Әлдек ұлы Данабай бабамыз 1864 жылы қазіргі Жанқожа батыр ауылы аумағына қарасты бұрынғы Ерназар болысы (№15 Интернациональ) ауылында  дүниеге келген. 1904 жылы  40 жасқа таяған шағында  Жолшара руының ауқатты кісісі Кеншімнің қызы Жібек әжемізбен отау құрып, өмірге 1905 жылы Тілеубай, Дәмегүл, 1920 жылы Дәулетбай, 1922 жылы Қостанай атты ұл-қызын дүниеге алып келген. Заманында ауыл-арасында абырой мен беделге ие болған бабамызды ауыл ақсақалы немесе би ата деп атаған екен. 1930 жылдың наурызында Қазалы ауданының Қареке (кейбір деректерде Қарақ) елді мекенінде белгілі ишан Ақмырза Тосов бастаған Кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліске шикізаттай қолдау білдірген. 200-ге тарта көтерілісші Қарақалпақ жеріндегі Шымбай қаласының шығысындағы Биш-тобе (Бестөбе) деген тауға барып жасырынған көтерілісшілер жеңіліс тапқан соң, өзінеде бір қатердің төнетінін біліп, Данабай бабамыз Қызылдың құмы арқылы Қарақалпақстанның Мойнақ деген жеріне барып біраз уақытқа дейін ОГПУ іздеуінен жасырына тұрған екен. Осы қарақалпақ жеріне келуі туралы бір қызықты деректі әжем Ібайда былай әңгімелеп берген тұғын:

Қарақалпақтың жеріне ауа қашып келсе, алдарынан шыққан Қарақалпақ кемпірі Данабайға қарап айтты дит: «Мышығыңды мішләмәдім, күшігіңді қышләмәдім , няғып келдіңдер қазақлар» деп. Ол жердеде бірнеше жыл жасырынып, ел басылған соң туған жеріне оралып, 1932 жылы «Шоқай учаскесі мен Ерназар учаскесі біріктіріліп, №15 Интернациональ колхозы құрылған соң, осы колхозда күйбең тіршілікпен ғұмыр кешіп, 1943 жылы 79 жасында ауыр науқастан қайтыс болған.

Ендігі кезекте бабамыз Данабай туралы ел арасындағы әңгіме ауанына көшсек.

2023 жылдың 22 тамыз күні бабам Әлдекұлы Данабай жатқан қойымшылықты іздеп Арықбалық Ауылдық Округі Жанқожа батыр ауылына жол тарттым. Ондағы мақсатым: бабам, атам туып өскен Жанқожа батыр ауылынан 20 км-дей жердегі Қостерек, 15-інші Интернациональ (бұрынғы атауы Ерназар болысы) колхозының орны мен бабам Данабайдың мәңгілік мекені болған «Ақтам» қорымын тауып, бабамыздың жатқан жері жермен-жексен боп кетсе де, рухына құран бағыштау тұғын. Оған себеп болған: 2014 жылы марқұм әжем Ібайданың асына келген, байырғы Интернациональ ауылының тұрғыны, қазіргі Ақтан батыр (Партсьезд) де тұратын 85 жасқа жақындаған қария,мархұм Ізәтулла ақсақалдың шәй үстінде айтқан әңгімесі….

Ақсақал әңгімесін төтеден бастады. – Осы сендер 3 ағайындының баласы (Тілеубай,Дәулетбай,Қостанай)-лардың әкесі Данабай бабаларыңның кім болғанын білемісіңдер? неге басына барып белгі қойып, құран бағыштап тұрмайсыңдар? деп кейіс білдіріп, әңгімесін жалғастырды:

– Мен ол уақта 10-11 жасар бала едім. Бабаңның көзін көрдім. Әкемдердіңде әңгімесін құйма құлақтанып,естіп өстім. Бабаң ірі денелі, алып тұлғалы, атқа мінсе, аттың белі майырылып тұрады екен. Халық атқа көтеріп мінгізеді екен,уақытында Голощекиннің «кіші Қазанына» дейін түйемен жүрген екен. Халық бабаңды би деп айтушет, ол кісіні құдайы асқа шақырса,ол кісі үйінен бір тоқтыны сойдырып, жеп шығады екен. Сондағысы астағы басқа байлар қомағайланып табаққа қайта-қайта қол жүгіртіп жеп отса, бабаң паңданып,маңғазданып жеп отырады екен.Тектілігі ғой. Алла сыйласын,сондағы жұртқа көп жақсылығы өткен екен.Ол кісінің кетпенінің әйдіктігінің өзі бір әңгіме. Егін ексе егінімен бөлісіп, ау-құралы майланса балығынан дәм таттырып дегендей. Әкемдер көп еске алушет.Өйткені ауылымызда ол кісінің атында «Данабай иірімі», «Данабай ағашы» деген жерлер бар тұғын, әлі де бар.Жатқан жерінде білем.Жүрсеңдер апарып көрсетейін. Ол кісі 1943 жылы соғыс уақытында (аты жаман аурудан) 80-ге таяған шағында бұл фәнимен қоштасты.Заманынында аты ауыл-аймаққа белгілі бай кісі болған екен, амал нешік бертіндегі аштық,тәркілеу,көтеріліс,соғыс қояма адамды. Мына Қостанай атаңның аты неліктен Қостанай екенін білемісіңдер?Заманында бабаларың жазғытұры, мына «Сәтбай» жолы арқылы Жаманқалаға дейін көш жасаған.Сонда осы атаң жолда Қостанай төңірегінде туған екен.Еее, жаназасында көзіммен көрдімғой, әкем молда еді ауылда, сонда жаназасын шығарып жатып, мұқым жиналған халыққа қарап тұрып:

– Осы ауылда заманында Данабайдан асқан бай адам жоқ еді, қараңдар міне, осының өзі бәрімізге ғибрат болуы керек. Әттең,бір кем дүние деген осы деп сөзін аяқтаған екен.(Сондағысы бабаң қайтқанда, бөздің өзі қат, көршілер дастарханға бір кесе сөк, талқанын әкелген екен).

-Егерде менімен жүрем десеңдер,ауылға келіңдер, Баба қорымына апарайын, иірімін, ағаштың орнын көрсетейін.Парызым ғой, деген тұғын.

Өкінішке орай,мен ол кезде 10 сынып оқушысы едім, әкем мен ағаларым осы айтылған әңгімелерді бейнетаспаға түсіргенмен жоғалып кетті. Баба басына Ізәтулла атамен барамыз деп отқанда,ол кісіде қайтпас сапарға аттанып кетті…

Амал нешік, арада 9 жыл салып баяғы ата айтқан әңгіме есіме түсіп, білек сыбана фейсбуктеде «Ақтам» қойымшылығын, 15 Интернациональ ауылы орны мен Қостерек жерін білетін құймақұлақтар әліде бар шығар деп сұрау салдым. Бірақ нәтиже болмады. Сондада Жанқожа батыр ауылында әліде бабамның көзін көрген, ол туралы әңгіме естіген қариялар бар шығар деген оймен, ауыл әкімі Маулен Кайруллаев ағамен байланысып, ағаның айтуымен: Ауыл ақсақалы , руы Асан, 80-нің сеңгіріне шыққан Айжарық есімді қария барын естіп, үйін, мекен-жайын нақтылап, бардым. Айжарық атамен амандық-саулықтан соң, бабаларым, аталарым, олардың тұрған, өмір кешкен жерлері туралы сұрап, біраз мәлімет алдым. Айжарық атада, бабаларыммен көрші тұрғанын,бабамның дидарын көргенін, ол кезде 5-6 жасар бала екенін,бірақтан «Ақтам» қорымының қай жеріне қойғанын білмейтінін, бірақтан бабамыздың игі істері мен ел алдындағы атқарған қызметі туралы әкелерінен естігенін барынша баяндап берді. Сөз соңында өзім іздеген «Ақтам» қорымын, «Данабай иірімі», ағашы, Интернациональ ауылының орнын, Қостеректі білетінін, бірақтан қазір жасы келгендіктен сырқаттанып отқанын айтып, ұлы Сәбит ағамызға жол бастап апарып келуін тапсырып,аманшылық болса,кейін өзі апаратынын айтып, қоштастық. Алла разы болсын!

Айжарық атаның айтуы бойынша 15-ші Интернациональ колхозын 1952 жылы дария тасып,су басып, ауыл халқы қазіргі Жанқожа батыр, Ақтан батыр, арысы ауданға қарай көшкен екен.

Сонымен қатар, 1927 жылғы мархұм әжем Ібәйданың Қостанай атамнан естіп, айтқаны:

1.Әжем жанында жатып сұраймынғой не себептен бабамыз Данабай 40 жасқа келіп үйленген? қыздар қарамағанба деп? Сонда айтушет бабаң сал-сері болған, байдың баласығой…бірақтан бабамыз әңгіме үстінде айтады екен: Өзім 40-қа келіп үйлендім,  ұрпағым аз болмасын, ең болмаса мына тұңғышым Тілеубайымды  ерте үйлендірейін деп, 17 жасында үйлендіргем деп. Және тағы бір оқиға бабамыз алып денелі, нар тұлғалы болған екен деп айттыққой. Сол бабамыздан тұқымдыққа қалған айыр өркешті түйемен 1949 жылы Тілеубай атамыз кіші інісі Қостанайға әжем Ібайданы айттырып, сол түйемен әкелген екен.

Атам Қостанай бұрын шәй үстінде айтады екен: – «Әкем Данабай «Ақтамда» сол ауылдың тұрғыны (Захар) Зәкір деген кісінің қасында жерленген деп. Кейін қарайтамыз деп жүргенде атам Қостанай 1974 жылы дүниеден өтіп кеткен екен. Бір Аллаға аян, бабамның (Захар) Зәкір атамыздың қай қапталында жатқаны. Әйтеуір ойдағы іс орындалды. Осындай сапарға шығуда, ақпар берген ағаларға алғыс айтамын!)                                                     Бүгінгі ата-бабаларымызға арналған беріп жатқан құран-қатым, садақамызды АлЛа Тағала қабыл етіп, бабаларымыздың әруағы желеп-жебеп, осы 3 атадан тараған ұрпақтары ауыз біршілікте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мерейіміз үстем, абырой-беделіміз арта берсін деп сөзімді аяқтағым келіп отыр.

 

Данабай
Tagged on: