«ДОСЖАН ХАЗІРЕТ»
Досжан ишан (Досмұхаммед) Қашақұлы (1815-1890) діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. 19 ғасырда қазақтардың Мекке-Мәдине шаһарларына қажылық парызын өтеу сапарларына мұрындық болған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер жинаған. Тарихи деректерге сүйенсек, Досжан ишан 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Доңызтау аумағында туған. Солтүстік Үстірт жазығы мен оған көршілес жатқан Сам құмын, Ембі шөлін қоныстанған Табын руының Шөмішті тармағы, Қоңыр бөлімінен шыққан. Әкесі Қашақ ескіше сауатты молда болған. Досжан алғашқы діни сауатын өз әкесінің көмегімен ашады. Орынбордан он сегіз шақырым жердегі Қарғалы слабодкасында тоғыз мешіттің бірінде он жылдай оқыған. Сосын Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген. Олдан атты пірге қол беріп, Досжан ишан атанған.
Досжан ишан өз заманында Алла Тағаланың разылығы үшін үш рет қажылыққа барған. Қажылық парызын өтеуге алғаш рет 16 жасында аттанып, жолда Түркия діни ғұламаларынан дәріс алып білімін тереңдеткен. Досжан 1832 жылы Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Доңызтаудағы Тасастау қайнар маңында өзінің бірінші мешітін салдырып, бала оқыта бастайды. Бұл мешіт-медресе кешені қазір де бар. Ақын Кердері Әбубәкір мешіт туралы:
«Рұқсат пірден алып, болды ишан,
Сондай бол ізгілікке жанды қисаң.
Мақсатқа әр пендені ұшыра тұр,
Сүйеніп бір Аллаға әпсің тисаң.
Мұнан соң мешіт салды Қарашыңға,
Мың сегіз жүз елуінші жылдың шамасында.
Тасастау қайнар деген бір терең сай
Мағұлым Қарашыңның арасында», — деп жырлайды.
1868 жылдары Досжан ишан Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Шилі бойына мешіт салуға қамдана бастайды. Батыс Қазақстан аймағында көптеген мешіттерді салған кәсіби шебер Бірман ұстамен келісім жасайды. Асар жарияланып, ұстаға бүкіл халық көмекке келген. Мешіт құрылысына бие сүті мен жылқының қылын қосып илеген кірпіш пайдаланған. Қабырғаларының бүгінге дейін сақталуының сыры да осында болса керек. Мешіттің ұзындығы 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында болған. Әбубәкір жырлаған деректерге сүйенсек, мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы, жанында 150 орындық бала оқытатын медресе, қонақ күтетін қосалқы бөлмесі болған. Халық аузында «Ақши мешіті» деп аталған. Бұл мешітте көптеген шәкірттер оқыды. Болашақ ишандар, сопылар білім алып, елге қызмет етті. Досжан хазіреттен білім және тәлім-тәрбие алып, Исламның нәрін жүрекке, нұрын жүзіне кұйған зиялылардың әзірге белгілісі мыналар: Жұмағали ахун, Сұлтан ахун, Өтәлі қажы, Қайыпқали ишан, Құттықожа әзиз (Қарақұм ишан), Ыдырыс мақсым, Әйімбет ишан, Қожабай ишан, Бұхарбай ишан, Жиенғали ахун, Мұстафа ишан, Әбдіғали ишан, Камал ахун, Ілияс ахун, Тұрғанбай ишан, өз баласы Махтум ишан, Нұролла ахун, Беркін халфе, баласы Сағитжан халфе, баласы Хайролла хазірет, немересі Зайыт ишан, Бекес қажы, Ысмайыл ишан, Жұбанияз ахун, Сәлмен ишан, Аңсатбай ахун т.б. Яғни, Досжан хазірет өз заманында Батыс Қазақстан аймағында ислам дінін тарату бойынша ірі діни қайраткер болған. Мешіттің қазіргі орны Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінен 5 шақырым оңтүстікте.Досжан ишан Орынбор губернаторынан арнайы рұқсат алып, он гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызған. Хиуа мен Бұхарадан әртүрлі тұқымдар алдырып, Шилі бойына бау-бақша, қауын, жүзім, күріш, тағыда басқа егін ектірген. Халықты отырықшы өмір мен кәсіпке шақырған.
Досжан ишанның екінші қажылық сапары 1870-1876 жылдар аралығы. Сапарлас серіктері ішінде генерал-полковник Ғұбайдолла Жәңгірханұлы және Құнанбай Өскенбайұлы болған. Сол кездегі араб билеушілері: «Ау, көз көріп, құлақ естімеген алыстан келген қазақ деген жұрттың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар деп талап қояды».Талапты орындауға бір жыл мерзім береді. Досжан бұл құжатты ел кезіп, сарсылып іздеп Қазаннан тапқан деседі. Бұқараға апарып растайтын мөр соқтырған.Сөйтіп арабтарға дер кезінде жеткізген. Үй дайын болған кезде Құнанбай қажы: «Досжанның еңбегі де көбірек сіңді, қаржысы да көбірек жұмсалды. Сондықтан Тәкиені соның атымен атаған дұрыс» деп ризашылығын беріпті. Оған Шәкәрім қажының «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегіндегі мына жолдар дәлел: «…1874 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетін Меккеде бір тәкия үй салдырып құдайы қылып еді.1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім… Бұл тәкия осы күні Кіші жүз Досжан хажының атына жазулы екен» дейді.
Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» шығармасында «Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе бар дейді. Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген екен… Бұл жүз жиырма кісі ортасынан расхот шығарып, «Қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын» деп сонан былай қазақ та ел-жұрт екендігі, пұсырман екендігі әйгіленген… Бұл Мекедегі Тәкие әуелі Құнанбай атына жазылған… Бұл күнде Кіші жүз Досжан халфе атына жазылып қалыпты» деген жолдар бар. «Оренбургский листок» газетінің 1876 жылғы шілдедегі басылымында: «В Оренбурге на днях съехались и разместились 100 человек киргиз для встречи ожидаемых из Константинополя прошлогодних паломников в Мекку и Медину: муллы Досчана – Ишана с группой паломников…», – деп, қажылардың елге қайту мерзімін 1876 жылдың жаз мезгілі екенін көрсеткен.
Досжан хазіреттің үшінші қажылық сапары 1880 жылдардың аяғына қарай жасалған. Меккедегі қонақ үйдің де жағдайын байқап, сенімді адамға тапсырып келген. Қажылық сапарға бару-келудің бейнеті, құжаттарға қатысты қиындықтарды терең түсінген ишан беделді адамдармен бірге 1888 жылдан бастап патшалық өкімет орындарынан қазақтар үшін бөлек мүфтилік сұрап бірнеше рет арыз жазған. Мақсаты қазақтарды шоқындыру болған отаршыл билік өтінішті аяқсыз қалдырып, ишандарды полиция бақылауына алған. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, заңгер Б.Қаратаев Досжан ишанның бастамасы туралы: «Қазақ халқы 1888 жылы ишан Досжан Қашақұлын өкіл қылып, аталмыш министр внутренных дел граф Толстовтан өтініш қылдырып, қазақтың дін тұрғысында істерін бұрынғыша Оренбургский духовный собраниенің қарауында қалдырмаққа, болмаса қазақ халқы үшін өз алдына бөлек духовный собрание жасамаққа бұл өтінішті хәкімдер қабыл қылмады және сұраушы ишан Досжан Қашақұлын әкімдер сенімсіз деп паднадзор палитса қылды», – деп жазылды. Құжатқа қол қойған зиялылар арасында Досжанұлы Абдолла ишан бар.
Досжан хазірет 1890 жылы дүниеден өткен. Өз мешітінің күншығыс жағында жерленген. Басында құлпытасы сақталған. Қазір Ақтөбе қаласында Досжан хазірет атында көше бар. Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің орталық мешіті Досжан ишан есімімен аталады.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынды. Мән-мағынасына байланысты бес санатқа бөлінген. Соның бірі «Діни ғұрыптық және ғибадат орындары». Халықтың тарихи санасында әулие, діни ұстаз, мұсылмандық және имандылықтың үлгісі ретінде сақталған әзиз тұлғалар жинақталған осы санатта Досжан ишан есімі көрсетілген.
Қазіргі уақытта Досжан ишан мешітінің төбесі құлаған, қабырғалары ғана тұр. Уақыт пен табиғат әсерінен жылдан-жылға шөгіп барады. Жәдігер ретінде сақтап қалу мақсатында мешіт сыртына шыны тәріздес мөлдір қабырға кигізу туралы шешім қабылданып.
Досжан ишанның шөпшегі (Досжан ишан – Хабибулла – Зайыт ишан – Дауыс) Хабибуллин Асқар Дауысұлы Досжан ишан кесенесінің жобасын сыздырып берді жәнеде қаражатпен қамтамасыз етіп, Ақтөбе облысының әкімшілігімен бірігіп құрылысқа үлкен жәрдем етті.
Хазірет қабірі үстіне күмбезді кесене тұрғызылды. Зиярат жасап келуші жолаушылар үшін қонақ үй, 200 адамдық асхана, көлік тұрағы, көмекші шаруашылық үйлері салынды. Комплекс айналасы қоршалып, электр жарығы тартылды. Газ құбыры мен тас жолдар салынады. Мешіт жанындағы өзен мен бұлақ көзі тазартылды. 10 гектар жерге бау-бақша мен жеміс ағаштары егілді.