Нұрсұлтан  Оңғалбаев

/1887-1927/

Нұрсұлтан  Оңғалбаев-белгілі паргия, кеңес қайраткері. Форт-Александровскідегі бір кластық казак-орыс мектебін бітірген /1899/. Содан кейін Ашхабат қаласындағы гимназияда оқыған. 1907 жылы патша өкіметіне қарсы партияға тілектестігі үшін оны гимназиядан шығарған. Түрікмен, әзірбайжан, татар, орыс, неміс, француз тілдерін еркін меңгерген. Ол 1909 жылы Манғыстауды зерттеген неміс ғалым Рихард Карутцтың  ғылыми этнографиялық  экспедициясына  әкесі екеуі жолбасшы әрі аудармашы тілмаш болып ел аралайды. Кейіннен Еділ-Каспий флотында қызмет етті. 1917 жылдан кеңес органдарын құру ісіне белсене араласты. Ол уездік атқару комитеті аппаратын, комитет құрамдарын жасақтау, оған алдыңғғы қатарлы қызметкерлерді тағайындауға басшылық жасап, Адай ауылдарын әкімшілік аймаққа бөлуге атсалысқан. Адай ревкомының мүшесі /1921/ ретінде Маңғыстаудың жер, су жағдайларын ескере отырып Адай уезін қонысы мен шаруашылығына қарай 5 аудан, 60 болысқа жүйелеген.Уездік атқару комитетінің алғашқы төрағасы/1920/, Уездік милиция бастығы  /1921/, уездік комитеттің хатшысы /1923/ болып жұмыс жасаған.

«Маңғыстау» энциклопедиясы,

2008 жыл.

Түбектегі  Совет  Үкіметінің  тұңғыш  басшысы

         «Бозашы» жеріндегі Ораз Оңғалбаевтың семьясында 1887 жылы ұл бала дүниеге келді. Ол Ораздың алғашқы қуанышы болғандықтан ат шаптырып той жасап, баласына Нұрсұлтан деп ат қойды. Баласының зерделілігіне шубә келтірмеген әке ауылдан арабша хат танығаннан кейін, Нұрсұлтанды фортқа әкеліп, интернатқа орналастырды да, бір кластық орыс-қазақ мектебіне берді. Бұрын орыс тілі түгіл орыс көрмеген Нұрсұлтан аз уақытта оріс тілін тез меңгерді де, оқуда өз әріптестерің алдына шықты. 1899 жылы мектеп бітірген Нұрсұлтанды Ораз  мұғалімдердің кеңесімен Закаспий облысының орталығы Ашхабадқа апарып гимназияға оқуға түсірді.

         1905 жылы ноябрьде Ташкент қамалындағы Түркстанның резервтегі бірінші батальоны мен Ташкент артиллерия бөлімдерінің қарулы көтерілісі болып, оның аяғы халықтық қозғалысқа ұласты. Осы кезде «Ұратөбе азаматтарына» деген үндеу Ашхабад гимназиясының  алдыңғы қатарлы студенттерін оятты. Соның бірі болған Нұрсұлтан орыс пролетариатының күресіне үн қосып, Ашхабадтағы РСДРП ұйымымен байланыс жасайды.

         Оңғалбаев елге келген сапарында 1905-1906 жылдары революциялық қозғалысқа қатысқандары үшін Маңғыстауға, соның ішінде форт-Шевченкоға жер ауып келген РСДРП мүшелері А.Б.Белковский, Иосиф Прачицкий, Кронштад матросы Потапов, Балтық матросы И.Кощеев, А.Сударьлармен жақын танысады. Нұрсұлтан өз өмірбаянында: «Патша үкіметіне қарсы, партияға тілестестігім үшін 1907 жылы мені гимназиядан шығарды, бірақ үлкен жазадан әкем арашалап, кепілге алды»-дейді.

         Елге келген Нұрсұлтан Маңғыстау уездік  полиция қарауында бола жүріп, 1908 жылы  фортта жұмысшылардың төңкерісшілдік  ұйымын құрады. Станица Николаевская /қазіргі Баутин поселкесі/ поселкасында төңкерісшіл ықпалдағы тасшы, тұзшы, балықшы, жүкшілерден  ұйым ашты. Оның төңкерісшіл тобында ағайынды Шмелевтер, Атанасов, Рахмановтар болды. Сөйтіп 1905-1907 жылдың қозғалысы жергілікті интеллигенттер мен жұмысшыларды ұлт-азаттық қозғалысқа тартты. Реакция жылдарында Оңғалбаев ел аралап, Түркстанның  барлық қалаларында, Оралда, Кавказда болып  ондағы  марксшіл ұйымдармен  байланыс жасап, Маркстың, Плехановтың, Лениннің еңбектерімен танысады. РСДРП-ның Ашхабадтағы ұйымымен байланыста болды.

         1917 жылы фортта Қызыл Армия бөлімінің құрылуына байланысты Совдеп Н.Оңғалбаевты керекті қару-жарақ, киім, форма, азық-түлік, қаражат әкелу үшін қасына Абдрахман Көбеевті, Қосбатыр Тәжиевті қосып, Ашхабадқа, Ташкентке жібереді. 1918 жылы Нұрсұлтан Совдеп  мүшесінің бірі болып,  13 майда уезд көлемінде оқу жұмысын жолға қою жөніндегі  комиссия құрамында жұмыс жасайды.

         1919 жылы  30 апрельде Еділ-каспий флоты В.И.Лениннің  тапсырмасын орындап, ХІ армияның Реввоенсовет мүшесі С.М.Кировтың бұйрығымен ақтар билеп тұрған фортты азат етті. Флоттың басшыларымен бірінші болып байланыс жасап, қала халқының өкілі ретінде  Оңғалбаев фортта Совет үкіметін қалпына келтіруді қолына алады. Нұрсұлтан ХІ Армияның саяси комиссары В.А.Варагановпен бірге   өз пікірлестерімен байланыс жасай отырып жергілікті халықтың партияға кіргендерінен  партия ұясын құрысты. Өзі партияға мүшелікке кандидат болып кірді. Партияның ашық жиналысында: «БІЗДЕР ДОСТАРЫҢЫЗБЫЗ, КЕДЕЙ ЖОЛДАСТАР!» деген үндеуді қазақ тілінде жазушы да Нұрсұлтан болды.

         1919 жылғы 16 майда уездік съезге жергілікті халық делегаттары жиналып съезд президиумына В.А.Вараганов пен  Н.Оңғалбаев сайланды. Съезд жұмысын аяқтап, уездік Совет атқару комитетінің 7 адамнан құрамын сайлап, председательдігіне Н.Оңғалбаев сайланды. Бірақ интервенттердің бұйқыт шабуылына  ұшыраған Қызыл флот шегінді де, фортта Совет үкіметі құлады. Толстовтың  жіберген жазалаушысы полковник Железнов қызылдарға көмектескен, қызмет жасағандарға жазалау жүргізді. Бұл жағдай туралы Н.Оңғалбаевтың партия ісіндегі өмірбаянында: «Далалық сотпен ату жазасына кесілдім, бірақ кездейсоқ жағдаймен босадым»,-дейді.

         1920 жылдың 5 апрелінде Форт-Шевченкода  Совет үкіметі түпкілікті орнағанда Нұрсұлтан Оңғалбаев уездік атқару комитетінің тұңғыш председателі болып сайланды. Н.Оңғалбаев уездік атқару комитетінің тұңғыш  председателі бола тұрып түбекте Совет үкіметін түпкілікті орнатуға, шаруашылықты басқару, мекемелер мен қоғамдық ұйымдарды,  советтік милицияны  құру ісіне басшылық жасады. Сондай-ақ Советтің әділ сотының қармағынан құтылып кетуге тырысқан атқардың қалдықтарын, бандыларды талқандауға күш жұмсады.

         Н.Оңғалбаев Маңғыстау революциялық комитеті құрылып, партия фракциясы қызметін бастаған соң, 1920 жылы май-август айларында партия орнының лектор-информаторы  болды.  Ол уезд бойынша ел, жер  жағдайын жақсы білетін, сауатты және сенімді адам ретінде  Маңғыстауды әкімшілік аймаққа бөлу сияқты үлкен өкілдікпен елге шығады да, уезді өз жоспары бойынша 61 ауылдық Советке /болыстық ревкомға/,5 ауданға бөледі.

         Н.Оңғалбаев 1921 жылы ревком мүшесі және уездік милиция бастығы болып тағайындалады.

         Ескі өкпе ауруы қозған Нұрсұлтан бұдан кейінгі кезде жауапты қызметтерге бой ұруға мүмкіндігі болмайды да 1927 жылы 40 жасында дүние салады. Бар өміріне еңбекші халықтың бостандығы мен бақыты үшін жұмсаған Нүрекеңнің тамаша өмірі осылай аяқталады.

Е.Өмірбаев,

«Жаңа өмір» № 57

14 мамыр 1970 жыл.

 

    КССР.

  Адаевский

Уездной революционный

       комитет

Г.Форт-Александровск,

                                                        М А Н Д А Т

7/у-1921 год.

№ 1848

                            Дано  кандидат тов.НУРСУЛТАНУ  УНГАЛБАЕВУ в том, что делегируется  Адаевским революционным Комитетом для доклада Кыргызскому Центральному Исполнительному Комитету о политическо-экономическом, административном, территориальном и других положениях Адаево-Мангишлакского Уезда, а также для получения указаний от К.Ц.И.К. на будущее время для представления таковых Адаевскому Революционному Комитету, по чему последний просит Все советские учреждения администрации водных, железнодорожных и других путей сообщения оказывает УНГАЛБАЕВУ  полное содействие в деле выполнения возложенных на его обязанностей. Тов.УНГАЛБАЕВУ  предоставляется право переговоры по телеграфу и телеоном, а также предоставляется право выяснять на местах вопросы  о взаимоотношениях Адаево Мангишлакского Уезда с другими Центрами и положениях граждан Адаево Мангишлакского  Уезда проживающих на территориях других Уездов, что удостоверяется подписями и приложением печати.

 

 

                   ПРЕДСЕДАТЕЛЬ РЕВКОМА:-                                 С.ЖУБАЕВ.

М.П.                      

СЕКРЕТАРЬ :-                                               ТАГАНАЗАРОВ.

 

         Ивлен зарегистрирован отдел внутрен.

Управление Адуревкома  7 мая с/г  за №  215

 

Врид.Зав.отдел.Управ:-                                                                /УМИТБАЕВ Т./

 

С Е К Р Е Т А Р Ь :-                                                             / подпись/

 

 

 

 

 

 

 

 

Нұрсұлтанның  нұрлы  жолы

         Нұрсұлтанды 12 жасқа келгенде әкесі Ораз Ашхабадқа апарып, гимназияға түсіреді. Мақсат орысша білім алып, тәрбиелеу. Баланың аты бала ғой, Нұрсұлтан Ашхабадқа қалғысы келмей ренжігенмен, әкесі оқуға тастап кетеді. Бұл жақта да Нұрсұлтан өте жақсы оқып, орысшаға сауаттылығы сондай, әкесінен де асып түскен түр танытады.

         Елге қайтып  оралғаннан кейін ол лауазымды қызметтерге кірісіп, бірден-ақ көзге түседі. Бірде болыстар, басқа да игі жақсылар жиналған жиын болғанда әкесі Оразға: «аға осы съезге ылғи шалдар бара беретіні қалай, біздер де барғымыз келеді, қалай қарайсыз?»дейді. Жас  жігіттің бұл сөзіне сүйсініп, Ораз бірде баласын Орынборға ала кетеді. Жолда келе жатып Нұрсұлтан  әкесіне: «Осы жиында бізге де сөз тиер ма екен?» деп сұрайды. «Нұрсұлтан-ау, не мәселе туралы сөйлегің келеді?» Сонда Нұрсұлтан  сөйлейтін сөзінің желісін айтып береді. Ораз бұған сүйсініп мақұлдапты. Сонымен Нұрсұлтан  сөйлейтін болады. Жиыннан шыққан соң Ораз: «Шалдар-ау не білгендерің бар, балдарымыз да өз қолдары өздеріне  жетіп, сөздің иесі болып қалыпты ғой, енді орнымызды бере берсек те болғандай екен» дегенде өзгелері қостап, бас шұлғыпты. Сол жиында Нұрсұлтан орысша да, қазақша да суырыла сөйлегенде, залдағылар тұнып қалған ғой. Арада бірнеше жыл өткенде Нұрсұлтан Орынборға тағы да бір беделді жиынға барады. Бұл ретте ревком төрағасы Тобанияз Әлниязов екен де, оның хатшысы Нұрсұлтан болады. Сол жиында Тобанияз сөйлеуге тиісті екен. Сонда Тобанияз: «Мен сырқаттанып отырмын, менің хатшым Оңғалбаев сөйлейді» деп ескертеді. Мінбеге Нұрсұлтан шақырылады. Залдың кейінгі жағынан үстінде сәмілген  түйе  жүк шекпені бар, басында түлкі тұмақ киген Нұрсұлтан мінбеге қарай жүреді. Жиналыс алқасы мен залдағылар: «Адай келе жатыр. Адай келе жатыр» деп сыпсыңдасып, мырс-мырс күледі. Нұрсұлтан мінбеге таяу жердегі киім ілгішке келіп, халыққа сыртын беріп тұрып асықпай түйе жүн шекпенін, түлкі тұмағын шешіп, шашын шалқайта тарап-тарап жіберіп, мінбеге шыға келгенде ақ көйлек киіп, қара галстук таққан, қара швиот костюммен жұтынған, қияқ мұртты сұлу жігіт жарқ етеді. Сонда манағы мырс-мырс күлгендер су сепкендей басылады. Сәл тұрып сөзін «Товарищи» деп бастаған Нұрсұлтан мүлтіксіз таза орыс тілінде Маңғыстаудың жайын, көшпелі өмірін, оның басты проблемаларын шебер айтып береді.  Зал құлаққа ұрған танадай тыныш күй кешкен. Содан соң тыңдаушылар: «Адай ревкомының хатшысы мынадай болғанда, оның төрағасы қандай?» -деп бастарын шайқап сыбырласыпты. Асылы Тобанияз ауырмаса да Нұрсұлтанға сенім артып әдейі солай істесе керек.

         Нұрсұлтан бірде әкесі Ораздан енші беруін сұрапты. Сонда Ораз: «Мен сенің еншіңді әлдеқашан бергенмін. Бақтым, қақтым, оқыттым, сауаттандырдым. Түсінсең сол да саған аз енші емес. Енді өз тамағыңды өзің тауып же» депті.

         Нұрсұлтан үндемей жүре береді. Өзі ол уақытта патшаның жергілікті жердегі бір жауапты қызметінде көрінеді. Қазақтың арасында сірә бірін-бірі түртпектемей қарап  жүру қалған ба, бірде әлдекімдер әкесі Ораздың үстінен жазылған арыз болады. Оны Нұрсұлтанның өзі қарайды. Ол арызды талқылап қарап, әкесі Оразды бөтеннің алдында жығып береді. Кеңседен  шыққасын Нұрсұлтан үйіне қарай жүреді. Әкесі Ораз ызаға булығып «Қап, бәлем» деп үйге әзер шыдап жетіпті. Келісімен: «Әй, оңбаған әкеңді дұшпанға таба етіп, не бетіңмен келіп отырсың?» деп дүрсе қоя береді. Сонда Нұрсұлтан: «Сөзіңе құлдық, әке, анада өзің айтқан жоқсың ба, «еншіңді бердім, тамағыңды тауып же» деп. Тамақ табу қамымен мен сені қуған адамдардан 20 бойдақ пара алдым. Егер сен одан асырып пара берсең арызыңды қайта қарап, оларды да саған жығып беру менің қолымнан келеді» деген екен. Әкесі Ораз сөзден жығылып, үндеместен Саржан тоқалы жатқан бөлмеге кіріп кетеді. Бұл жерде Нұрсұлтанның қаттылығы, Ораздың жөнді сөзге тоқталатын мәрт мінезі аңғарылып тұр.

         Нұрсұлтанның кезінде арақ ішу, ілу де шалу бір кездесетін. Нұрсұлтан аздап арақ ішеді екен. Өзіне «мұның қалай?» деп ақыл айтқансымақтарға: «Әттең мен көрмеймін ғой, бұл арақты күндердің күнде қатын мен бала да ішеді, бірақ ит жаламайтын болады» депті. Иә, Нұрсұлтанның айтқаны келді.

         Нұрсұлтан 1923 жылы уездік комитеттің хатшысы болып тағайындалады. Бұл жылдары елді қоныстандыру, шаруашылықты нығайту жолындағы көптеген жұмыстарға Нұрсұлтан белсене араласты. 1924 жылдың қаңтар айының аяқ шенінде Лениннің қайтыс болуына байланысты РСДРП Орталық  Атқару комитетіне Адай уезі  коммунистерінің және Адай уезі жұмысшы-қызметкерлерінің жалпы жиналысы атынан екі жеделхат / /«телеграмма»/ жолданды. Бұларға қол  қоюшылар мәжіліс төрағасы  Құлшаров, хатшысы Оңғалбаев болды. Нұрсұлтан 1917 жылы Форт-Александровскіде орнаған алғашқы Совдеп мүшесі. 1917 жылы Еділ-Каспий флоты қаланы азат еткенде ревкомның төрағасы болды. Ол Фортқа екі аяқты велосипедті әкелген, мініп көрсеткен бірінші адам екен. Ол шамасы гимназиядан оқудан келгенде ала келсе керек. Ол жөнінде кезінде ел  арасында: «Нұрсұлтан көп оқыған адам ғой, оқу дұғаның күші болар, қылдай екі дөңгелегі бар шайтан арбанын үстінде құламай жүре беретін көрінеді» деген әңгіме де таралған.

         1919 жылы 16 мамырда уездік съезге жергілікті халық  делегаттары жиналып, съезд президиумына ХІ армияның саяси комиссары Варганов пен Оңғалбаев сайланды. Съезд жұмысын аяқтап, уездік атқару советі комитетінің 7 адамнан құрамын сайлап, төрағалығына Н.Оңғалбаев сайланды. Бірақ интервенттердің кенеттен шабуылына ұшыраған Қызыл Флот шегінді де, Фортта Совет үкіметі құлады. Толстовтың жіберген жаулаушысы полковник Железнов қызылдарға көмектескен, қызмет жасағандарды жазалауға кірісті. Бұл жағдай туралы Н.Оңғалбаевтың партиялық ісіндегі өмярбаянында «Далалық сотпен ату жазасына кесілдім. Бірақ кездейсоқ жағдаймен босандым» делінеді.

         1920 жылдың 5 сәуірінде Форт-Шевченкода Совет үкіметі түпкілікті орнағанда Нұрсұлтан уездік атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Ол көптеген ұйымдастыру жұмысына білгірлікпен басшылық етті.

Нұрсұлтан көп жылдар бойы өкпе ауруынан азап шегіп жүрген. Ақыры 1927 жылы 40 жасында қыршын кетті. Ол қайтыс болғанда қала жұртшылығы қимай-қимай жүректері жылап тұрып «Сислам Ата» қауымдығына  жерлейді. Ол өзі бастаған талай ісін аяқтай алмай, халқын қимай, бар арманы ішінде кетті. Теңдесі жоқ асыл азамат осылайша әрі асқақ, әрі адал, әрі іскер, зор білімдар, шебер ұйымдастырушы, нағыз халық үшін туған ер есебінде ел жадында мәңгі қалып қойды.

Өз дәуірінің ғұламасы Нұрсұлтан Оңғалбаев
Tagged on: