Ер Қосай Құдайкеұлы (1507 – 1594) – халық батыры, Маңғыстау қазақтарының орта ғасырлардағы көсемі.
Ер Қосай Қазақ хандығы дами түскен кезеңде өмір сүріп, қазақ ұлты мен мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан ірі тарихи тұлғалардың бірі. Әділдігімен, шешендігімен мәлім, Орта Азия халықтарының ынтымақты, бейбіт өмір сүруіне ықпал етті. Жер, су дауларын қантөгіске жеткізбей шешті. Бүгінгі Жаңаөзен қаласының қасындағы Ер Қосайдың бастауымен қойылған «Ер Сары қайрағы» қада тас белгісі тұрған жерде көрші халықтар өкілдерінің бас қосуы өтіп тұрған. Жорықтардың бірінде отбасы опат болған Ер Қосай екінші рет түрікменнің Ер Сары көсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан тараған алты ұл – Байбол, Тіней, Әйтей, Бөгей, Бәли, Сүйіндік (Жаманадай) кейіннен Қосай руы болып тарқаған. Одан қазақ ертегілеріндегі жезтырнақпен, таутайлақпен айқасып жеңген әйгілі Есекмерген, жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған.
2007 жылы қазан айында Ер Қосайдың 500 жылдығы аталып өтті, ерлік өмірі зерттеліп, дәріптелген ғылыми-теориялық конференция болды. Жаңаөзен қаласында Ер Қосай атындағы мешіт, теңізде кеме бар.
Ер Қосай мен Оғылмеңлі ана кәзіргі Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласына жақын Бестөбе деген жерде жерленген, бастарына мазар орнатылған.