Албан — қазақ халқын құраған ежелгі ірі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамына енеді. Албан атауы көне жазба тарихи деректерден белгілі. 5-6 ғасырларда Албандар Жетісу өңіріндегі Үрбі қауымдастығында чубань тайпасы аталып дулу одағында болған. Қытай деректері бойынша чубань тайпасы 7 ғасырда Тянь-Шань мен Алтайдың арасын мекендеген. Н.Аристов “чубань” дегеніміз Дулаттарға туыс Албан және Суан тайпалары деген пікір білдіреді. Бұлардың бәріне ортақ таңбасы — дөңгелек. Албан, Суан екеуінің атауы да көне түріктік “алп” (“алып”), “суб” (“су”) сөздеріне “ел”, “мекен” мағынасын білдіретін “ан” сөзін қосу арқылы жасалған сыңайлы, яғни “албан” — “Алып тау елі”, “Аспантау елі”, “суан” — “Су елі”. Осыған қарағанда Албан, Cуан, Дулат ежелден іргесі бөлінбеген туыстас тайпалар болса керек. Мұны қазақ шежірелері де дәлелдейді. Бұл үш тайпа 5-ғасырдан бүгінге дейін Жетісуды мекен етіп келеді.

Орыс ғалымдары еңбектерінде Албан — Атбан, Адман, Адбан, Абдан түрінде кездеседі. 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында Албан тайпасының рулары Жаркент, Верный уезін мекендеген. Верный уезінің оңтүстік-шығысында Албан тайпасының Қызылбөрік және Сегізсары ру бірлестіктері қоныстанған. Сегізсары руының көпшілігі Іле өзенің сол жағасында Алабайтал, Сарыбұлақ, Сауысқан, Сарымсақты деген қыстауларды қоныс етіп, ал жаз айларында Асы, Қарқара жайлауларын жайлаған. Олардың қоныс еткен жерлерінің оңтүстігінде Қызылбөрік руы көршілес отырған. Қыстаулары — Шелек өзенінің жоғарғы ағысы, Далашық, Биесыймас, Айдасу, Жая, Қызылмойнақ, Қараарша, Қондық, Сарыбұлақ, Қызылауыз, Бақалыда болған. Жаркент уезін Албанның Қоңырбөрік және Айт, Бозым рулары мекен еткен. Қыстаулары Алтынемел жотасының оңтүстік бөктерінде, Тізгін, Шылбыр, Ұшбұлақ деген кішігірім өзендердің бойында, Іле өзенінің сол жақ жағалауының Қаратөбе, Қызылжиде, Үшқоңыр, Қоянды, Айдарлы деген жерлерде орналасқан. Кеген және Мерке өзендерінің өңірін Әлжан, Айт, Бозым, Хантәңірі аспантауы мен Текес өзені жағалауын Албан руының атақты сәуегей шешен биі, Шоған абыз ұрпақтары мекен етеді.

Албан
Tagged on: