Қызылорда обл. Қазалы ауданы, Томайкөл ауылында 1923 жылы дүниеге келдім. Сарытоғай мектебін бітірісімен, 1941жылы соғысқа аттанып кеттім. Әуелі поезбен Орынбор маңына түсірді, сосын Горький обл. Дзержинский қаласына түсірді. Аз уақыт әскери дайындықтан кейін, Москва түбіне 40км-дей келіп жатқан Гитлерлік Германия армиясына қарсы Қазақстанның N°316 генерал Панфилов полкына қосып жіберді. Сөйтіп Кеңес Одағының қолбасшылары Сталин мен Жуковтың өте құпия, <фашист армиясын Москва түбінен аластап кері қайтару> мақсатындағы өздері құпия белгілеген, 1941жылдың 50-55° аязды 6 желтоқсан күні азанғы сағат 4-те басталған тарихи қарсы шабуыл қырғын соғысына қатыстым. Бұл күні әлі соғысқа салынбаған, қатыспаған, Ұлы жеңіске бірден бір себепші болған, сол кезде жер жүзінде тек Кеңес Одағында болған мықты қару \”Катюша\” бірінші рет қолданылды. Сол күні кеңес армиясының қажырлы қуатына шыдамаған Гитлер армиясы 200км кейін қарай шегінді. Соғыстың басынан бастап соңына дейін жүріп, соғыс өткен қалалардың көбісінің атын ұмытып қалғандықтан есімде жоқ, әйтеуір әдепкіде Украина фронты қарамағында Киев арқылы жүріп отырып Германия шекарасына барған соң , Берлинді бірінші болып алған маршал Жуковтың басқаруындағы Белоруссия фронты қарамағында болып, бүкіл соғыстың ауыртпалығын, қиыншылығын бастан өткізіп, тарихи Ұлы жеңіске жақындағанда, ауыр жарақат алып, біраз уақыт соғыс госпиталында жатып ем алып, мүгедек атанып елге аман оралдым. Сонан кейінгі өмірім Қазалы асыл тұқымды қой шаруашылығында болды. Жұбайым Жанкүл Байназарқызымен семьялы болып, 13 балалы болдық. Жанкүл Байназарқызы Батыр ана атағына ие болып, Кеңес одағының \”алтын орденімен\” марапатталды. Шаруашылықта әуелі қойма меңгерушісі, кейіннен бас есепші қызметіне дейінгі лауазымдарда қызмет атқардым. Шаруашылық қызметтерін атқара жүріп, бала күннен бергі кітап құмарлық әдетіме байланысты, кітап, газет, журналдарды үйге жинай жүрдім. Жинаған материалдарымның көлемі көбеюіне байланысты, және ауыл тұрғындарының қызығушылығына байланысты, әуелі тұрғын үйімнің бір бөлмесін арнап, кейін кітапхана ғимаратын соқтым . Мұндай ауыл тұрғындарына қызмет жасайтын жеке кітапхана облыс көлемінде болмағандықтан, жеке кітапханамда осы саладағы облыс басшыларының ұйымдастыруымен облыстық кітапқұмарлар семинары өтті. Кейін жеке кітапхананың материалдық қоры артып және абоненттерінің саны көбейюіне байланысты, менің бұл кәсібім мемлекет басшыларының назарына ілініп, қолдау тапты. Кітапханамда облыс әкімі Б. Сапарбаев, мәдениет министрі болып тұрған кезінде А. Сәрсенбаев және басқада бірнеше ресми тұлғалар оң бағаларын беріп, қонағым болғандары есімде. 2000 жыл, Республикамызда мәдениетті қолдау жылы болып белгіленіп, ҚР Президентінің жарлығымен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталдым. Бүгінгі күнге дейін мемлекет және өзімнің шаңырағымнан жайылған жапырақтарымның әлпештеуімен құдай берген денсаулықтың арқасында, осы жасыма дейін аман – есен келемін.                                                                                             2021 жыл 9 мамыр.

Әбішұлы Әбдіраманның өзінің айтуы бойынша өмірбаяны
Tagged on: