Әбіш Кекілбайұлы (6 желтоқсан 1939 жыл, Оңды ауылы, Маңғыстау облысы – 11 желтоқсан 2015 жыл, Астана қаласы) – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996–2002), Парламент Сенатының депутаты (2002-2015).
Өмірбаяны
Атақты қаламгердің әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады. 1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі. «Қазақ әдебиетінен» кейін 1962-65 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Ол Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) көрнекті мемлекеттік, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (2009), Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, Л. Гумилев атындағы Ұлттық Университетінің, Ақтау Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жезқазған Университетінің және ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті профессоры, АҚШ-тың Кентуки штатының құрметті полковнигі, Маңғыстау, Атырау обылысындарының, сондай-ақ республикамыздың бірқатар аудандырының құрметті азаматы. 2015 жылдың 11 желтоқсанында дүниеден өтті. Мүрдесі ұлттық пантеонға жерленді.
Отбасы
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Жаңайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген топтан. Белгілі білікті, беделді, дәулетті адам. Ата шаңырағын ұстап қалған ұрпағы Жаманқұл немересі Кекілбайды үйлендірген соң, 1924 жылы Оңдыда қайтыс болған.
1928–1931 жылдары асыра сілтеу, тәркілеу кезінде Кекілбай мекеннен көшіп Түркменстанның Красноводск портында жүкші, Бекдаш химия кәсіпорнында біраз жыл жұмысшы болып істеп, елге 1937 жылыБаку мен Махачкала арқылы оралған соң Оңдыдағы колхозда колхозшы, Таушық кенішінде шахтер болды. 1942 жылы соғысқа алынып, майданда 3 рет жараланып, Сталинград маңында қайтыс болады. Алайда Кекілбайдың дүниеден өткенін үй ішіне бірнеше жылдан соң ғана хабарлайды. Кекілбай соғысқа аттанған жылы анасының ішінде қыз бала қалады. Оның есімін Тілектес деп қояды.
Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле Жұмабайқызы дәулетті, ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген. 1936 жылы әуелі Оңдыда колхозшы, Таушықта 1942-45 жылдар аралығында стахановшы шахтер, 1945-62 жылдары «Екпінді» колхозында жұмыс істеді.
Әбіш Кекілбайұлы 1957 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956-57 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды.
Әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді.
Әбіш Кекілбаев
Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» – Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев»орденімен марапатталды.