Есенғабыл, Есенбек батырлар (шамамен ХІХ ғ.ө.с.) – Бағаналы Найманның атақты батырлары. Бізге жеткен ел аузындағы деректер қос батырды елін қорғаған жаужүрек біртуар тұлғалар ретінде дәріптейді. Әкесі – Бағаналының Сарғалдақ батырдан тарайтын Шағатай бұтағынан туған Қырқы есімді қарапайым кісі. Нағашысы Балталыдан шыққан есімі елге белгілі Қашқын батыр. Осы батыр қызын Қырқыға ұзатарда: «Қызым тек батыр туатын жаратылысты еді, тағдыр мына бір жәутікке бұйыртты-ау!» дегенін құлағы шалып қалған Қырқы Есенғабыл он беске, Есенбегі он үшке келгенде жасы жүзге жетіп отырған атасына екі баласын (жиендерін) көрсете сәлем бергізуге келіп «Бұдан артық маған Әзіретәлі тудыр деймісіз» деген екен. Сонда қасы көзін жапқан Қашқын батыр көзін ашып: екі жиеніне тіке қарап: «Жүректерінің түгі сыртына шығып, азуларын айға білеп тұр екен. Жаны халқының үстінде шыққан ер болсын!» деп батасын беріпті. Батыр мазары Талап селосынан оңтүстік шығысқа қарай 7-8 км жерде орналасқан. Інісі Есенбек батыр мазары Жетіқоңыр ауылынан оңтүстікке қарай 40 км жерде орналасқан.
Есенғабыл, Есенбек,
Жаралған соң анадан,
Қыдыр дарып, бақ қонып,
Туғаннан құдай қалаған.
Басқаша болды жұмысың,
Өзің теңдес баладан.
Он жасында сөз тыңдап,
Үлгі алдың жақсы данадан.
Он бес жасқа келгенде,
Қабырға халық сынаған .
Дариядай тасып, тау бұзған,
Асып кетті қанадан.
Хандармен бағаң тең болды,
Тусаң да баста қарадан .
Ердің құны болса да,
Бір сөзің менен тараған.
Мал айдадың, май шайнап,
Жайлау алдың саладан .
Қандай еді, батыр – ай,
Қатарындағы бар адам?
Кедей, бай бірдей мас еді
Шалқыған қайран заманнан.
Батыр,сізге шамасыз
Бақытты құдай бергені.
Ол кездегі халықтың
Кеңшілік болды көргені,- /2/
деп Молда Мұқан Қыр елінде батырлықтарымен, жақсы қасиеттерімен аттары шыққан Қырық деген кісінің ұлдары Есенбек пен Есенғабылға арнап шығарған толғауы тарихи дерек, мағлұматтар беретін шығармалар қатарында саналады.