ШЫҢҒЫС ХАННАН ӘБДІРАХМАН ГЕРЕЙГЕ ДЕЙІН

Қазақ даласына осыдан бір жарым ғасыр бұрын келіп, Мақаншы өңірінде тұрып жатқан Гереевтар әулеті өзінің тарихын, барша көшпелі, киіз туырлықты елді бір тудың астына біріктірген сайыпқыран Шыңғыс ханнан бастайды. Шыңғыс ханға дейінгі шежіре \”Қастерлі шежіреде\” және Рашидаддинның \”Жамиғат Тауарихында\” тыңғылықты жазылған, қызығып, оқимын деушілер солардан таба алады. Бұл жерде ол мәліметтерді келтіруді артық деп таптым. Шыңғыс ханнан кейінгі шежіре оқырманға қызықтырақ болар деген ойдамын.
Кеңес Одағы заманында адамның тегіне ов, ев жалғауы міндеттелгендіктен Гереев аталып кеткен Герейлер әулеті, әулеттің атын Қырымда 1428 жылы хандық құрған Қажы Герейден таратады. Герейлер арасында \”әуел баба, хан Герей\” деген кең таралған өсиет бар. Сондағы, \”хан Герейіміз\” Герейлердің алғашқысы, хандық құрып, тарихта Қажы Герей атымен қалған бабамыз болмақ. Қажы Герей, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның он үшінші ұлы Тоқай Темірден тараған. Қажы Герей азан шақырылып қойған аты Дәулетберді оңтүстік Орыс жазығын мекен еткен ноғайлардың басын біріктіріп, бір жағы Литва княздігімен, бір жағы сол заманда Қырым түбегіне иелік еткен Генуялық саудагерлермен, тағы бір жағы Алтын Ордамен саяси, әрі қарулы қақтығыстар нәтижесінде Қырым түбегінде жеке хандық құра білді. Қажы Герейдің ұлы Меңлі Герей тұсында Қырым Хандығы күшейіп, қуатты мемлекетке айналды. 1502-шы жылы Меңлі Герейдің тікелей араласуымен, экономикалық, әрі саяси дағдарысқа ұшыраған Алтын Орда құлап, бірнеше дербес хандықтарға бөлініп кетті. Сондай хандықтардың бірі, Қазан хандығына 1521-ші жылы Меңлі Герейдің кенже ұлы Сахиб Герей, артынша оның немере інісі Саф Герей хан сайланды. Сөйтіп, Қазанда 1552-шы жылы хандық құлағанға дейін Герейлер билік жүргізді. Сол аралықта, Қырым Герейлерінің біраз бөлігі Қазан хандығына келіп, қоныс теуіп, жергілікті мырзалар қатарын толықтырды. Сол заманнан, менің ата-бабаларымның Қазан жеріндегі тарихы басталады. 1552-шы жылы Қазан хандығының жері, орыс қол астына өткенімен, халық арасында азаттыққа деген ұмтылыс тоқтаған емес. Оған қоса, орыс мұжықтарының татар шаруаларының ең құнарлы жерлерін тартып алуы, күштеп шоқындыру сынды діни қысымшылық, орыстандыру саясаты халықтың наразылығын тудырып, көптеген ұлт-азаттық көтерілістерге апарды. Сонау қиын-қыстау заманда халықты бастап шыққандар арасында әрдайым Телегей, Ақай, Көшім, Ғабдолла сынды Герейлер әулетінен шыққан басшылар болды. Патша өкіметінің жазалау шаралары аяусыз, қатал еді, Телегей, Ақай, Көшімдерді халықты бастап, көтерілгендері үшін бірін асты, бірін атты. Халықтың қамы, ұлттың азаттығы үшін түгелі сол жолда бастарын қалдырды. \”Аузы күйген үрлеп ішеді\” демекші, Ресей патша өкіметі бірнеше көтеріліс басшылары шыққан Герейлерді жіті бақылауында ұстауға тырысты. Діни еркіндігін шектеді, өрісін тарылтты, ал 19-шы ғасырдың 60-шы жылдарының басында патша өкіметі ноғай мырзаларының балаларын әскерге қабылдау қаулысы шығысымен, алғашқылардың бірі болып шақырту Герейлерге табысталды. Сондай шақыртулардың бірі, Әбдірахман Герей Әділұлына келді. Әбдірахман Герей 1830-ыншы жылдардың аяғы 1840-ыншы жылдардың басында дүниеге келген. Қазіргі Татарстан аумағында Әлмет жерінде иелік еткен мырза Әділ Герейдің ұлы. Ол заманда, патша өкіметінің әскери міндетемесі 20 жылды құрайтынтұғын.
Патша өкіметінің бұл әрекеті, күннен-күнге хәлі мүшкіл күйге түсуге айналған татар-ноғай халқының шыдам тостағанына соңғы тамшы болып құйылып, халық наразылығы көтеріліске ұласты. Халық өзінің ұлт бетіндегі қаймақтары, ертеңгі ел тұғырын ұстар ұлдарын орыс әскерлерінің алдыңғы шебіне жіберуге қарсы шықты. Алайда, патша өкіметінің мұздай қаруланған қарулы күштері көтерілген халықты аяусыз басып, жаныштады. Көтерілісті бастап шыққан атқа мінер жігіттер күші басым өкімет жасақтарынан ығысып, көбі отбасы мал-жанымен Осман империясына хижрет етіп қоныс аударды. Бір түнде бүтіндей ауылдар өре түрегеліп, дінін, жанын, салт-санасын сақтау мақсатында ата-қонысын тастап, жыраққа көшуге мәжбүр болды. Сол заманда, Әбдірахман неде болса, Шығыс Түркістанда Қытайдан тәуелсіздік алып, 1865-шы жылы астанасын Қашқар қаласы қылып, құрылған Жетішар мемлекетіне хижрет жасап, қоныс аударуға бел буады. Шығыс Түркістан, оның ішінде Қашқарға қоныс аударуға шешім қабылдауының бір себебі, сол жақтан Қазақ даласы арқылы келетін саудагерлермен аралас-құралас, жақсы қарым-қатынаста болуы, және тағы бір себебі Шығыс Түркістандағы жаңа құрылған ислам мемлекетінің қытай басқыншыларына қарсы жүргізіп жатқан ғазауат соғысы болды. Дін еркіндігі, мұсылман халқының қауіпсіздігі үшін ғазауат соғысына қатысу әр шынай мұсылманның парызы.

ӘБДІРАХМАННЫҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА КЕЛУІ

Қазан жеріндегі патша өкіметінің әрекеті Әбдірахманды ата қонысын тастап кетуге мәжбүрледі және жоғары тарауда айтып өткенімдей, соның салдарынан Әбдірахман Қашқарға кетуге шешім қабылдады. Бірақ, алдымен өзі барып, ел жайын бағдарлап, қоныс орынын сайлап қайтпақ ниетпен қарамағындағы бірнеше адамымен жолға шығыпты. Қазаннан Қашқарға дейінгі жол ұланғайыр Қазақ даласы арқылы жатыр. Әбдірахман серіктерімен ұзақ жүріп, ақыры Ресей патшалығының шеті Ұржар-Мақаншы өңіріне жетеді. 1864-ші жылы Ресей мен Цинь империялары арасында жасалған Шәуешек келісімі бойынша Ұржар-Мақаншы өңірі патшалықтың қиыр шеті болып белгіленген. Әбдірахман, осы өңірге ат басын тіреп, Жәментікұлы Қасенбайдың ауылына түседі. Қасенбай осы өңірде 30 жыл болыс болған, атақты Нұғман қажының әкесі. Тума руынан шыққан, осы өңірдің ауқатты беделді адамдарының бірі болған. Сол заманда, Қазан, Уфа жерлеріндегі жәрмеңкеге жылқы айдайды екен. Әбдірахманмен сол жақтан таныс, білістігі бар болған. Екеуара азды-көпті әңгімелесіп, жай сұрасқаннан кейін, Әбдірахманның көзі ашық, діни сауаты мол, шариғатқа жүйрік екенін сырттай білетін, ал ендігі нақ көзі жеткен Қасенбай, қонағына ұсыныс жасапты. Қасенбай Әбдірахманға қазақ даласында қалып, бауырлас қазақ халқының діни сауаттығын арттыру, әрі жас жеткіншектердің сауат ашып, білім алу жолында қызмет етуге шақырыпты. Ал егер, патша өкіметінің құпия сақшылық қызметінен бір себептермен қауіптенетін болса, бүркеншік есіммен шекара түбіндегі Көктұма (қазіргі Бақты) ауылына жайғасуға болатынын жеткізіпті. Оған қоса, Патша үкіметімен болатын әкімшілік істерді өз қарамағына алып, әр істе қамқорлық көрсететінін айтыпты. Білім жолы ауыр жол, алайда сауабы мол, берекелі жол. Әбдірахман серіктерімен кеңесіп, азды-көпті ойланып, Қасенбайдың ұсынысына келісімін беріпті. Сөйтіп, Әбдірахман, Қасенбай және өзге де, осы өңірдің игі-жақсылары Көктұмада мешіт салып, медресе ашуға уағдаласып тарқасыпты. Көктұма ауылының таңдалып алынуың басты себебі, сол заманда шекаралық сауда қызып тұрған Көктұма әжептәуір орталық екен. Оған қоса, тағы бір себебі, алда-жалда патша үкіметі тарапынан Әбдірахман және оның адамдарына қысымшылық болып жатса, жылдам ары қарай шекара асып, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мүмкіндік бар.
Елдің жайын көріп, қонысын сайлап болғаннан кейін, Әбдірахман Қазан жеріне барып, отбасын, қарамағындағы елін алып, Қазақ жеріне хижрет жасап, көшіп келіпті. Әлі күнге, сол жылдары Әбдірахманмен бірге еріп келген ноғайлардың ұрпақтары Мақаншы өңірінде мекен етуде.

ӘБДІРАХМАН ГЕРЕЙ ҺӘМ \”КӨК МЕШІТТТІҢ\” САЛЫНУЫ

Жоғарыда айтып өткенімдей, Әбдірахман Әлмет жерінде ауқатты мырзалар қатарында болған Әділ Герейдің ұлы. Ауқатты жердің баласы болғандықтан жас күнінде білім алуыға мүмкіндігі көп болған. Медреседе 12-13 жылдай білім алып, фиқх, шариғат сияқты діни ілімдермен бірге, логика, математика, жағрафия, шешендік өнер сынды ілімдерді де, қатар меңгерген. Үш жүз жылдай Ресей империясының қол астында болған Қазан жерінде туып, өскендіктен орыс тілін де, жақсы білген. Әбдірахман, құран қағидалары мен қатар дала заңын да, жетік білген шешен кісі болған. Оның бір айғағы ретінде мына бір мәліметті келтіруге болады. 1874-ші жылы қазақтың біртуар ұлы Абай Құнанбайұлының әкесі Құнанбай Өскенбайұлы Меккеге қажылыққа кетер алдында ата-бабасын арнап, үш жүздің басын қосып, ас беріпті. Сол асқа Қазақ даласының түпкір-түпкірінен игі-жақсылар, соның ішінде Ұржар-Мақаншы өңірінен Қасенбай Жәментікұлы да шақырылыпты. Қасенбай, мүдәріс, молда әрі замандасы Әбдірахманды да, өзімен бірге асқа ертіп алған екен. Асқа барған қазақтың қарасы көп болыпты. Ата-баба рухына құран бағыштап, қонақасы берілгеннен кейін, елдің көңілін көтерер ат шабыс, күрес сынды жарыстармен қатар, шешен адамдар да, дауға түсіп жарысады екен. Әбдірахман, сол аста қазақ даласының жер-жерінен келген шешендермен сайысып, дауға түсіп, түгелін сөзге жыққан деседі. Бұл оқиға жайлы: \”Үш жүздің қазағын дауда сөзге жығып, нағашым, құндыз бөрік, мәуліт жағалы шапан киіпті\”,- деп марқұм жиен ағамыз Нұғыманов Ғалымжан жиі айтып отыратын. Әбдірахман білімді, шешен болғанымен қатар ұзын бойлы, қарулы, өте қайратты адам болған. Аталарымыздан жеткен бір естелікте, Әбдірахман бабамыздың, құдыққа құлаған түйені тірсегінен ұстап, суырып шығарғандығы айтылады. Әбдірахман, қазақ жеріне келіп, патша өкіметінің көзіне ілінбеуі мақсатында, бойының ұзындығына орай \”Ұзынмолда\” деген бүркеншік есім алыпты.
Әбдірахман отбасын, қарамағындағы елін алып келгеннен кейін, осы өңірдің игі-жақсыларымен уағдаласқан мәмлеге сәйкес Көктұма ауылында мешіт салуға кірісіпті. Қазақ даласында көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халық, ол заманда кірпіш құйып, үй салу сынды өнердің қыр сырын білмеген, сол себепті мешіттің құрылыс жұмыстарын толығымен Әбдірахман адамдарымен өздері жүргізген. Құрал-сайман, техника дамымаған заманда ондай ғимарат құрылысын жүргізу оңай шаруа емес, адамның талмай істеген еңбегімен қатар, үлкен қаржыны да талап етеді. Мешіт салу бір басқа, оны жабдықтау тағы бар соның барлығына кететін қаржы, пұлдың бір бөлігін осы өңірдегі елдің ұйытқысы Қасенбай бастаған ауқатты адамдар жинап берген. \”Көк мешітте\” жергілікті халықтың діни сауаттылығын арттырумен қатар жас балаларға арналған медреседе жұмыс істеген. Медреседе құран және хадис үйрету, фиқх, арап тілі, жағрафия сынды ілімдерден дәріс берілген. Мұнда осы өңірдің жас білімге құштар, ауқатты жердің балалары оқыған және де, алты алашқа танымал ақын Әсет Найманбайұлы тәлім алған деген де, ақпараттар бар. \”Көк мешіт\” қазақ және өзге де мұсылман халқының игілігіне Азамат соғысы жылдарына дейін қызмет етті. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мешіт пен медресе жабылып, оның орнына мешіт ғимараты қойма ретінде қолданылған. Кейін, ол ғимаратты жиын өткізілетін клуб, кинотеатрға айналдырыпты. 90-шы жылдары Кеңес үкіметі құлап, жекешелендіру жүрген шақта жеке меншікке өтіп, жаңа иесі мешіт ғимаратының шатырын бұзып, құрылыс материалы ретінде сатып жіберген екен. Бүгінде, осы өңірді ислам нұрына бөлеп, білім шуағын шашқан, мешіт ғимаратының қабырғасы ғана қаңырап бос тұр.

Әбдірахман Герей
Tagged on: