Жидебай Қожаназарұлы (1713-1815) – қазақ халқының Әлтеке-Қаракесек руынан шыққан батыры.

Абылайдың сенімді серігі, жауқарақ басы, пікірлес досы әрі биі. Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтеруге қатысқан кісі. Абылай ханның майдандағы ұрыс тағдырын шешетін, әрі қосымша тың күш ретінде ұсынылатын 5000 қолды басқарған екен. Жидебай батыр Абылай хан тұсында хәм билік айтып, хәм жұртына бас болады. Шежірелердің айтуынша, Жидебай батырдың алғашқы үлкен жорыққа қатысуы – ‘’Аңырақай шайқасы’. Заманында Абылайхан қазіргі Балқаш-Ақмола өңіріне жауды кіргізбей сақшы қолдарымен тоқтата тұруды тапсырған екен деседі. Сарыарқаға қазақ, қалмақ, жоңғар, торғауыт таласқанда еңбегін сіңірген ердің бірі болады. Жидебай батыр Аңырақай шайқасына, Қаншеңгел, Ақсүйек соғысына қатысып ерлік көрсеткен, Баян тауын, Ертіс маңын, Нұра бойын, Қарақаралы, Ұлытау, Ақмола, Балқашты азат еткенде – мыңбасы; Тарбағатай, Батыс Алтай шайқасы, Аягөз, Талдықорған – Шоңжы, Құлжа, Алатау жорығы, Талғарды азат еткенде әскер басы болған. Талғар қаласы маңындағы Жидебай асуы, Абай қыстауындағы Жидебай қорығы осы батырдың атымен аталған.

Жидебай батыр – XVIII ғасырлардығы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған тарихи тұлға. Жидебай батырдың Абылайханның замандасы болғандығын М.Ж.Көпеев те нақтылай айтқан екен. Абылайхан Жидебайды өте қиын, алынбайды-ау деген қамалға, берілмейді деген бекініске, мықты-мықты деген жау күшіне жұмсаған. Оның қайталанбас ерліктері халық ауызында сақталып келген көптеген нұсқалы аңыздар арқылы кейінгі ұрпаққа жақсы мәлім. Ел арасындағы əңгімеге қарағанда Ордадағы жиындарда хан Жидебайдың сөзіне ерекше мəн беріп отырған. Жəне Жидебай да шындықты бүкпей, ханнан қаймықпай бетке айтқан. Бірде Абылай хан “Жеті жарғы” заңын жүзеге асырып отыратын, жеті адамнан тұратын “Жеті жарғыш” ұйымын сайлайды. Солардың ішінде Жидекең де болады. Тағайындалғандардан хан: “Түрлі-түрлі жау көп, солар жайлы не айтар едіңдер?” – деп сұрайды. Сонда Жидекең: “Жау екі түрлі болады: көрініп келетін қауіпсіз жау бар, жекпе-жекке шығасың, күшің асса жығасың, ол өзіндей адам, несіне бұғасың: көрінбей келетін қауіпті жау бар, сенен де сақ, ұтып алар амалын тап, ақылдан түспе, ойланып істе, сақтанбасаң солардан, кетеріне мен кепіл, басыңда тұрған бақ” деген екен.

Жидебай Қожаназарұлы – Қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда айрықша тер төккен, халқына қадірі асқан, туған жерін азат етуде ерлік көрсеткен, сөзімен елді аузына қаратқан, ісімен халқын ұйытқан өз заманының аса ірі тұлғасы, қазақ тарихының көрнекті қайраткері. Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Замана өтпес болсайшы, Жидекең өлмес болсайшы» дейтіні де, Г.Н.Потаниннің ел аузынан жазып алған «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?» дейтіні де сондықтан.

Ғалым Әлкей Марғұлан халық батырлары жайында өз ойын тұжырымдай келе былай дейді: «Тарихи дәуірдің әлеуметтік жосындары, тұрмыстық тілегі, бейбітшілікпен күн кешуді арман етуі – елдің ең ізгі тілегі еді. Бірақ, халық көксеген бұл тілек өткен жаугершілік замандарда ұзақ ғасырлар ішінде орындала қоймайды.

Жидебай батыр Қожаназарұлы
Tagged on: