Қайшылының Жаңбыр атасы

Жаңбыр бабадан тараған ұрпақтар 1723 жылғы \”Ақтабан шұбырынды\” жылдардан кейін Шу өзені бойынан Үсіктас жеріне қоныс аударған. Бұл жерден Төрткүл жері арқылы 1805-1810 жылдары Қазығұрт ауданы, \”Күйік\” совхозының \”Еңбекші\” бөлімшесіндегі Ащықұдық, Ақсай жерін қоныстанған. 1928-1935 жылдар аралығында Рабат жеріне қоныстанған 1931 жылы \”Еңбекші\” ұжымдық шаруашылығын құрған. Колхоздың алғашқы бастығы болып Әліұлы Әжібек сайланған. 1949 жылға дейін Есіркеп, Сатымбек, Нұрашбек, Жүнісбек, Мәділер колхозды басқарған. Бұл ауыл 1949-1950 жылдары Жетісайға көшірілді. Олар ол өңірді жерсінбей біртіндеп келіп Қарабастау, Еңбекші, Алтынтөбе, Сарыағаштағы Қабыланбек, Атбұлақ жерлеріне қоныс тепті. Қалған біраз бөлігі Жетісайдың Абай атындағы ауылында отыр. Еңбекшінің етек жағында Жаңбыр бабадан тарағандардың ескі қорымы бар.

Осы атадан өрбіген Дәулет 1830 жылы туылып 1914 жылы өмірден өтеді. Ол кісі өз ауылының белді, сөзі дуалы адамы атанған. Өз туыстарының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған. Бұл кісінің басшылығымен Ащықұдыққа мешіт салдырған. Қышын Ташкеннен тасытқан. Бұл мешітті басқаруға Ташкенттен адам алдырған, ол кісіні Жаңбыр баба ұрпақтары пір тұтқан. Сол пір Ишанның баласы Кеңес мемлекеті кезінде \”Правда востока\” газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Дәулетұлы Төлтебай қазақта үштің бірі дастарханшыл болған. Дәулетұлы Керім өз заманының алдын болжайтын, жоқ-жұтаңға қамқоршы адамы екендігін таныта білген. Сондықтан ел оны құрмет- теп, Керім байбатша деп атаған.

Қызыл тілдің шешені, халық дәстүрін өте жақсы білген Керім мырза жас кезінен жоғары лауазымды кісілердің арасында сыйлы болған. 1931 жылы түрмеде жатқан Жаңабай руынан шыққан Құрақ болысқа тамақ апарып қол жалғасқанда, Құрақ болыстың оған өлеңмен жазған мындай хаты айғақ боларлықтай:

Керімжан білімдінің парқы басқа,

Түспесін сасқан ісің жарамасқа.

Шоғыңа шоқ қосылып, жоғыңа жоқ,

Мөлдіреп екі көзің толар жасқа.

Қымбатты сен теңіңнен тудың асып,

Жаманға дәйіс мінез болар машық.

Бір жасқа іліндім деп, қайттым сол күн,

Көрген соң дидарыңды болып нәсіп.

Керім байбатша Әлімбаймен ерекше сыйлас болған. Ел арасыңдағы дау-дамайды да бірлесіп шешкен.

Сол кезде Қайшылыларға сыбайлас отырған елдің екі жігіті ашуға бой алдырып бірін-бірі пышақтап өлтірген. Олардың өз елінде де биі бар, сөз ұстар адамдары болған, бірақ өз елінің мұндай дуалы ауыз адамдарының сөзіне екі жағы да тоқтам жасамаған. Аяғы үлкен дауға айналатын болғандықтан бұл іске қалыстан Керім мен Әлімбай араласып, дауды бейбіт жолмен шешіп тұрып, Керім өз сөзін мына батамен аяқтапты: \”Е Құдайым аққа бастыр, қарадан сақта. Біткен істі жетесіз туған құл бұзар, некесіз туған ұл бұзар. Құдай даудан сақтасын, кезеніп тұрған жаудан сақтасын\” — деген батадан кейін екі жағы да бейбіт тіршілікке бағыт алыпты.

Жаңбыр
Tagged on: