Топыш ақын – шамамен 17 -18 ғасырда өмір сүрген тұлға. Шежіре бойынша Топыш ақын Көкше тобықтының баласы. Баяғы \” Қаратудың басынан көш келеді \” деп басталатын зарлы толғауды шығарған Көкше Топыш ақын деп белгілі жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, Топыш осы өлеңнің авторы. 

«Топыш ақынның сөздерін» 1958 жылы сол кездегі КазГУ-де оқитын екі студент – Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин арнайы Түркістан өңіріне Шорнаққа экспедициялық сапармен барып, Топыштың сегізінші ұрпағы, атақты ақын, жыршы жырау Байтұрсын баласы Әбдірайым қариядан хатқа түсірген. Бұл туралы Мұхтар Мағауин \” Әбіш екеуміз \” естелігінде жазып кеткен.

(Байтұрсынұлының ата тегі: Көкше – Топыш – Бәші – Жасыбай – Тұрсынбай – Өтеп – Айтуар – Мырзабай – Сунабай – Байтұрсын – Әбіллә).

Жырда халық басындағы трагедиялық ауыр күй зар түрінде берілген. Ақын зарлай отырып, жырлай отырып, ел бірлігін тұтастықта алып қарайды. Халқының рухы түспеуіне үміттенеді. Бас біріктіру әрекетіне шақырады. Ұлттық мүдде тұрғысынан сөз қозғайды. Қиын кезде ұйысу, ұлттық жігерді жасытпау, үмітсіздікке салынбау, қандай ауыр күн туса да, шыдамдылық танытып, жұмылған жұдырықтай болып, бас біріктіруге үндейді:

 

Ұмытпа Алаш, қазақ ұраныңды,

Ойыңнан үзбе халқым, құраныңды.

Артыңа өлгендерің өсиет қыл,

Халық боп Қаратауда құралуды.

Шықпасын көңіліңнен пенделігің,

Болмасын бөтен ұлтқа ермелігің.

Жеп қалма саяқ жүріп сырттан таяқ,

Ескіріп, естен шықпай елдегі күн.

Тіріңді тез заманда табыстырып,

Иманын нәсіп етсін өлгеніңнің, – деп ұлттық сананы жетілдіруді барынша қастерлеп, оны қоғамдық сана дәрежесіне көтеруді сөз етеді.

 

Басынан Қаратаудың көш келеді,

Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.

Айырылған ағайыннан қиын екен –

Мөлдіреп, қара көзге жас келеді.

Жас келмей ойлағанда бұл не қылсын,

Көңілім заманадан сескенеді.

Дәулет пенен перзентке асығыс жоқ,

Біреуге ерте, біреуге кеш келеді.

Жоқшылық жомарттықтың

қолын байлап,

Ерлерге кедейшілік дес береді.

Тілеймін ертелі кеш Жаратқаннан,

Пендесін енді қашан ескереді.

Қай заман, мына заман – бағзы заман,

Болар ма баяғыдай тағы заман.

Атадан – ұл, анадан – қыз айырылды,

Көз жасын көл дария қып ағы заман.

Қай заман, мына заман – қысқан заман,

Алаштан бақыт құсы ұшқан заман.

Ізіңнен шұбырынды шаң борайды,

Қаңтарда қалтыраған қыстан жаман.

Аламат неше жылдан не жан қойсын –

Айырылдың ауыр дәулет,

мың менен сан.

Қаратау адыра қалды ата мүлкі,

Малменен, елмен екен жердің көркі.

Байлықпен аты шыққан Алаш ұлы,

Қай жұртқа боп кетеміз мазақ күлкі.

Руы қазақ еді, ұраны – Алаш,

Патшамен бастан болған

ханға жолдас.

Дегенге Алаш ұлы кім нанады –

Қаңғырып тозып жүрсек аш-жалаңаш.

Бір сөз бар, жаман күнің жақсы болар,

Бір сөз бар, сірәдағы естен қалмас.

Желектің жібек еді жиектері,

Қалтырар қалжаураса иектері.

Хандардың қазынасындай болған

қазақ,

Төрт түлік малға толған үйектері.

Жанына зор жайсаң күн туған соң,

Шұбырды-ау бет бетіне күнелткелі.

Ақ орда артта қалды сарайлары,

Ағарар артын ойлап, самайлары.

Қаңғырып жүргенінде көп қазақтың,

Көмусіз қала ма, Алла, талайлары.

Қасаба маруарт пен маржан еді,

Ел бұрын қонысынан ауған ба еді?

Өлімсіз жан, өткелсіз кешу болмас,

Өлгенге өз жұртында арман ба еді.

Күн бар ма, кеткен елдер жиылатын,

Атаның татқан суы бұйыратын.

Танып ел, паналаған халық-ақ едік,

Қаңғырып тағдыр ма, Алла,

қырылатын.

Түбінде тапқандайсың үйіріңді,

Артыңа дәрмен болса бұрылатын.

Ұғып ал, мына сөзді миы барың,

Жаратқан Алла болсын, сиынарың.

Қатшілік неше күндік қонақ шығар,

Көре жүр, күйсізіңді күйі барың.

Қоныстан ауған құлан оңалмайды,

Қозғалма қонысыңнан дыйы барың.

Қаратау қазақ елдің қазығы деп,

Атаңның мүлкі болсын жиынарың.

Айырылған арманда боп

бауырларың,

Күн бар ма, қайтып келер дәуірлерің.

Жаскілең, жаңа өспірім боздақтарым,

Айырылдық басылмастан әуірлерің.

Тәңірдің тағдырына көнбейміз бе,

Дем бітсе – үйде отырып та

өлмейміз бе.

Беймезгіл қарақтарым қоныс ауды-ау,

Апыр-ай, көреміз бе, көрмейміз бе?

Алаштың азып-тоздың ардақтысы.

Келмеуші еді, көп мырзаның

мал баққысы,

Төресі тұрған жерден тойып алып,

Ұмытпас тұрған жерін саңлақтысы.

Боларсың бірің артық, бірің кем де,

Біріңді бірің сүйе, сүрінгенде.

Ынтымақ, ауызбірлік қып жүрсеңдер,

Арзусың аз да болсаң, рулы елге.

Не келіп, не кетпейді бастарыңа,

Тоқтарың қайрыла жүр аштарыңа.

 

Құнан қой еш уақытта бұралқы емес,

Етекті жапқайсыңдар ес барында.

Атаңа нәлет деген өз келтіріп,

Еш уақытта кісі ақысына

көзіңді салма.

Ойда бол да, қырда бол, бендесін хақ,

Һәммесін асырайтын жалғыз Алла.

Сенбеңдер, сірә, зінһар бөтен елге,

Сөлтек жүріп, сұлтандық өнер деме.

Алаштың адал жүрмек ата жолы,

Тіліне нәпсі, шайтан ере көрме.

Өзіңді жатта өлімнен ертелі-кеш,

Еш уақытта діндеріңді

қолдан берме.

Үй табу, үйір табу қиын болар,

Жат жұрттан сүйек-тамыр

бола көрме.

Ұмытпа Алаш қазақ ұраныңды,

Ойыңнан үзбе халқым, құраныңды.

Артыңа өлгендерің өсиет қыл,

Халық боп, Қаратауда құралуды.

Шықпасын көңіліңнен пенделігің,

Болмасын бөтен ұлтқа ермелігің.

Жеп қалма, саяқ жүріп

сырттан таяқ,

Ескіріп, естен шықпай, елдегі күн.

Тіріңді тез заманда табыстырып,

Иманы нәсіп етсін өлгенінің.

 

                                      Топыш ақын.

 

 Бұл жырларды қалай жаттағаны туралы Әбдірайім ақын былай дейді:

 

1920 жылдар шамасында әкем Байтұрсын марқұм Бұқар жаққа барған еді. Сол жолда иелері кетіп, иесіз қалған үйден бір кітап тауып алыпты. Кітап «Ақтабан шұбырындының тарихы» деп аталған. Кітап қара сиямен арабша жазылған. Сырты жыртылған, кім жазғанын біле алмадық. Сол кітаптың ішінде осы екі өлең бар еді. Мен сол кезде жаттап алған едім. Кейін кітап жоғалып кетті. Кітапта осы екеуінен басқа өлең болмаған көрінеді. Бұл өлеңдер жөнінде Әбдірайім ақын осыдан артық ештеңе білмейді».

Әбдірайім ақсақал діндар, ауыл ішінде молда атанған адам, ескіше көп білім алған, суырып салма ақын. 

 

Топыш ақын ұрпақтары.

Әлқисадан бастасақ сонау Арғын – Ақсопы Кенжесопы – Тобықты – Рыспетек – одан Мұсабай, Көкше, Дадан.

  Осы Көкшеден – Топыш ақын, Томан. 

Топыш ақыннан – Бәші, Шобан.

Осы Бәшіден – Алыбай, Жақсыбай ( Жасыбай), Қарабақан, Тарабай тарайды.

Бәшінің қос баласы Ақтабан шұбырынды кезінде Алыбай мен Жақсыбай Шыңғыстаудан Сыр даласына қарай ауа көшкен. Қарабақан мен Тарабай ұрпақтары Шығыс Қазақстан да қалып қойса керек. 

   Алыбайдан тарайтын Мамашәріп бидің Төлеген деген баласы осы шежірені былайша жалғастырады:- 

 Алыбай, Жақсыбай қилы жаугершілік заманда, су жағалап бері қарай көшеді. Бұл уақиға шамамен айтқанда 1723 жылдардың тұсы болса керек. 

Бір жағынан жау қысқан, екінші жағынан – аштық-жалаңаштық қысқан ел, оның үстіне ата жұртынан ауа көшкен босқын елде қандай сән-салтанат болсын, боса көшіп отырып талай жерді шарлаған деседі. 

 

 \”Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады\” дегендей, босып бара жатқан елге бопса жасайтындар да табыла кетеді емес пе, талай жерде талықсып, енді өлдім дегенде әуелі Құдай, алды ата-баба әруағы колдап көшін қайта түзеп алғанға ұқсайды. Содан әрі қарай айта берсек, ауа көшкен екі атаның бірі Жақсыбайдан төрт ұл туады. 

Олар – Тұрсынбай, Ораз, Есқожа, Қозы дегендер Түркістан шаһарының маңында қалып қойыпты делінеді. 

Шамамен 1770 ж дейін нақты қоныс тепкен. 

 Ораз ұрпақтары бүгінде өздерін Ораз тобықты деп Түркістан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында бір қауым ел болып осы ауылдың халқын құрап отыр. 

Ал Есқожа ұрпақтары бүгінде Түркістан қаласы мен Шорнақ өңірін мекендеген.

 

Топыш ақын
Tagged on: