ҚАРАШ СҮГІР БАТЫР

Әруақ, ата-баба сыйлаған халқымыз \”Жеті атасын білмеген жетесіз\’\’ деп бекер айтпаған. Бұл әрине, жұрттан оқшаулану үшін емес, тегіңді білу үшін, олардың өмір сүрген заманын, сол заманның ауанын, адамын, олардың қылған іс-әрекетін білу үшін керек. Оларды біле отырып, қателігінен сақтанып, дұрысынан үйрену, үлгі алу үшін керек.

Ата – бабаларымыз өмір сүрген көне заманға, олардың өмірлеріне үңілгенде халқымыздың талайлы тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениеті андағайлап алдымыздан шыққандай болады.

Көп күндері жаугершілік, жорықпен өткен ата-бабаларымыздың ерлігі мен қайратына, елі мен жері үшін бастарын өлімге тіккен батырлығына қайран қалумен келемін.

Меніңде жасым жетпістен асты. Көне көз шежіре шалдардан естіп, жадымызда жәдігердей сақтап жүрген кейбір әңгімелерді жеткіншек ұрпаққа жазып қалдырсам деген оймен қолыма қалам алдым.

Автор

Қараш Сүгір батыр Сәңкібай ұлы 1780 жылдары туылған. Көп жорықтарға қатысқан, ерлік істерімен даңқы шыққан. Құнанорыс Шабай батырмен, ЖарыСүйінқара батырмен үзеңгілес болған тарихи тұлға.

Бұрынғы шежіре шалдардың айтуы бойынша 95 жасап дүниеден өткен. Сисем ата қорымына жерленген.

Ертеректе жоғарғы адайлар атанған, Қараш, Шегем, Бегей, Балықшы, Қырықмылтық деген рулар Ақтөбеде Жем, Сағыз бойларын жаз жайлап, Желтау, Қаратүлей, Маңғыстау өңірлерін қыс қыстап өмір кешкен.

Қараш Сүгір батырдың тегін тікелей таратқанда былайша түзеледі: Қараш – Елтүзер – Елібақ – Жәнібек – Үркімбай – Сәңкібай – Сүгір.

Міне осы Сүгір атамыз Қараштың батыр Сүгірі атанған адам Үркімбайдың баласы Сәнкібай өз ауылын, елін жаудан қорғайтын батырлардың басшысы болған. Талай жорықтарға қатысқан батыр атағы шыққан, бірақ қай кезде, кімдерменен соғысты деген деректер бізде жоқ.

Иә, сонымен Сәңкібай үш ұлдың кішісі Сүгірдің дене бітісіне, мінезіне, жүріс-тұрысына қарап, «ата балаға сыншы» деген емес пе, осы балам батыр болар деп, оны жас кезінен ұрыс өнеріне баулиды. Жаугершілік заман болған соң әр ауылдың үйлерін, малдарын қорғайтын жас жігіттерден құрылған жасақ топтары болады. Олар үнемі белгілі бір уақытта машықтанып, ұрыс-соғыс өнерін үйренумен болады.

Көп жағдайда осы машықтануды Сәңкібай және жаугершілік ұрыс пен барымтаны көрген батырлар жүргізіп отырады. Сонда үлкен кісілердің айтуы бойынша жекпе- жекке шығу және онда жеңіске жету үшін тактикалық ұрысқа жіті назар аударған. Найзаласатын қарсыласы сірә сауытсыз болмайды, сауытты адамдарды найзамен түйреу оңай емес. Соның үшін келе жатқан найзаны қағып жіберіп, найзаңды ауыздан салып үлгеру керек.

Міне осындай жаттығуларға Сүгірді 17-жасқа толар толмас кезінен үйретеді. Атпен шауып келе жатып садақпен атып нысанаға дәл тигізу, жерде жатқан нысанаға найзаны дәл шаншу, тағы сондай машықтанулар жүргізеді.

Сәңкібай батыр өзінің екі қызын ұзатқанда Сүгір батырға арнап бір құдасының «ақтабан айғыр» деген атын таңдап алып береді. Ақтабан айғыр қасиетті, жүйрік ат болған. Ол судан шыққан суынның баласы екен деп отырушы еді шалдар. Соныменен Сүгір батыр ержетіп 25-жасқа келгенше, талай ұрыстарға қатысып үлгереді. Қараштар, әсіресе Сәңкібай ауылы көп уақыттарда жары Сүйінқара батырдың ауылымен көрші, қоныстас тығыз байланыста болған. Сүйінқара Сүгір батырды жиен дейді екен. Соған қарағанда Үркімбайдың әйелі осы жары жетімек ауылынан болса керек.

Түрікмен мен адайлардың ақсақалдары жаугершілікті қойып, тату көршілік келісімге келмекші болады.

Сонда түрікмен жағынан бірнеше беделді адамдары, молда ишандары және қазақ жағынан белгілі батырлары, билері жиналып Сүйінқараның үйінің төңірегінде бітімге келіп, енді бір-біріміздің елімізді шауып алу тыйылсын, сауда жүргізетін керуен қатынасын орнатайық, керуен тонау болмасын деп ант беріскен деседі. Осы ант беріскеннен соң біраз уақыт елдің іші тынышталып, жаугершілік азайғанға ұқсайды.

Сонан бір кездерде Хиуа хандығы керуен жасақтап оны Сүйінқара батырдың аулына жібереді. Керуеннің жіберілу мақсаты осы барлық адай елі секілді батырды өз жағына тартуды көздеген саясат болуы керек. Сол керуен таланады, адамдары еліне қайтарылады. Хиуа ханының сөзі жерде қалады. Осы уақиғадан соң Сүйінқара Хиуа хандығы қарап жатпасын біліп, ата қонысы Бозашыдағы үй сандарын көбейтіп, Хиуа жақтан келер жолға бірнеше ауылды қондырып қояды. Түрікмендер де жорыққа дайындалады, ақшалай, қаржылай көмек Хиуа хандығынан беріледі, бірақ жорықтың болатынын жан адам білмеуі керек. Жорыққа шығатын мың аттылы мылтықпен, садақпен қаруланады, тек түнде жүріп.күндіз жатуы керек. Бозашыға барған жерде Сүйінқара ауылының үстінен дөп түсу үшін қазақтардан жол сілтейтін адам алуды көздейді.Сонымен мың қаралды мұздай қаруланған ауыр қол Бозашыға жақындайды. Түрікмендер Бозашыға келген жерден түн ортасында бір екі ауылды шауып, үйлеріндегі дүниелерді тонап ауылдың екі ақсақалын алдарына салып, Сүйінқараның үйін тауып бер, деп алып жүреді. Ол екі адай тап қазір апарса Сүйінқара ауылы тәтті ұйқы құшағында жатады, қалай болса да жауды аз да болса іркуді ойлап, бір үлкен төбені екінші рет айналғанда түрікпендердің бір қоржыны түсіп қалған болады. Оны көрген түрікменнің басшысы жол көрсетіп жүрген адамның өздерін алдап жүргенін біліп, оның басын қылышпен шауып түсіреді. Сөйтіп жүргенде таң да атады. Сүйінқара ауылы келе жатқан қауіпті сезбестен, ұйқы құшағында жатады. Тұтқиылдан келген көп дұшпан бейқам жатқан елге тарпа бас салады, Сүйінқараның жүйрік аты дайын тұрады екен, бірнеше жолдастарымен жау көзіне түспестен, қамыс арасына сіңіп кетеді. Сүйінқара батыр үшін мынау күтпеген жағдай еді. Үй-ішіңді, бала-шағаңды, мал-мүлкіңді дұшпан иемденді деген батыр үшін ең ауырдың да ауыры екені белгілі.Бірақ амал бар ма, жау айласын асырды. Енді қалай да болса адайлар өш алуы керек. Оның үшін Отпан тауға от жағып, алыстағы ағайындарға белгі беру керек. Жақын жердегі адайларға, көрші отырған кіші жүз руларына шабарман жіберу керек.

Міне осы шаруаларды реттеп Бозашы төңірегінен жиналған жігіттер белгіленген жерге қарай аяңдайды. Бұл азғана қаруланған жігіттермен жауға тиісу, ол көзсіз батырлық болар еді. Көптің аты-көп емес пе жау жағы бір адамға үш -төрт адамнан. Сол кезде жоғарғы адай арасындагы тобыш ағайындардан Сүгір батыр бастаған 40 жауынгер келіп қосылады. Бұлар Маңғыстауды жайлаған бес әлмембет деген тобыш руының көп бөлігін құрайтын, табынай, зорбай, шоңай, т.б. ауылдарынан бөлек қоныстанған қараш, шегем, бегей ауылының жауынгерлері болатын. Батырлар негізгі қолға келіп қосылып жатты, бірақ барлық қол 500 адам төңірегінде болады. Батырлардың қарап жатуға тағаттары жетпейді. Жау болса мыңғырған малды, жесірлерді айдап ұзап барады. Жау қарасы көрінгенде, бұлар аттың жүрісін баяулатты. Осы топтың ішінде адайдың ақыны Абыл да бар екен. Енді жауға ат қоюға дұшпан екі еседей көп болған соң, соңынан келіп жатқан батырларды тосады. Бірақ жүрісін тоқтатпай, жау ізінен жүріп отырады. Келіп қосылып жатқан қазақ батырларын түрікмендер де көріп келеді. Бұлай көпке соза берсе қазақтардың күші басым болып кетуінен қорқып, дұшпандар жесірлерді, малдарды алға айдатып жібері өздері шеп құрып тұра қалады. Ара дауыс жетер жерге келгенде қазақтар да шеп құрып тұрады.

