Байжігіт (1705—1795) — күйші–композитор, бостандық жолындағы күрескер.[1] Сары Нияз төренің шәкірті. Байжігіт өмірі дені ат үстінде, қалмақ басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес кезеңінде өткен. Сол жорықтар әсерімен “Нарын”, “Қылау батыр”, “Алмажай” сияқты күйлерін шығарған. Эпикалық сарында тартылатын күйлерінде ел қорғаны болған жаужүрек батырлардың бітім-келбеті музыка тілмен өрнектелген. Оның “Секіртпе”, “Бұлғын сусар”, “Тоғыз тоты”, “Қособа” атты күйлері тыңдаушыны ерекше нәзік сыршылдығымен елітеді. Бұлардан басқа “Азат”, “Ақтабан”, “Аңшының зары”, “Беласар”, “Қашқан қалмақ”, т. б. күйлері бар. Байжігіт күйлері қазіргі ШығысҚазақстан облысында (Семей өңірі, Шұбартау, Аягөз, Абай ауд.) және ШығысТүркістанда кең тараған. Оның күйлерін Манеке, Мыңқабыл, Бекжан, Талтүс, Рәш, Қоңыр, Ақжүрсін, Қызай, Бодау, Жүнісбай, Құлыншақ сияқты күйшілер кейінгі ұрпаққа жеткізген.
Байжігіт Жаулы