Елікбаев Ілес Елікбайұлы
Елікбаев Ілес Елікбайұлы 1940 жылы 5 сәуірде бұрынғы Бөген ауданы (қәзіргі Қазығұрт ауданы) Ақжар ауылында дүниеге келген.
Әкесі Байысбекұлы Елікбай Орта Азияға белгілі, атақты шабандоз болған, анасы Қымқап жайдақ руынан шыққан Сәтбай болыстың қызы.
Елікбайұлы Ілес 1960- 1964 жылдары Ақжар бастауыш мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Кейіннен 1964- 1987 жылдары механизатор атанып, механик болып жұмыс атқарды, 1988- 1991 жылдары аралығында ауыл шаруашылығы техникаларының паркінің меңгерушісі болып, жастарды ауыл шаруашылық техникаларына үйретуге ұстаздық жұмыс істеді. 1993 жылдан бастап жеке шаруа қожалығында жұмыс істеді.
2003 жылы зейнет жасқа толып, зейнеткерлікке шықты.
1973 жылы комбайнда егін оруда рекордтық көрсеткішке жетіп, еңбегі еленіп, социалистік жарыстың жеңімпазы атанып «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталды.
1978 жылы «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, осы жылы Қазақ КСР министрлер кеңесінің құрмет грамотасымен мараппатталды.
1982 жылы К– 700, К- 701 тракторларында жер жыртудан республика бойынша рекордтық көрсеткішке жетіп, еңбегі еленіп, екінші мәрте «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталды.
Елікбайұлы Ілес 1970- 1988 жылдары аудандық кеңестің бірнеше рет депутаты болып сайланды.
Елікбайұлы Ілестің халық арасында беделі жоғары, елге сыйлы азамат болды. Ол кісінің 1968- 1969 жылғы ел есіндегі қатты қыста халыққа жасаған еңбектерін Ақжар ауылының тұрғындары әліге дейін аңыз етіп айтып жүреді. 1968- 1969 жылы қатты қалың қар жауып, – 40 градус суық болып елді қатты әбіржітті. Сол кезде Елікбайұлы Ілес өзіне берілген Е- 100 техникасымен ауыл арасына, малшы- қойшыларға жол ашып, азық-түлік және мал азығын жеткізіп үлкен ерлік көрсеткен. Өмірінің соңғы жылдарында ауыл адамдарына өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жеке шаруашылығын жүргізу үшін жер жырту, егін егу, егін ору жұмыстарына жәрдем беріп, көмектесті.
Елікбайұлы Ілес өз ғұмырында көптеген ауыл шаруашылығының мамандарын, яғни шәкірттерін тәрбиелеп шығарды.
Елікбайұлы Ілес жанұялы, жұбайы Асанқызы Гүлзейнет екеуі жеті бала 3 ұл, 4 қыз өсіріп, тәрбиеледі. Ұлдары, қыздары жоғары білімді мамандар, әр түрлі салада қызмет етіп жатыр.
Елікбайұлы Ілес 2007 жылы 17 сәуірде науқастанып дүниеден өтті.
Мәлімет берген: Елікбай Асқар