Төле би мен Қойгелді батыр.

  1.  Аңырқай даласындағы қазақ-қалмақ шайқасы бір айдан асып, отыз бірінші күнге ауысыпты деседі көнекөз қариялар Күнде сілтенген қылыш, түйрелген найза, ысқырған жебе мыңдаған жанды өмірімен қоштастырды. Бірін-бірі жеңе алмай, келісе алмай екі елдің талай боздақтарының өмірі қиылыпты. Төле би бастаған Ұлы жүз  әскерлерінің ішінде өзінің бар өрен-жарандарымен, ағайын-туыстарымен, жора-жолдастарымен Қойгелді батыр да келген еді. Əлі күнге дейін бар Қарауылтөбе үстіндегі Төле бидің қасында Қожық батыр ту ұстап тұрады.

    Осы соғыста Қойгелдінің кенже інісі Ақша батыр сілтенген қылышы, түйреген найзасы бос кетпей, жүрген жерін жапырып, жауын шетінен қашырып көзге түседі. Ақшаның батырлығы да, батылдығы да Қойгелдіден асып түседі екен. Осыны сезген жоңғарлар ең мықты мергендерін, найзашыларын Ақшаға салады. Тұла бойын жапқан сауытынан оқ өтпеген соң жау жебелері, найзаларымен Ақшаның өндіршегін, аяғын көздейді. Батыр аттан құлайды. Өндіршегінен қаны сорғалап тұрса да жаяу Ақша найзаласып жанына жан жуытпайды. Көмекке Қойгелдінің тұңғыш ұлы он үш жасар Қарабатыр ұмтылады. Əкесі мен ағасы сияқты әскери өнерге машықтанған бозбала бес қаруын кезек жұмсап, Ақшаны барынша қорғайды.

    Інісі мен баласының  жау қоршауында қиын жағдайда қалғанын естіген Қойгелді батыр біраз серіктерімен ұрандап жауға тиеді. Қылышын оңды-солды сілтеп, інісіне қарай жол салады. Қойгелді батыр жауынгерлермен, жеткенде найзаға сүйенген Ақша жерге құлаудың аз-ақ алдында түр екен. Қарабатыр бала ат үстінде еді. Қойгелді батыр баласына табан астында:  – Əй атасы бөлек Қарабатыр, аттан түс ! Ақша бауырым, атқа мін – деп бұйырады. Жаралы Ақшв атқа қайдан мінсін! Жігіттер атқа жаралы батырды сүйемелдеп мінгізіп, ат тізгінін тартып, қоршаудан алып шығады.

   Қансыраған Ақша ашық жердегі ағайындар арасына жеткізілген соң Қойгелдінің іші тағы езіледі. Өйткені тұла бойы тұңғыш ұлы Қарабатырды өз əмірімен, өз қолымен жау ортасына тастап кетті ғой ! Əке өмірімен ата жауға аттанғаны болмаса, он екіде бір гүлі ашылмаған жастың жазығы не ?! Қойгелді тағы да жауынгерлеріне ұрандап, жауға тиеді. Əруақтанған батырлар  жолындағы қалмақтарды құрақтай жапырып, бастарын доптай демалатып, Қарабатырға жетіпті. Бозбала бір қалмақпен жаяу жағаласып жатыр екен. Жауды жауырынынан найзамен түйреген Қойгелді баласын атының артына мінгізіп алады. Қойгелді жауынгерлерінің қаһарынан жоңғарлар жөңкіле қашады. Осыны көрген Қойгелді баласы Қарабатырға иесі жоқ бір атты мінгізіп салып, қашқан жаудың соңынан түре қуады. Осы соғыс Аңырқай жеріндегі айқастың тағдырын шешіпті. Қалмақтар оңбай жеңіліп, ата-аналары, келіншектер, туыстары аңырап қалады. Талай əйел жесір, талай бала жетім қалады.

    Осы жеңістен кейін Қойгелді Төле биден бата алып, есімі ел ұранына айналады.

 Ақша батыр қоршаудан Аңырқай даласының шетіне шығарылған соң біржолата көз жұмады. Оны ақ жауып, арулап қоятын ата қонысы Ақкөл мен Билікөл шалғай еді. Қойгелді інісін майдан даласына тақау жаназасын шығарып, жер қойнына береді. Ақшаның артында Өтеболат жəне Бекболат атты екі ұлы жетім, жұбайы жиырма жасында жесір қалады. Бір жылдан кейін асын беріп, Қойгелді келінін тұңғыш ұлы Қарабатырға əмеңгерлік жолмен қосады. Қарабатырдан туған баланың аты Қырғызбай қойылады. Ол да көзсіз батыр, қолмерген атанды.

    Қырғызбай да Ақша баласы атанып кетті. Өтеболат, Бекболат, Қырғызбай ұшеуін ел-жұрты \”үш сары\” дейді екен. Кенже інісін Өтеболат батырлыққа, мергендікке өзі баулыған. Екеуі де 1757 жылғы жоңғарларды қазақ жерінен біржола қуу соғысына қатысқан. Қырғызбай 1798 жылы Ташкент түбінде шанышқылы батыры Қаратазының қолынан қаза тапты.

    Қойгелді өлген соң Ұлы жүзді Жалмырза деген ұлы билейді. Кім білсін, Жалмырза елдің тілін таппады ма, елге жақпапты. Қоқандықтар ру таласын қоздырып, Төле биден бері алпыс жыл бойы Дулаттардың ғана билік жүргізгенін айтып, қаңлыларды, шанышқыларды, рамадандарды көтереді. Қазақтарды өзара қырқыстырып, таластырып қойған қоқандықтар көп ұзамай-ақ Ташкентті, басқа да қалаларды біртіндеп басып алады. Міне, Ұлы жүзге екі жүз жыл бойы астана болған Ташкентті Дулаттардың тастай қашуы осындай  алауыздықтың салдары еді.

 

Дереккөз: Ел аузынан.

Мақала авторы: Сұраш Ұзақбай Арапбайұлы

Поштасы  24122019n@gmail.com

Мырзасейіт
Tagged on: