Қазақстанның құрметті сәулетшісі»
Оңғалбаев Ғали Әбуғали-Сина ұлы (Синақұл)
Егемендігіміздің, елдігіміздің тұғырын биіктетуге, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді баянды етуге бар қабілет, таланты мен ерен еңбегін жұмсаған атпал азаматтардың көш басында келе жатқан Оңғалбаев Ғали Әбуғали-Синаұлының есімі бүкіл Маңғыстаулықтарға белгілі. Ол өлкеміздің тарихи тұлғасы Адайдың текті тұқымы атанған атақты Ораз Оңғалбаевтардың ұрпағы. Ғали да өз заманының алғыр, озық ойлы, парасат иесі.
Ғали 1947 жылы 22 ақпанда қазіргі Форт-Шевченко қаласының Баутин кентінде дүниеге келген. Оның бес жасында әкесі қайтыс болып, бірқатар қиындықтың да қамытын киіп өсті. Анасының тәрбиесінде есейіп өсті. Ол орта мектепті үздік бітіргеннен кейін, отбасы жағдайына байланысты одан әрі оқи алмай, 1965 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» барлау кешенді экспедициясына қарасты автотранспорт мекемесінде слесарьдың көмекшісі болып еңбек жолын бастады. 1968-71 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін жеті жыл бойы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясында суретші, бұрғышының көмекшісі болып еңбек етті. 1978 жылы арнайы жолдамамен Қазақ политехникалық институтының архитектура факультетіне түсіп, 1983 жылы бұрынғы өзі еңбек еткен экспедицияға келеді. Мұнда ол құрылыс учаскесінде шебер / «мастер» /, аға шебер, экспедицияда «ОКС-те инженер, құрылыс-монтаж учаскесінің бастығы, кешенді экспедиция бастығының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ал 1989-1992 жылдары кешенді экспедициясының мұнара монтаждау мекемесінің жұмысын жедел қарқынмен дамыту, жаңалықтарға жасыл көше ашу мақсатында Ғалиға жоғары сенім көрсетіліп, бас инженер қызметіне жоғарылатылды. Ғали бұл сенімді іс жүзінде ақтады да.
1992 жылы Ералиев /қазіргі «Қарағия»/ ауданы әкімдігіне өндіріс, көлік, құрылыс жөніндегі бас маман қызметіне тағайындалды. Көп ұзамай аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметіне басшылыққа кетеді. Дегенмен бұл жылдар ел ішіндегі қиын кезеңдер еді. Елде жекешелендіру басталды, «нарық өткелі» пайда болып, экономикалық және әлеуметтік хал-ахуал күрделене түсті. Еліміз тәуелсіздік алғанмен, өзгеге тәуелділік құрығынан біржолата құтыла алмай жатты. Ірі кәсіпорындар да шаңырағы шайқалақтап, жұмыс ырғағы бұзыла бастады. Мәселен өлкеміздегі алып кәсіпорын Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында да жағдай төмендеді.
1994 жылы облыс басшылары Л.Қиынов, Н.Марабаев және «Маңғыстаумұнайгаз» басшыларымен бірлесе отырып, Жетібай кен орнының тиісінше игерілуі алаңдатарлық дәрежеде болғандықтан, бұл үшін тың ізденістер қажеттігі туындады. Осы орайда шетелдік мұнай компанияларының іс-тәжірибесін, жетістіктерін, олардағы жаңа технологиялар мен техника, автоматтандыру, компьютерлендіру жүйелерін бізде де қолдану жәйларын сараптау, пайдалану күн тәртібінде тұрды.
Жаңа технологиялардың ішінде мұнай өндіруді арттыруға және бұрандалы сарап қондырғыларының тиімділігін, олардың жөндеу материалдық, энергетикалық шығындарының аздығы Маңғыстау мұнайшыларын әрине қызықтырды. Сөйтіп «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының бас геологы Амангелді Тастырағаев, инженер-мұнайшылар Сағидолла Бижанов, Мәрлен Баймұратов және облыстық экология бөлімінің бастығы Ықылас Ноғаев, Ералиев ауданынан осы делегацияны басқарып Ғали Оңғалбаевтар Канадаға бір ай көлемінде іссапарға барды. Облыс басшыларының тапсырмасы оңды нәтижелермен орындалып аяқталды. Делегация Канаданың Калгари, Ванкувер қалаларында болып, жаңа технологиялардың ішінде мұнай өндіруді арттыруға арналған мұнай өнімдерінің көрмелерін және бұрандалы сарап қондырғыларын көзбен көруге мүмкіндік туды. Ақырында Жетібай кен орын шетелдік мұнай компанияларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың бас іс-тәжірибелерін пайданалып, жаңа технологиялардың қыр-сырларымен іскерлік жағдайда пікір алысып, екі жақты шарт жасақталды.
Облыс басшыларының ұйғарымы бойынша Ғали 1994 жылы Маңғыстау облыстық құрылыс, тұрғын үй сәулет және территориялық қоныстандыру басқармасының бастығына тағайындалды. Бұдан соң да көп ұзамай осы басқарманың құрылыс департаментінің директоры /облыстың бас сәулетшісі/ лауазымында жауапты қызмет атқарды. Ал 2003-2007 жылдары «ОАО» «Қаражанбасмұнайгаз»-тұрғын үй массиві құрылысын жобалаудың кеңесшісі қызметін атқарды. Бұдан соң Ғали Қарағия ауданының орталығы Құрық селосы әкімінің орынбасары дауазымында, Қарағия аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды.
2010 жылдан бастап құрметті еңбек демалысына шықты. Ғалидың жұбайы Айсәуле Даукескенова Шымкент химия-технология институтының түлегі, мамандығы «химик-технолог». Көп жылдар бойы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясының лаборатория бастығы қызметін атқарды. Қазіргі кезде жеке кәсіпкер. Ұл-қыздары заман талабына сай алғы сапта еңбек етуде.
Ғали сонымен бірге өміршең өнер иесі, шебер күйші. Мәселен сонау бір жылдары Бүкілодақтық өнер фестиваліне қатысып, Шымкент, Маңғыстау және Атырау облыстарының біріккен оркестрінің құрамында Будапешт қаласына дейін барып қайтты. Оркестр сол фестивальда бірінші орынды иеленді. Ғалидың ел алдындағы елеулі еңбегі айырықша бағаланып, Қазақстан Республикасының Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігі «Қазақстанның құрметті сәулетшісі» құрмет белгісімен марапатталды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», Маңғыстаумұнайгаз барлау тресі «Маңғыстаугеология» акционерлік қоғамына 50 жыл толу құрметіне орай төс белгілерімен және ескерткіш белгісімен де марапатқа ие болды. Ал жоғарғы органдардың мақтау, Құрмет грамоталары бір төбе.
Бұл күндері Ғали Оңғалбаев облыс, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, жас ұрпақтардың тәлімгері, көпті көрген көсем ойлы ел ақсақалдарының бірі.