Сонда түрікмен жағы ұрысты тез бастау үшін ішінен бір батырды ат ойнатып, ортаға шығарады.

– Жекпе-жек қазақ, жекпе-жек, – деп айқай салады. Сонда Абыл ақын қазақ батырларын қайрап, рухын көтеріп сөз арнайды.

Жігіттер жаудан өлсең арманың жоқ,
Үйде де өліп жатыр қағындыдан, – деген жыр жолдары жадымда қалыпты.

Қараш Сүгір батыр сол кезде 35 жасында екен. Астында атақты ақтабан айғыры бар, ақсақалдардың батасын алып, жекпе-жекке ат ойнатып шыға келеді. Түрікмен батыры найзасын ыңғайлап Сүгірге қарай шауып береді, Сүгір де найзасын дайындап, дұшпанға қарсы шабады. Сүгір найзасын қысқа ұстап, келе жатқан дұшпанның найзасын қағып үлгеріп, өз найзасын дұшпанның ұртына түйреп, аттан аударып кетеді.

Түрікмендер Сүгірді жойып жіберуге топталып шабуыл жасайды, Сүгірдің бірге келген жолдастары қарсы шабуылға шығып, екі жақ араласып, қиян-кескі ұрыс басталып кетеді.

Жау өзінің сан жағынан басымдығын пайдаланып, бесін ауа бел ала бастайды, түрікмендерден де қазақтардан да адам көп өледі. Ол туралы Абылдың жырларында былайша айтылған.

Айтайын айт десеңдер батыр мақтап,
Келеді қараш Сүгір жауды таптап.
Кешегі жекпе-жекте жауды шаншып,
Басынан қас жауының кетті-ау аттап.
Сол кезде түрікмен жағы алха-ал деп,
Сүгірден кек алуға берді қаптап.

Мүмкін осы сынды өлең жолдары Абыл ақынның толық жинақтарында бар да шығар. Ал Сұлтан Балхаев жинаған шежіресінде осы Сүйінқара ұрысы жайлы Абыл өлеңдерін берген. («Жаңаөзен» газеті 12 желтоқсан 2000ж.) Бірақ менің келтірген өлең жолдарым жоқ. Бірақ Абыл өлеңдерінде:

Өмірге кімдер келіп кім кетпеген,
Тигенде ажал оғы кім өтпеген.
Тобыштан өпген де бар, қалған да бар,
Аллалап қараш Сүгір тиді-ау шеттен.
Квп өлді ажалды ақпан-табынайдан,
Дос өлді Тағанүлы квп зор-байдан.
Кешегі шалқып жүрген бұл адайдың,
Күн болды жопы болмай, бағы тайган, – делінеді

Барлық заттың емшісі уақыт дейді ғой. Екі ел де сол бұрынғы қалпынша өмір сүріп жатты. Қараш Сүгір батырмен найзаласқан шәудірдің батыры Төрехалау Қылыш деген екен. Ол аузынан жараланып, бірақ өлмей қалады. Оны ұрыс майданынан шығарып, еліне алып кетеді.

Бұл ұрыс туралы қараш Ыбырайым ахун өзінің «Алтынды орда қонған жер» деген кітабында:

Талай жауды күйреткен –
Сүгір батыр бір жолы,
Жекпе-жекте түйреген,
Атына салып сүйреген,
Белгілі ері түрікпеннің –
Төрөхалау Қылышты,- дейді. (163-бет.)

Сонымен тыныштықпен 2-3 жыл өтеді. Сүгір батырдың ауылы Желтауда қоныстанып, күз айларында Бесқалаға шығып, дән-дақыл алуға Көне Үргенішке аттанады. Қала шығып барған қазақтар көп болады. Бір күні оншақты мұздай қаруланған түрікмендер базар аралап жар салады.

