Адайдың үш Назарының ішінде «Қыдыр көріп, бақ дарыған Назар» атанып, Мұңалдың ішінде Жарының атағын шығарған, сегіз арыс Адайға үлгі берген Назар-Жарының сегіз баласының кенжесі.

Назардың байлығы да, батырлығы да, билігі де, елді тамсандырған адамгершілігі мен абыройыда исі қазақтың өз тұсындағы өкілдері арасында әбден танымал болған , жоңғарлармен болған шайқастардың бел ортасынан табылған, тарихта аты қалған Адай батырларының бірі. Назардың екінші әйелі Әлімнің Кете руының қызы Ертуғаннан туған үлкен баласы Шотан батыр Жоңғар шапқыншылығында қалмақтарға қарсы қол бастаған, тарихшы Әбдікәрім Хасеновтың «Үш ғасыр иінінде» атты көлемді еңбегіде Адайдан болған төрт батырдың бірі, Адайларды Сауран айналғанда Маңғыстауға бастап келген Есенғұлдың Есегі, Айтқұлұлы Атағозы батырлармен аты қатар аталып, тарихта қалған халқының мақтаны.

Әртүрлі шежірелерді тауып танысып, үлкендердің әңгімелерін іздестірген, жинақтай, бір-бірімен салыстыра жүріп аталарымыз жөніндегі ойға түйгендерімізбен олардың ұрпақтарының таралуы туралы қолымызға түскен деректерімізді Назар атамыздан таралатын ұрпақтарына кеңінен таныстырып, ой болісу кезегіде келген сияқты.

Ата-баба туралы шежірелерге қалам тартып жүрген журналист Тәжіназар Шадықұловтың бір мақаласында Жарыұлы Назар атамыздан алты бала болған деп жазылған еді. Шындығында да, «Төрт Назар» атанғанымен, Назар атамыздың 3 үш әйелінен 7 жеті бала; бәйбішесінен Тәжі / үйленбей өлген / мен Тастемір, екінші әйелі Ертуған шешемізден Шотан, Майлан, Құдайберген, үшінші әйелінен / әуелдегі күңі екен делінеді / Жылгелді, Рысгелді туылғаны айқындалып отыр. «Айқындалып отыр» дейтін себебіміз—ата-баба туралы әңгімелер айтылмай, қазіргі ұрпақтар үшін жабық тақырып болғанмен, бұрынғы әкелерінен, үлкендерден құлақтары ести қалған қарттарымыздың бізге аңғартары осылай. Қарақалпақстанның Хожелі қаласында тұратын шежіреші Өмірзақ Қалбаевтың «Адай шежіресінде» мынадай жолдар бар; «Назардан: Тастемір, Шотан, Майлан, Құдайберген, Жангелді, Рыскелді болып, бұлардың әрқайсысы кішірек ру болыпта аталады. Назардың Жангелдісі мен Рыскелдісінен мәлімет болмады. «Бұндағы Жангелдінің жаңылыс естуден жазылған, шындығында Жылгелді екендігіне күмән туғызудың реті бола қоймас. Жылгелді мен Рыскелдінің Назардан туылғанымен, «Төрт Назарға» неліктен кірмгенін төменде айтамыз.

Назар атамыздың тірі уақытында, бір үлкен жиында Тастемірдің өзі бір ат, ағалары Шотан, Майлан, Құдайбергендер бір ат жаратып, аламан бәйгіге қосыпты. Бәйгі аттар мәреге жақындап, көз көрінім жерге келгенде Тастемір қосқан ат аттардың  ең алдында, оған жалғас ағалары қосқан ат келе жатса керек. Бір уақытта Тастемір ағаларының өздері қосқан атты шылбырынан тартып, артынан қуып мәреден бірінші өткізіп жібергенін көреді, өз аты екінші болып келеді. Бұл Тастемірдің атасы Назардан еншісін алған кезі екен, бірақ Тастемір соған дейін тумаластарының қай шешеден туылғанына аса мән бере қоймай, әкесі Назар әр жерде «Нешеусің?»– деп сұраса «Төртеуміз ғой» дейді екен. Ағаларының мына қылығын неге жорырын білмей ойланып тұрса, сол жерде әкесінің  өзіне енші берердегі бір қылығы да есіне түседі. Әкесіне келіп: «Сізде екі сұрағым бар еді, соған жауап бересізбе?»— деп сұрапты. Назар: «Білсем жауап берейін, сұра»– десе, Тастемір: «Мен шешемнен нешеумін және маған енші бергенде суатта тұрған жылқыларды жылқышыға «ортасынан қақ бөл» дедіңіз. Жылқышы жылқыны бөлгенде ішегіңізді тартып ыңғайсыздандыңыз. Ол жерде себебін сұрамап едім, осылардың сыры неде?»– деп сұрайды. Әкесі іле жауап бере қоймапты, Тастемір әлгі сұрағын тағыда екі рет қайталағанда барып: «Сен қазір шешеңнен жалғызсың, аналар Ертуғаннан үшеу. Кеше атың озып келе жатқанда үшеуі өз аттарын өлердей тартты, содан білмедіңбе? «Екі әйелдің баласы екі рулы ел» деген әуелден қалған сөз бар, бұның мәнісі осы. Ал, саған енші берерде ыңғайсызданғаным—жылқыны ортасынан «қақ бөл» дегенімде арғы атамыз Мұңалдан келе жатқан малымыздың құты көкала айғырдың үйірі сол қанатта еді, жылқышы мініп барып жылқыны ортасынан бөлгенше бір тайы да қалмастан 65 жылқы айғырға еріп оң қанатта – саған еншіге берілетін жылқыға қосылып араласып кетті. Мен білсем: мендегі малмен бас, атақ пен бақ бәріде ендігі жерде саған ауды. Сенен тараған ұрпақ өздерін «Назармыз» деп атамай «Тастемірміз» деп атар. Менің атым бірде айтылар,

бірде айтылмас, тек ұрпақтар аузында Қыдыр көргендігім айтылып қалар. Алла «әумин» десін, балам»– деп батасын беріпті және «Бүгіннен бастап сенде үшеу бол Жылгелдіні аға, Рыскелдіні іні қыл»– деп, олардың өз ұрпағы екендігін білдіріпті дейді. Айтушылар Жылгелді мен Рыскелді Назардың күңінен туған балалары еді, бірақ әкесі Тастемірге еншілес етіп бергендіктен, олардан тараған ұрпақтар өздерін «Тастемірміз» деп кеткен дейді.

Назардың көптігі, малы мен басы қаулап өскендігі туралы мынадайда деректер бар. Жарының екінші әйелінен туған Тоқтамыс, Бектеміс, Базар, Назарлардың ұрпақтарының саны туралы 1906 жылы Ашғабадтан шыққан мәліметте Назар 800 үйлі жан болған, ал Жарының алдыңғы үш баласының ұрпақтарының бәрін қосқанда 600—дей үй болып, Назарға жетпеген, сол кезде ел аузында «Сегіз жүз үйлі Назар бар, былайғысы әзер бар» дейтін қанатты сөз тараған. Біз өз әңгімемізде Назардың Тастемірінен тарайтын ұрпақтары  туралы айтпақпыз.

Тастемір 4 әйел алған кісі екен. Жақында «Жаңа өмір» газетінің бетінде зейнеткер ағамыз Қосынбай Қаржаубайұлы  Тастемірдің 18 баласы болған депті, бірақ аттары түгелдей аталмаған. Біз шамамыз келгенше соларды атап көрсетіп, әрқайсысының ұрпақтарына тоқталып, таратпақпыз.

Тастемірдің бәйбішесі Құмар шешеміз Алаша руының белгілі кісісінің қызы екен, негізінде Назардың Тәжісіне айттырылған қалыңдық екен дейді. Тәжі оқыстан қаза болып, Тастемірге атастырылыпты. Ата—баба дәстүрі бойынша «жеңге алғаны» есепті. Құмар шешемізден алты ер бала болған: Сейт, Сейтімбет, Таңырық, Балта, Қылыш, Ағеділ. Тастемір атамыздың екінші әйелі Өлке шешемізден / кей үлкендер оның аты Тортай еді депте айтады / Мағамбетберді, Қаделі, Таған туылған. Үшінші әйелі алдыңғы екі әйелінің  /Құмар мен Өлкенің/ біреуінен еріп келген күңі—қалмақ қызы екен, Тастемірдің ауылына келгенде әлі бойжете қоймаған, өзі бір қара тайға мініп келіпті. Тастемір атамыз оны күң деп қарамай, бойжеткесін атын «Кенжебике» деп  қойдырып, өзі некелесіп алыпты. Кенжебике шешемізден 4 ер бала туылған: Өтеп, Өтеміс, ЖоламанҚалдымерген. Бұл шешемізге кезінде күндестері кемітіп «Қаратай тоқал» деген атақ таңыпты, осы «Қаратай» атағы кейіннен одан туған балалары мен олардың ұрпақтарына таңылып, олар өздерін «Қаратай Тастемірміз» деп кетіпті.

Айтушылар бір әңгімеде: Назар Тастемірге «Сенде бүгіннен бастап үшеу бол» дегенде, «Жылгелдіні аға қып, Медетбайды іні қып» депті деп айтады. Осы аталған Медетбай деген кім деп сұрастырып жүріп, сол Медетбайдың тарайтын Тастемірдің ұрпағы 95 жастағы Құлсарыда тұратын ағамыз Мырқымбайұлы Сарғали қартпен сөйлескенімізде айтқаны: «Тастемір атамыз тағы бір есігінде жүрген күңіне үйленген, оның атын «Боранбике» деп қойыпты. Боранбике шешемізден Медетбай, Қуатбай атты екі балалы болған. Бірақ Қуатбайы  жас кезінде бір себептермен ағайыннан жырақтап, нағашыларына кетіп, содан ол жөнінде дерек болмай қалған, ал Медетбай ұрпағы Мағамбетберді, Қадел, Таған ұрпақтарымен біріңғай Маңғыстау ойынан Арқаға көшіп кеткен, сондықтан олар туралы жергілікті жерде көп деректер болмаған. Медетбай Тастемірдің өз баласы, сондықтан Назар атамыздың баласы Тастемірге Медетбайды іні қыл депті деуі қисынсыз.

Назар ұлы Тастемір туралы
Tagged on: