Қаратай Ақанайұлы 15 ғ.
Ақанай бабамыз бір үлкен жорыққа аттанарда бәйбішесіне:
《Қалың жау анталап келеді, біз бүгін сол қатал жауға аттанып бара жатырмыз, ертеңгі ақшам намазына дейін оралмасақ, біздің жеңілгеніміз, артымдағы жалғыз ұрпағым-Қаратайымды бір амалын тауып құтқарарсың》, -деп айтып кетеді. Ертесіне ешкім оралмайды, кеште ауылды жау шабады. Сасып қалған бәйбіше алты жасар ұлын он алты қанат ағаш үйдің түндігіне жасырарда айтқан екен: 《Аман-есен қалып жатсаң, батысты бетке алып жүре бер, алдыңнан нағашыларыңның ауылы кездеседі, соларға жетсең аман қаларсың》, -дейді. Алласы жар болып, аман қалған 6 жасар Қаратай жүгіріп отырып, ертеңіне әбден шаршап, әрең дегенде нағашыларына жетеді. Нағашылары жалғыз жиенін ешкімнен кем етпей өсіреді. Жастайынан өжет батыр-батыл болып өседі. Өскеннен кейін бір жорықта әкесін өлтірген жоңғар батырын жекпе-жекте өлтіреді. Басқада батырлармен үзеңгілес соғысып, талай ерлік пен батырлық көрсетеді. Батырдың тыныштықта аңға шығатын да әдеті бар екен. Үстірттің жолбарысын аулауға шыққан бір кезеңінде тауға шықса, етекте орналасқан отыз шақты ақ-шаңқай киіз-үйлерді көріп, барады. Қасына қырық шақты жолдасы бар батырды ауыл аяғынан тік жүріп қонақтайды. Сөзі ұстамды батыр тіс жарып ештеңе айтпайды. Барса бұл ауыл хан келеді деп күтініп отырған ел екен. Содан Қаратай батыр хан сыбағасын жеген батыр атанып кетеді. Сондай батырлығына орай Масқар руының ұранына айналған ержүрек батыр.