Мерғали Құбашев 1906 жылы Бекетай құмындағы №24 ауылда дүниеге келген. Жастайынан медіреседе оқып, діни білім алған. Совет өкіметі кезінде қуғындалып, біраз уақыт Астрахань, Атырау жағын паналаған. 1926 жылы үйленгенде, тойында әйгілі күйші Дина Нұрпейісова қатысқан екен. Соғысқа қатыспағанымен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен (АА №026812) наградталған.

Мерғали ата көп жыл Орал облысы Жаңақала ауданы Пятимар ауылында дүкенде сатушы болып қызмет еткен. Ауылдастары Мерғали атаны өз қызметіне өте адал, тәртіпке берік болғанын, ауыл дүкенін дәл уақытында ашып-жауып, аппақ халатпен қызмет қылатынын аңыз қылып айтады. Сонымен бірге Мерғали ата Совет өкіметі кезі болса да бес уақыт намазын қаза қылмаған, әрі емшілікпен айналысып, халықтың түрлі дертіне шипа жасаған. Ауыл молдасы ретінде ел-жұрттан пітір садақасын жинап, оны облыстық мешітке және Советтік Бейбітшілік қорына тапсырып отырған. Мысалы 1987 жылы Мерғали ата – 1720 сом 50 тиын, 1988 жылы – 2550 сом тапсырған, құжаттары ұрпақтарында сақтаулы тұр. Осындай еңбегі ескеріліп, 1988 жылы Қазақ бейбітшілік қорғау комитеті мен Советтік Бейбітшілік қорын қолдаушы Қазақ Республикалық комиссиясының Құрмет Грамотасымен наградталған. Есімі Орал қаласындағы Мұсылмандар мешітінің Құрмет тақтасында жазылған. Мерғали атаның өзі тұтынған бұйымдары, киімі ауыл мектебіндегі мұражайға қойылған. Ол кісінің соңында қалған қолжазбалары Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығына тапсырылды. 

Мерғали ата арқалы, аруақты адам болған. Ауылдастары, ұрпақтары атамыздың көзі тірісінде тылсым құпиялы қасиеттеріне талай куә болған. Мысалы, 1983 жылы тосын өрттен қора-жай түгел отқа оранып, үйге қарай кетіп бара жатқан сәтте Мерғали ата тілсіз жауды дұға оқып тоқтатқан екен. Бүгінде Мерғали атаның басына ұрпақтары ескерткіш белгі орнатқан. Халық зиярат ететін киелі орын саналады.

Мерғали ата
Tagged on: