер сұрай барғанда көтерген екі центнер шамасындағы шұбар тас күні бүгінге дейін сол өңірде ескерткіш болып тұр.

Көбеген батыр елуден асқанға дейін ұрпаққа зар болып, қамкөңіл күй кешіпті. Ағайындарға қатысты әлдебір оқиғадан кейін қатты қапаланған Көбеген батыр, сол маңдағы бір жартастың басына шығып алып, үш күн бойы Жаратқанға жалбарынып, ұрпақ тілейді. Бұл жартас – кейіннен «Көбегеннің тілек тасы» атаныпты. Көбеген батыр көп ұзамай Алтайға көшіп келіп мекендеп жүрген орыс жұртынан Надежда атты қызға үйленеді. Осы Надежда анадан Тортай, Ақтай, Бозтай, Ырысбай, Кәрібай атты бес ұл туады. Алып күшімен таныла бастаған Тортай он үш жасында тіл-көз тиіп қайтыс болады.

1800 жылы өмірге келген Ақтай жасынан қармаулы, қайратты, өжет әрі әділетсүйгіш азамат болып ержетеді. Негізгі бөлігі Буыршын өңіріне қоныс аударып келген шерушіні Шобаш батыр өмірден өткеннен кейін Көбеген батыр билейді. Көбеген қартайғанда шеруші билігі Ақтайға көшеді. Ақтайдың аты ең алғаш елге танылуы – Көбегеннің шаңырақ салар сары атанын жеп кеткен аюды іздеп барып, інісі Бозтаймен бірге азулы жыртқышты жеңуі еді…. 

Ақтай Көбегенұлы
Tagged on: