Әкем Қарымсақ Қазиұлы 1938 жылы 16 маусымда, Кіші жүз Таз руының Бессары бөлімінен тараған.  Атамыз Қази Ізтілеуұлы мен әжеміз Ажар Өмірзаққызы шаңырағында, бала тұрмай, ер баланы сағынып, аңсап күтіп жүрген кезде, әкеміз дүниеге келген екен. Екінші дүние жүзілік соғыс алдында, елімізде болған зобалаң заманда, атамыз Қази бізге белгісіз себептермен “Жетікөл жекенді” деген жерге кеткен. Әрине, бізге көп нәрсе белгісіз. Білетініміз, әжеміз үлкен қызы Бибіажар Ойыл жаққа ұзатылғаннан кейін, қызы Назира мен ұлы Қарымсақты алып, Жылой жеріне төркіні жаққа қоныс тепкен. Ұл мен қызын тәрбиелеп, бір-бір отбасын құрғызып, аналық борышын өтеп, үш немересін көріп, 1966 жылы дүниеден өткен.

Әкем Қарымсақ жүргізуші, кран жүргізушісі, автомеханик, ТБ инженері болып, көп жылдары аудандағы «Оңтүстік Эмбі мұнай-газ барлау экспедициясы» мекемесінде еңбек етті. Жұмыс жасаған жылдары еңбегі еленіп, әр жылдары құрмет граммоталарымен және «Коммунистік Еңбек Ері» медалімен марапатталған. Әкем коммунистік партия мүшесі болған. Еліне адал қызмет ете білген жан.

Әкеге деген сағынышымды ақын Мұқағали Мақатаевтың «Әке» деген өлеңімен аяқтағым келеді:

Әке, сенің жасыңнан асып барам.
Кезі-кезі келгенде тасып та алам,
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.

Қарымсақ
Tagged on: