Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII – XVIII-ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек — есімдері елге белгілі әділ билер болған.
Қаз дауысты Қазыбектің оқыған жерлері, алған білімі туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.[1]
Қосымша ақпараттар
Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764) Сырдария жағалауындағы ауылда туып, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізсе керек. Қазақ шежіре деректері бойынша, Қазыбек Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір атасынан Бұлбұл, одан Шаншар туады. Бұларда оқыған, тоқығаны көп, ақылгөй абыз, шешен би көп өткен.
Шаншардың екінші әйелі Айбикеден Келдібек, Тыныбек, Жәнібек, Есіркеп (оларды ел “төрт бегі” деп те атаған) тарайды. Келдібек кезінде аузына ел қаратқан белгілі шешен, би бопты. Ол отыз жасқа келгенше үйленбей жүріп алыпты. Оның себебін ел былай аңыз етеді: Бұлбұл бабасы түсінде – сен қатын алмайсың, ешбір әйелге көзіңді салмайсың. Алатын әйелің мынадай болады: ұзын бойлы сары қыз, оң аяғы ақсақ, оң жақ құлағының түбінде танадай меңі, екі емшегінің арасында алақандай қалы болады. Сен соған үйлен – депті. Айтқанындай Келдібек сол қызға кеш жөнекей кездесіп, танысады. Ол қыздың аты Тоқмейіл екен. Айттырып алмақ боп жүргенде әке-шешесі:
– Балам-ау, басқа сұлу қыздар тұрғанда, өзі түсі келмеген қыз екен, уәделескен құда, жегжаттарды қайтеміз? – дегенде, Келдібек:
Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып, Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық. Көзі қыли, сөзі мен ісі түзу. Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып, – депті. Тағы бірде құрбы-құрдастары Келдібектің үйінде отырып, оны кекетіп, келемежге айналдыра беріпті. Сонда жаңа түскен жас келіншек әдеппен сыпайы ғана:
Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын. Келдікеңмен сондай тату жақсы-ақпын. Татулықтың белгісіндей тамаша, Төрт Бошанды билейтін ұл таппақпын, – дегенде, әлгілер “бұл тегін адам емес екен, қалжыңды қояйық” десіпті. Айтқанындай-ақ Тоқмейіл анадан атақты Қазыбек би дүниеге келеді. Сол Тоқмейілден Қазыбек, Сәдімбек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене деген алты ұл туады. Бұларды ел “ақсақтың алтауы” деп атап кетеді. Қазыбек туғанда анасы:
“Айналып-толғанып өсірсем,
Ақ сүтімді кешірсем,
Адалдан болар нәсібің.
Тіліңнен болар кәсібің”, – депті. Сәдімбек туғанда айтыпты: “Осы шіркін ызақор болар, емшегімді емерде, ашуланып тырналаушы еді” депті.
Асан туғанда “осы шіркін даңғой болады-ау” депті. Балапан туғанда, “осы шіркін шешен болар” депті. Үсенге “кербез боларсың” депті. Бөдене туғанда “батыр болар ма екенсің” депті. Бәрі сол дауагер анасының айтқанындай боп ержетіпті.
Қазыбек бала жасынан шешендік өнерге бейім өседі. Ол ел арасындағы айтылып жүрген дана сөздерді, мақал-мәтел, нақылдарды өткендегі ақын» жыраулардың тақпақ, терме, толғауларын, шешен, билердің ұтымды сөздерін есіне сақтап жүреді. Әсіресе, әке тәрбиесі оған мол өсер етеді. Жасынан ел билігіне араласады.[1]
Дереккөз: Уикипедиядан алынған