Өмірбаян
Медетов Еркін Жұмағұлұлы, 1984 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. Әкесі Медетов Жұмағұл Бекенбайұлы және анасы Медетова Жұмағайша Смағұлқызы эпидемиолог дәрігерлер.
2001 жылы О.А. Жолдасбеков атындағы №9 жаратылыстану-техникалық мектеп-лицейін үздік бітірген. 2001-2007 жылдар аралығында Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде, «емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, үздік дипломмен тәмамдаған. 2007-2008 жылдары аталған жоғары оқу орнында «хирургия» мамандығы бойынша интернатураны аяқтап шығады. 2009 жылы Алматы қаласында, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «нейрохирургия» мамандығы бойынша алғашқы мамандандыруды оқып шығады. 2010-2014 жылдары Ұлттық Нейрохирургия орталығында «Нейрохирургия және соның ішінде балалар нейрохирургиясы» мамандығы бойынша резидентураны бітіреді. 2014-2015 жылдары Ұлттық онкология және трансплантология орталығында, «Ангиохирургия (рентгенхирургия, интервенциялық хирургия) мамандығы бойынша алғашқы мамандандыру оқып, 2016-2019 жылдары Астана қаласында, Астана медицина университетінде, «медицина» мамандығы бойынша докторантураны бітіріп, бірнеше жылдық оқудың нәтижесінде философия докторы PhD ғылыми дәрежесі атағын иемденеді.
Медицина саласындағы жұмыс өтілі 14 жылды қамтиды. Нейрохирургия саласында шұғыл, тамырлы және функционалдық, балалар нейрохирургиясы бойынша, 2500 ден астам ота жасаған. Еңбек жолын 2008-2010 жылдары Шымкент қаласында, «Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында», шұғыл нейрохирургия бөлімшесінде дәрігер нейрохирург болып бастаған. 2011 жылдың желтоқсан айынан 2012 жылдың тамыз айы аралығында Астана қаласында «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында», политравма бөлімшесінде дәрігер нейрохирург; 2013 жылдың тамыз айынан, желтоқсан айы аралығында «Жол ауруханасында», шұғыл нейрохирургия бөлімшесінде дәрігер нейрохирург. 2011 жылдың мамыр айынан 2021 жылдың маусым айына дейін АҚ «Ұлттық нейрохирургия орталығында», тамырлы және функционалдық бөлімшесінде дәрігер нейрохирург болып жұмыс атқарады. 2021 жылдың шілде айынан, қазіргі таңға дейін Шымкент қаласына оралып, нейроинсульт қызметінің басшысы лауазымына кіріскен. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында доцент қызметін атқаруда.
Қазіргі таңда оңтүстіктің нейрохирургиясын дамытуда үлесін қосып қоймай, Қазақстанның өзге қалаларында, Тәжікстан мен Өзбекстанның қалаларында мастер-класстар өткізуде.
2008 жылы, Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындарының түлектерінің үздігі конкурсында 3 орынды иемденгендігі. 2010 жылы «Үздік жас маман» конкурсында, «Үздік жас дәрігер» номинациясының гран-при иегері. 2018 жылы «Ұлттық Нейрохирургия орталығының», «Үздік дәрігері». 2019 жылы «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Қазақ нейрохирургтары ассоциациясының мүшесі, Европалық нейрохирургтарының ассоциациясының мүшесі, Дүниежүзілік нейрохирургтар федерациясының мүшесі. Дүниежүзілік инсульт ұйымына кіретін, Қазақстанның инсульт ассоциациясының президенті ретінде, елдегі инсультты емдеуде үлкен үлесін қосып жүр. Қазіргі таңда жүйке оқу орталығын ашуда.
Қазіргі таңда Қазақстан және шет ел журналдарының бетінде 50-ден астам ғылыми жұмыстары жарық көрген. Нейрохирургия бойынша Германия, Сингапур, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Ресей елдерінде өз білімін жетілдірген. Түркияда өткен Дүниежүзілік нейрохирургтардың конференциясында және Бельгияда өткен Европа нейрохирургтарының конференциясында докладтар жасаған. Бірнеше патенттердің авторы. Қазақстанда нейрохирургия саласында жаңа технологияларды еңгізуге атсалысқан. Ғылыми проект жобасында «Қазақ популяциясының ми тамырларының аневризмасын генетикалық зерттеу» жұмысын атқарған.
Үйленген, зайыбы Гүлдана Әбдіхадырқызымен бірге екі қыз, екі ұл тәрбиелеуде.
Мәлімет берген: Медетов Жұмағұл