ТӨЛЕУБЕК НҰРҒАЛИҰЛЫ
1940 жылдың 8-маусымында Семей облысы Аягөз ауданының Таскескен селосында дүниеге келген. Ұлты қазақ. 1948-жылы Таскескендегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке барып, оны 1958-жылы аяқтаған. Еңбек жолын ауыл шаруашылығының механизаторы болып бастап, 1988 жылы жол апатынан қайтыс болғанға дейін, кеңшар (совхоз) директорының орынбасары қызметінде болды. Әр жылдары «Шолпан» кеңшарының механигі, «Қазақстан» кеңшарының 2-фермасының меңгерушісі, кеңшардың авто гараж меңгерушісі, машина-трактор шеберханасының (МТМ) меңгерушісі, кеңшардың бас инженері және директордың орынбасары қызметін атқарды. Өндірістен қол үзбей 1976-1979-жылдары Новопокровка зоовет техникумын тәмамдады.
Социалистік жарыстардың үздігі, бірнеше дүркін жеңімпазы, бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) қатысушысы. Қазақстан компартиясы пленумының, жиындарының делегаты.
Кеңшардың директорының орынбасары бола тұра астық жинау науқаны кезінде комбайнға отырып Қазақстанның көптеген облыстарының (Семей, Қостанай, Орал, Қызылорда…) астығын жинауға ат салысты. Нұрғалиев Төлеубектің қажырлы еңбегі үшін алған ең жоғарғы дәрежелі наградалары бар:
– «Ауыл шаруашылығы жұмыскерлері социалистік жарысының үздігі» төс белгісі (1966 ж).
– «Тың жерлерді игергені үшін» медалі (1966 ж)
– «Еңбек даңқы үшін» медалі (1967 ж)
– «Еңбек ардагері» медалі (1986ж)
– «Еңбек қызыл ту» ордені (1973 ж)
– «Ленин» ордені (1976 ж)
Бүгінде ШҚО Үржар ауданының (бұрын Аягөз ауданына қараған) Таскескен селосында Төлеубек Нұрғалиұлының атына көше атауы берілген.

Жұбайы Жамиға Құрманбекқызы (Есебаев) \”Қыржы\” (Мәмбетқұл) руынан болған. 1942 жылы ҚХР ШҰАО-ның Үрімші қаласында дүниеге келіп, 19 жасында елге келген. 1989-жылы Таскескенде ауыр науқастан қайтыс болған. Төлеубек екеуі 8 бала (бес ұл және үш қыз) тәрбиелеп жеткізген.

Төлеубек Нұрғалиұлы
Tagged on: