Бөде бабамыз төрт әйел алған ,үшінші әйелі Тоғжаннан: Омар, Оспан,Сыздық атты үш ұл туған. Оспан мен Сыздықтан ұрпақ жоқ. Сыздық  туғанда басында тұлымы болған екен, сондықтан ол кісінің ағайындары жас күнінен бастап «шашты Сыздық» деп атапты. Өте бетті жаугер кісі болған деседі. Жоңғар шапқыншылығы уақытында әйелі екеуі де атқа мініп, ел қорғаған дейді. Жерленген жерлері Қызылқой мен Деріпсалы ауылы ортасындағы Медеубай қорымында. Ол жерде ерте қайтыс болған әкеміздің апасы Ақтүйме,Айткен ағатайдың шешесі де жерленген. Әкемнің үш апасы болған: Тишжан, Балыш, Ақтүйме. Тишжан мен Балыш апаны көзіміз көрді. Тишжан апа баласы Күлмағанбетпен (Слекей) Қызылғойдағы қорымда жерленген. Балыш апаның екі баласы болған, Жамила – Жеңістің шешесі, Доскей ауылында жерленген. Балыш апа Қарағандыдағы 1-вертикальный шахтасы маныңдағы қорымда жерленген. Шалынын аты Рақым, Сармантай руынан. Ұлының аты Болат (Пана) Қызылғойда жерленген. Әкем, Омарұлы Қазанғап 1905 жылы 10 ауылда дүниеге келген. 3 апасы – басқа өмірге келген інілері жас күнінде өліп қала берген соң, осы жолы туған інімізге жаман ат қойсақ өмірі ұзақ болар деген себеппен «Қазан-Қап» деген ат қойған. Әкеміздің жастық шағы қалай өткенін білмейміз. Бір-ақ әкеден ерте жетім қалдық, бейнетті көп көрдім деп отырушы еді. Қазір ойласам сол жас күнінде көрген бейнеті өмірінің ақырына дейін жалғасты  ғой деймін.

   1941 жылы еңбек армиясына шақырылып, сол кездегі Вишневка қазірғі Аршалы ауданында темір жол салған. Еңбек Армиясынан соғысқа жөнелтіліп №146 стр полк құрамында батысқа аттанады. 1944 жылы санына миномет снарядының жарықшағы тиіп, ауыр жараланып сары шұнақ аязда үш күн ұрыс даласында қалып қояды. Өлген солдаттарды жинап жүрген мәйітшілер әкемді көтеріп шанаға тастап жібергенде әкемнің аузынан «Алла» деген сөз шығыпты, ішінде мұсылман біреу болған ғой:

 –«Ой, мына солдат тірі екен ғой!»- деп әкемді госпитальға тапсырыпты. Сөйтіп әкем өмірге екінші рет келді, Чита қаласындағы №1941 әскери-дәргерлік эвакгоспитальда 13 ай бойы жатқан. Екі аяқтың бақайларын кестіріп, жалғыз өкшемен табан аяқ болып қалады, санындағы үш снаряд жарықшағымен, қос балдағы қолтығында, аяғы гипстеулі Петропавл ұшқыштар мектебіндегі баласы Бекенді іздеп барады. Әке балаға өмір бойы жұмбақ дейді ғой. Асқар таудай әкелеріміздің жұдырықтай жүрегінде қанша арман болды екен? Жеңіс, елге аман-есен оралу, отбасының, ауылының амандығы, артта қалған балалары Зекен мен Орынтайына, жарына деген сағыныш. Әкем өзінен кейін әскер қатарына 19 жасында, Шет ауданының әскери комитеті арқылы шақырылған баласы, Қазанғапұлы Бекенді Петропавл қаласындағы ұшқыштар мектебіне іздеп баруы қандай күш, балаға деген қандай ұлы сезім жетеледі екен жаралы әкемді. Мүмкін ағамыз Бекеннің де сол қырғын соғыстан аман-есен қалып, өмір мен өлімнің ортасынан қайтқан Қызылғой ауылынан шыққан алғашқы кәсібі ұшқыш ретінде талай аспандағы соғыстан аман оралуы оны жебеген күш әке рухымен келген сондай асқақ сезім шығар. Сөйтіп бір атаның ұрпағы әкелі-балалы қос солдат өз жандарын шүберекке түйіп жүріп, артта қалған ұрпақ амандығын, ел мен жер, Отан амандығы үшін тәнін де жанын да жаралады. 1933 жылдан бастап Қызылғой ауылының өсіп өркендеуіне ат салысқан әкеміз соғыс мүгедегі бола тұра ауылының соғыстан кейінгі қалпына келтіру ісіне бір кісідей ат салысқан.

2013 жылы Қызылғой мектебінің ауласында ұстаздардың бастауымен соғысқа қатысқан жерлестеріне мәрмәр тастан ескерткіш тақта орнатылды. Ол тақтада әкем Омарұлы Қазанғап, ағаларым Қазанғапұлы Бекен, Абеуұлы Тлеуқабыл, нағашым Рысжанұлы Ыбырай есімдері ойып жазылған. Бұл дегеніңіз алақандай шағын ауылдағы әрбір отбасының соғыс аты шарпыған аяулы азаматтары. Олардың есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жалғасып ешқашан ұмытылмайды деген сенімдеміз. Бәрімізде қазыр әкеміз, бірақ біздің әкелеріміз қайталанбайтын тұлға. Аштықты, жетімдікті, Еңбек Армиясын, Ұлы Отан соғысында жараланған әкеміз қатқан қарағайдай, иілмейтін, мұқалмайтын Зәулім ағаштың көлеңкесі, талай жетім-жесірге пана болған, жарақатына қарамай ауыл үйді аралап жүріп, айт, шек күндері сол үйлерге кіріп дұға жасап, жасып жүрген жандарға рухани күш беріп жүруші еді.

   Әкем – өте діндар адам болды. Үш апасы мен өзі Тұрсана молдадан оқып, діни сауатын ашқан. Діндар дейтініміз қатты ауырып, намаз оқуға шамасы келмей жатсада жайнамазды жайып қойып үстіне аунайтын. Мүмкін жаратушы алламыздың алдында қарыз екендігі санасында сақталып қалды ма екен? Әкем сол соғыстан аман келмегенде бір атаның тұқымы аты аталмай, атаусыз, ұрпақсыз қалатын еді ғой. Сондықтан әкемнен тараған ұрпақ: ұл мен қыздары, немере мен шөбере, жиендері бәріде әкемнің алдында өмір бойы осы өмірге келгеніміз үшін қарызбыз.

   Әкем ашаршылық жылдары шамамен 1932 жылы Қарағандыда шахтада істеп жүргенде арқасына жасаған уколдан арқасы ісіп кеткен соң, шахтада жұмыс істеуге рұқсат етпегендіктен, Соқыр өзенінің бойында туратын апасының үйінде біраз болып, Бекен ағамызды ертіп әкелі – балалы екеуі Қызылғойға жаяу барған.

   Қыс айларында Құрөзекке, Нұраға талдың арасына тұзақ құрып қоян ұстап, күн көрген. Терісін илеген, етін қатырып сақтап талшық еткен. Сол уақытта әке-шешеммен қатарлас, замандас адамдар: менің кіндік шешем Змила апай, Қантбала, Кайшөк апай,Тлештің шешесі Рымжан апай, мені көргенде, сөйлеген сөзіме, қалжынымды естіп: – Әй, мынау Қазекемнен аумайды ғой,- деп, мені әкеме ұқсатып отыратын. Змила апайдың күйеуі Тайжан мен әкем соғыста бірге болған. Ертең таң ата атакаға шығамыз деп командирлері хабарлаған соң екеуі окопта отырып арқаларындағы қапшықтағы тамақты тең бөліп алған. Бірақ немістер бұларды атакаға шығармай жатқан жерлерін атқылап, мина жарылғанда әкем жараланған, жанындағы ауылдасы Тайжекен хабар-ошарсыз кеткен. Кейін ауылға келгенде Тайжекеннің баласы Өкен ер жеткен соң әкемнен соғыста болған бөлімшелерінің адресін алып еді, әкесін таба алмады өлі-тірісі белгісіз. Мен соғыстан кейін туған Қызылғойда бірінші бала екем. Менің кіндігімді кесуге таласқан ауыл әйелдеріне Тайжекеннің әйелі Змила апай бұл інім соғысқа жездесін тастап келді, сондықтан баласының кіндігін мен кесем деп, менің кіндігімді кесіпті.

   Змила шешей жас күнінде өте пысық болыпты, елдер ол кісіні жеті жұрттың тілін біледі дейді екен. Жаңа туған мені өмір жасы ұзақ болсын деп, жеті әйелдің астынан өткізіпті. Сол кіндік кесуге таласып Змила апай кескенде, Ақсудағы Сапардың шешесі Қайшөк апай айтыпты: «Бір көктің тапқаны-ай, бір көктің кескені -ай»-деп. Апам мен Змила апайдың мінездері сондай болған ғой.

    Әкем қай жерде еңбек етсе де бастықтардың бірге істеген әріптестерінің ризашылығына бөленген жан. Әкем мен Орынтай апай екеуі бұзау бағыпты, қыс айларында бұзаулардың асты құрғақ, бұзау ауырмайды екен. Әкем бұзаулардың ішінде жүріп басы қайқы таяқпен тоңғақтарын жинап алады екен, содан астындағы сабандары ылғый құрғақ болғандықтан бұзау ауырмайды екен. Совхоздың бас зоотехнигі Балтин Өміртай деген кісі әкемнің істеген жұмысын көріп ырза болғандықтан Қазеке – егер билік қолымда болса сізге батыр атағын берер едім деп, әкемді күлдіреді екен. Кейін ол кісі Маржанкөл совхозына директор болып ауысып кетті. Ауылда үш кісі мая салады екен, үшеуі арбадан сатылап бір-біріне беріп маяны биік қылып көрнекті етіп салады. Сол маяларды қазір біз «стогометатель» шөп көтергішпен сондай биіктікке көтере алмадық.

   Күлила апаның әкесі Муқаш деген кісімен әкем екеуі салатын көрінеді сол маяларды. Сол кісілердің салған маялары бізге эталон ретінде жетті, бізде маяны сол кісілер құсап биік, енді қылып салатынбыз. Жезқазған облысы құрылған жылдары ауыл аралауға шыққан обкомның 1-ші хатшысы Лосев Константин Семенович деген кісі біздің маялардың жанына тоқтап, совхоз директоры Морозов Иван Селиверстовичтен мына маяларды кім салды деп сұрағанда, директор мені көрсетіп, мына управляющий салғызды дегенде: «Да у вас еще крестьяне не перевились»- деді. Мен мұны әкемізден үйрендік деп айтайын деп едім, бірінші рет обкомның хатшысының алдында тұрған соң ұялдым. Бірақ, әкемнен үйренген жұмысыңды  облыс басшысы  бағалағанда төбем әкем үшін көкке жеткендей болды. Меншіктің сыйырын бағып жүрген әкеме совхоз директоры жолығып ақсақал қанша көрсем сіз малды егіннің манайына жаясыз, бәрақ осы күнге дейін бірде-бір рет егінге мал түсірген жоқсыз деп әкеме рахмет айтыпты. Кейін совхоздың малы егінге түссе маған айтатын малшыларың неге әкең құсап бақпайды деп.

   Әкем шалқасынан жатып домбырада бір күйлерді тартып жылап жататын. Аға не болды деп сұрасам, әй, баламай, осы домбыра тартуды үйренбедің ғой, доп қуудан қолың босамайды дейтін.

Әкем – Қалқаман-Мамыр, Сәтбек батыр –қисаларын жатқа айтатын. (Сәтбек батыр жанындағы 10 солдатымен қазақтың атаманы Ермақты өлтірген. Айбалтамен 10 солдатты шауып өлтірген соң, Ермақтың өзін шапқанда айбалта дәл тимей Ермақтың бір қолын иығынан шауып түсірген, анау сонда да әл бермеген соң, қарындасы Бәтеске итті босатшы дейді сонда иті келіп Ермақты жарады.) Міне, Сәтбек батыр осылайша қазақтарды қан қақсатқан кәпір жармақты өлтірген. Орыстар билік жүргізген дәуірде Павлодардың бір қаласын Ермақтың атына атапты. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол қаланың әкімі болған бір азамат түн ішінде К-700 тракторымен Ермаққа қойған алып ескерткішті сүйретіп тастап, қаланың атын Ақсу – деп қойды. Сәтбек батырдың ісін жалғастырушы ретінде ол азамат қандай да болсын мақтау мен марапатқа лайық азамат екен. Ол кісімен жекешелендіру уақытында тәжірибе алысуға барғанда жолыққаныма ризамын.

   Ұлым өссін деп, табан еті тілім болып, белі бүгіле тер төккен, жаралы санынан ағатын қанды, бақайлары жоқ қос табан аяқты нық басқан қайран әкем. Ауырып жатып қасында отырған маған, құлыным « екі оттың» ортасында қалдың ғой деуші еді. Кейін « екі оты» несі екен әкемнің деп ойласам, ол шешем мен жарым екен. Қос жанары телміріп, терезені жарық дүниенің нұр шашқан көзіндей көріп, іңкәрлана қарап жатушы едің ғой. Сонау сұрапыл соғыстан жаның мен тәніңді жаралап, шыбын жанның шырқырауы әр минуттың қадыры көзіңе елестеді ме екен. Жарық дүниені қимай, тіршіліктің қымбат екенін ой елегінен өткізіп, үш немереңнің өсіп-өнгенін көре алмай кетемін-ау деп ойлап , еміреніп жатырсың-ау, жан әке… Шаңырақ киесінің шырылдап дүниеге келген иесін қайтарып алуға іздеп жатқан шығар, сені жаратқан Алла. Топырағың торқа болсын! Әке, жүрегіне қаяу салған іс, реніш әкелген жазылмас жара болып, әке көңіліне  реніш әкелген жәйттар үшін кеш болса да кешірім сұраймын. Аруағын кешірсін!

 

Әкеге арнау

Оққа тосып кеудеңді Отан үшін

Қар жамылып окопта, мұз жасандың

Бабаларым Оспан, Омар, Сыздықтан

 Қалған жалғыз тұяқ ең

Сұм соғыстан қайтпай қалсаң, жан әке,

Бұл өмірге сенсіз, мен де келер ме ем

Сол үшін де мен саған қарыздармын

 Өтей алмай келемін әкемнің парыздарын

 Бес уақыт намазыңды мінәжәт қып

 Қаза қылмай атқардың қан майданда

Алла алдында парызды атқарған соң

Сол үшінде Жаратушы бір аллаңыз

Жетелеп сізді елге жеткізді ғой

Қаңтардың қақаған сары аязында

Қаңсырап сен окопта жатқанда

 Көмегін өлгендерді солдаттардың

Көтеріп шанаға сені тастағанда

Аузыңнан жалғыз ауыз сөз шығыпты

Кәлимаға тілің кеп, жалбарындың аллаға

«Алла» – деген сөзді естіген қабыршы

Сақтап қалды-ау шыбындай бір жаныңды

 Өлгендер мен жаралыны сұрыптап

Кеудесінде жаны бар деп, сізді аяп көмуге

Екінші рет алла жар боп, келдің қайта өмірге!

Сол аязда үш күн жатқан, жараланып далада

Үсіп өлмей жебеген сені әке, бір алла

Қара санға тиген снарядтан жары шақ

Өмірбақи қалды бірге сол санда

Есті жиып өз-өзіңде келгенің

Жатқан жерің «полевой госпиталы Читаның»

Үсік шалған екі аяқтың кескен екен бақайын

Жалғыз өкше тіреу болып, тобан аяқ боп қалдың

Татар наның, атар таңың бар екен ғой жан әке

 Гипстеулі екі аяқ, қос балдағың қолтықта

 Жазуымен тағдырдың, сүйеу болып бір алла

Оралдың сен туған елің, балалар мен жарыңа

Үміт оты адастырмай, кеудесінде алаулап

 Анам шықты алдыңнан, қарсы айрылып жүрегі

Көрген қорлық, шеккен жапа, мұң зарын

Қос құлынын арқалап, жеткізді ғой көзден жасы боталап

Сол соғыстан қайтпай қалған, қанша еді боздақтар

 Соның бірі ауылдасың Көсембаев Тайжан бар

Бір окопта бірге жатып көз ілмей

Армандаушы – ең бір көруге сені шіркін туған жер

Қарғыс айтып сол бір нәлет соғысқа

Жалғастырып әке өмірін, ұрпақтары жүр алға

Сол соғыстан қайтпай қалған ағалар мен нағашы

Ауылдастар, әкем менің елге келіп көз жұмған

Қалды мәңгі ескерткіш боп ұрпаққа

Ойып жазған атымен, Қызылғойда сұр таста

Қазанғапұлы Олжатай

 

Әке туралы үзік сыр.
Tagged on: