Ақпан батыр Келімбердіұлы (1531–1605) — Байұлы тайпасы Адай руынан шыққан айтулы батыр, құралайды көзге атқан мерген, қыран топшылы аңшы, көңілі шалқар, жүрегі қобалжып тайсалмас, өзгелерден секем алу, сезіктену білмес, ешкімнен тепкі көрмей өскен жан.

Ақпан батыр Келімбердіұлы тарихи таңбасы, нақты дәлелі бар тұлға. Бұл туралы есімі елге мәшһүр әйгілі ақын Қашаған Күржіманұлы өзінің «Атамекен» атты жыр-дастанында:

Ақпан деген қарт батыр,

Ел басына қос атты,

Жетелетіп жүргізді,

Жауға мінер бос атты…

Бес жүз әскер-ауыр қол,

Бастығы Ақпан батыр сол,

Көпті көрген көнеге,

Қараңғы тұман ол жүрсе,

Табылады екен сара жол.

– деп, Ақпан батырдың ел қорғаудағы ересен ерлігі мен еңбегін, мадақтап жырға қосқан.

Ыбырай-ахун Құлбайұлы да өз жырында былайша таңбалаған:

Сөз айтайын Ақпаннан,

Сырдағы құба ақ талдан,

Ақпан деген ауылым

Аумайтын басқа бақ қонған.

Қарсыласы Ақпанның

Табанға түсіп тапталған,

Неше түрлі халыққа

Ерлігі артық мақталған,

Ғұмыры тамам болғанша

Жері жоқ жаудан тоқталған .

Бірі даңқты жырау, екіншісі ғұлама ахун осындай деп Ақпан батыр туралы дерек қалдырған.

Ақпан батыр Келімбердіұлы – 1531 жылы Түркістан аймағындағы қасиетті Қазығұрт тауы маңында дүниеге келген.

Ақпан жастайынан далалық өмірдің қыр-сырына қанығып өсіп, жан-тәнін шымырландыра, шынықтырар ұлттық сын түрлерінен, бес сайыс, жеті сайыстарды жетік меңгеруімен, ептілік, ерлік қасиетімен көзге түсті. Әкесінен, аталас туыс ағаларынан сарбаздықты үйреніп, садақпен мылтық ата жүріп, мергендікті меңгере, қайтпас қайсарлығы қалыптасты.

Ақпан батыр, Қазақ хандары – Хақназар, Шығай, Тәуекел, еңсегей бойлы ер Есім хандар билеген дәуірде, 1531–1605 жылдары өмір сүріп, жорықпен, жортуымен аттан түспеген, жерін-елін ерлікпен қорғаған батыр.

Келінбердіұлы Ақпан батыр Амандәулетқызы Айшамен тіл табысып, шаңырақ құрады. Айшадан Қаракүшік атты бір ұлды болады. Бұл қуаныштары ұзаққа созылмай, 1592-ші жылы, Ақпанның жары Айша сырқаттанып, бірнеше күн ауырып, жалғызы Қаракүшігін Ақпанға аманаттап бақиға өтіп кетеді. Осыдан кейін Ақпан Жаппас ауылының аруы Алтынға бас қосады. Ақпан батыр, Алтын арудан Қармыс, Сармыс атты екі ұлды болады.

XVII ғасырдың басында соғыста, Ақпан батыр басшылығымен Еділ, Жайық, Сағыз, Қобда, Елек, Ор, Жем, Ырғыз, Тобыларасында қалмақты талқандап жеңіске жеткенімен, Ақпан батыр 74 жасында улы қарудан ажал құшып, 1605 жылы кәзіргі Ақтөбе облысы Хромтау ауданы, Ор өзенінің бойынында жерленеді.

Ақпанның ерекше ел алғысына бөленген ерлік жорығы – Хақназарұлы Бозғыл Баһадүрдің басшылығымен, Қазақ Елін шауып кеткен Баба сұлтанға қарсы соғыста көрінді. Сол соғыста, Адай немересі Ақпан батыр таңдаулы жүздікті басқарды. Келесі бір жорықта, Баба сұлтанның Арыслан есімді мыңбасы сардарын жекпе-жекке шақырған Ақпан батыр Келімбердіұлы жеңіске жетіп, жауының басын наркескен қылышымен кесіп алып, ақ найзасының ұшына шаншып, жауларға сес көрсетеді

Ақпан батыр Келімбердіұлы
Tagged on: