Ертеректе Қаратаудың күнгей бетін жайлаған. Ыстыдан тарайтын Тасша руының Адам деген байы Көкпар беріпті. Сол көкпарға қатысып, еліне қайтып келе жатқан Байқарағанның бір топ шабандоз жігіттеріне Убайдулла деген жездесі жолығып қалады. Ол қожа екен. Ерігіп келе жатқан жігіттер жездесініп ойнап, әлгіні аттан аунап түсіреді. Сонда Убайдулла:
«Қайын жұртым Байқараған, Сексен едің
Бұрында қайным бар деп ескермедім,
Бағыңа Досымбай мен Мөлке туып,
Белге айналдың,
Немесе қыр да емес, тепсең» – деген екен. Бұл өлеңнен біз Мөлкенің қадір-қасиетін аңғарамыз. Қара қылды қақ жарған әділ Досыбай биге тең, соған дейгейлес адам екенін байқаймыз. Расыда да ол бір рудың бетке ұстар азаматы болған. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Қохан ханның қол астында болған кезде елшілік қызмет атқарған. Хан Мөлке арқылы қырғыз елінің ханы Шабданға «келіссөзге келсін» деп сәлемдеме жолдап, оны елшілікке жіберіпті. Екі жақ бір-біріне қырғиқабақ екен. Өзі сұсты, қара сөзден қатын езген Шабдан ханды елші Мөленің бұл ісіне риза болып, сол кезде екінің бірі кие бермейтін биқасам деген матадан тігілген шапан жауыпты. Сол шапан бертінде дейін қара шаңыраққа ие болған баласы Қонысбектің үйінде сақталған екен.
Мөлке Алла-тағала бақ-дәулет берген ақылды да сөзге шешен адам болған. Ол кісіге 5-6 мың қой, 2 мыңдай жылқы, 400 ден астам түйе біткен көрінеді. Ауыл балаларын мұсылманша оқыту үшін өз қаржысынан мешіт салдырып, молда ұстаған. Мөлке қасына үнемі пысық та елгезек туысы Серікбайды ертіп жүреді екен. Серікбай да от тілді, орақ ауызды шешен болған.
Мөлке жасы 50 ге келгенге дейін перзент көрмеген. Бір дауда сөзден тосылған Тасша руының болысы Аман оған:
– Әй, Мөлке! Бимін деп көкірек керме сенен де билік қалар, әлі талай бұл күніңе боларсың зар. Баймын деп күпінбе «Батыр – бір оқтық, бай-бір жұттық», артыңа ерген бір ұл жоқ, бір малың ағайынның дәулетіне қалар, сен қу бассың, деген көрінеді.
Сонда Мөлке:
– Мен қу бас емеспін, артымда ағайыным бар, сен қубассың, ағайынға қадірің жоқ, айналаң тар, мен би болсам әділ бимін, ал әділ бидің өзі өлсе де сөзі өлмейді, мен жомарт баймын, жол-жітіктен ешнәрсе аямайтын, сен сараң байсың өзіңе де, өзгеге де мал қимайтын, қоңыздай дамалатып боқ жинайтын. – деген екен. Сонда аман болыс Мөлкеден кешірім сұрап, сөзіңе жығылдым депті.
Мөлкенің әйелі Жұмабике Уақтың қызы екен. Алғашқы ұлы дүниеге келгенде Мөлке кісі шаптырып, Аманнан сүйінші сұрапты. Аман сүйіншіге бір сәйгүлік беріп, «баланың атын өзім қоямын» деп сәлем айтыпты. Сөйтіп, екі-үш күннен кейін Аман болыс келіп, шекпеннің етегіне нәрестені салып отырып, «ұрпағыңның бәрі би болсын» деп тілек айтып, Битабар деп ат қойып кетіпті. Мөлкенің Битабардан кейін Жүнісбек, Қонысбек деген балалары болаған.
Әкем Ыдырыс бабам (Мөлке) турылы мынадай бір әңгімені айтып беріп еді, – дейді Мөлкенің немереесі Мереке Ыдырысов.
Қоқан ханның біздің жерімізді шапқан кезде жұрттың бәрі Қаратаудың шатқалдарына барып тығылыпты. Мөлке жау мен сияқты кедейді не қылады деп, жерін жырта беріпті, ханның әскерлері келіп бабамнан елдің қайда кеткенін сұрайды. Сонда Мөлке ағайындарының қайда тығылып жатқанын айтпады. Ержүрек қайсар жігіттің мұнысына риза болған әскербасы Мөлкені тіккен шатырына апарып қонақ етеді.
- Жерді не үшін жыртып жатырсың? – дейді қолбасшы.
- Жүгері егемін, – деп жауап береді Мөлке.
- Тұқымдық жүгеріңді бізге бер. Сен оны бәрібір баптап, өсіріп өнімін сатасыңғой. Бізге жүгеріңді сат, мен де жас кезімде егіс екенмін. Диханның еңбегін бағалай білемін, – дейді әскер басы көп күміс ақша беріп, Мөлкенің бір қамба жүгерісін алады.
Сонда Мөлке сол ақшаға 300- дей тұсақ алып, егін алып байып кеткен көрінеді. Еті тір, пысық жігіт туралы қолбасшы Қохан ханына айтқан болуы керек, кейін оны хан сарайына шақырып елшілікке жұмсап отырған.