– Ау, базарда қараш Сүгір батыр бар ма? Базарға келген болсаң хабарлас, -дейді. Сол кезде қараш Сүгір батыр да базарға келген екен. Ол бұл хабарды естіп, не де болса тәуекел, деп – «мен бармын», деп аттылардың алдынан шығады.

Аттылардың біреуі Сүгірмен жекпе-жекке шыққан Терехалау Қылыш деген түрікпен екен. Ол: – Сен Сүгір батыр емессің, ол маған қарсы шапқанында үстіме тау құлап келе жатқандай болып еді. Сен ол адамнан аласасың, -депті. Сонда Сүгір:

-Тау болып көрінген менің аруағым шығар, – деп болған жағдайларды баяндап береді. Соныменен «Ер қадірін ер білер» деген емес пе, «мені өлтірмей кеткеніңе разымын, екеуміз дос болайық, бала – шағамыз қатынасатын болсын» деп Төрехалау Қылыш Сүгір батырды ауылына апарып, құрметтеп, сыйлап, жолға шығарып салады.

Қараш Сүгір батыр елдің елдігін сақтау, барымта, жер дауы, жесір дауларын шешу үшін көп жұмыстанған. 1835-ші жылдары Сүгір батыр жолы түсіп, құнанорыс Шабай батырдың үйіне барады. Барса Шабай батырдың әйелі ұл тауып, той болғалы жатыр екен. Шабай Сүгір батырды қуана қарсы алып, «сен қонаққа келген күні ұлды болып отырмыз, егер рұқсат етсең, осы балама сенің атыңды беріп, Сүгір, – деп атағалы отырмын дейді. Қараш Сүгір батыр оған разы болып, батасын береді. Құнанорыс Шабай батырдың баласы Сүгір де жау қайтарған батыр болады.

Қараш Сүгір 95 жасқа толғанда ауырып, ауыл адамдарын, өзінің бес баласын шақырып, өсиет сөздерін айтады:

– Біз ауызбіршілікте, тату-тәтті емір сүру ұшін көп жұмыстар атқардық. Балаларым, барлығыңыз да бір-бір үй болдыңыз, осы ауызбіршілікті сақтаңыздар. Мына Бақатай ауылымен бірге көшіп-қонып жүріңдер. Анау түрікпен Төрехалаумен дос болып, қатынасып жүріңіз. Жары, шырағым, осы шаруаны саған тапсырамын, – дейді Сүгір батыр өзінің 4-ші баласы Жарыға. Жарыдан тараған ұрпақтары Азақұл, Қазанқұл, Көшербай, Қаржау дегендер қазір Теңге кентінде тұрады.

Қараш Сүгір батырды Сисем атаға жерлеуге ел болып, қара нарға жүктеп, сонау Желтаудан алып жүреді. Қыстың күні, қатты суықта олар Сисем атаға жақындайды. Сол кезде қара нар бір төбенін үстіне шөге кетеді. Бұйырған топырағы осы жер болған шығар деп қараш Сүгір батырды сол жерге жерлейді. Ұрпақтары тастан кереге там салып, басына найзасын шаншып, сауытын да басына қойған екен, деуші еді шежіре шалдар.

Кешегі алмағайып заманда, 1930-шы жылдарда қараш Сүгір батырдың ұрпақтары жүздеген отбасы Түрікменстанның Ташауыз облысы Жыланды ауданының Қызыл тақыр деген жеріне көшіп барады. Ол жерде бұрыннан отырған қазақтар көп болады. Сүгірдің шөбересі Шайкен молда белгілі емші, сәуегей болады. Сол жердегі түрікмендер бұл барған қазақтарды молданың ауылы деп, өз қоргандарының ішіне кіргізіп алады.

Сол кешіп барып қоныстанып жатқан аласапыран күндерде, баяғы Қараш Сүгір батырдың досы Төрехалау Қылыштың ұрпақтары да сұрай-сұрай Сүгір ұрпақтарын тауып, Есболсынға ағаш үй тігіп береді және екі қап астық әкеледі.

Қазір Құбашдағда Терехалау Қылыштың ұрпақтары бар.

Қараш Сүгір батырдың 5 қызы болған деседі. Қыздары шетінен қайратты, ерен күш иесі болады.

Есенов университеті сайтынан алынды

Сүгңр
Tagged on: