Қонай шамамен 1726-1727 жылдары туған болып шығады. Мәңгілік  жаулық жоқ дегенмен қазақ пен қалмақ арасындағы ұрыс тым ұзаққа созылғандай. Сондай ұрыстың бірі – 1740-1741 жылдары қалмақтарды Жайық бойынан, Нарыннан қуып жіберуге бағытталған. Қонайдың батырлығымен көзге түсетіні осы ұрыста. 1724 жылы өлген Аюке хан Хиуа ханымен одақ болып достық қарым-қатынаста болған. Сол ара қатынас Аюке өлген соң да жалғаса берсе керек. Оған дәлел қазақ қолы қалмақтармен соғысып жатқанда сол кезде Хиуа ханына бағынатын Маңғыстау түрікмендері хандарының азғыруымен қазақтарға ту сырттан шабуыл жасайды. Сөйтіп, түбі бір қалмақтарды біржолата жойылып кетуден сақтап қалады. Түбі бір туыс, қандас, діндес деп сеніп келген түрікменнің бұл қылығына кектенген қазақтар 1842 жылы қалың қолмен Үстірт, Маңғыстауға қарай аттанады. Үстірт ернегіндегі Айрақты тауында екі жақтың шешуші шайқасы болып қатты қарсылық көрсеткен түрікмендердің беті қайтады. Жеңіс қазақ жағына да қымбатқа түседі. Бұлар ол бетінде одан әрі ендей алмай араға үзіліс салып, жорықты келер жылдың көктемінде жалғастырады. Бірақ, бұл жолы қазақтардан қаупі мықты түрікмендер үрке қашып, Үстіртті соғыссыз береді. Шежіре дерегіндегі Адайдың алпыс үйімен Тақ, Ақпан, Беріш, Есболай бастаған қазақтардың Каспийдің Өлі Қолтық шығанағымен астасатын (қылтадан) мұз үстімен Бозашыға келіп қоныстанатыны, Адайдың жалпы қарасы жүздей шолғыншы жасағының Үстірттің Маңғыстауға қараған ернегімен келіп, Маната асуына ат басын тірейтіні, Сисем ата әулиенің басында құрбандыққа боз бие шалып, енді осыдан ереуіл аттың басын кері бұрмауға Сисем атаны елдің жақсы мен жайсаңының ортақ бақилық мекені қылуға пәтуа жасайтыны сол 1743 жылдың жазға салымы Қонай батыр осы жасақ ішінде. Батырлардың Сисем ата басындағы пәтуасының тындырған бір ісі – жаңа қонысты бөлісуі. Сол Сисем атаға жақын ернектегі Кекіл, Шүңкіл, Қосақыр, Шилі құдықтары Қонай мен оған қараған ауылдарға тиесілі болды. Содан бері бұл өңір Кенже ата баласының атамекені болып саналады.

Қонай батыр
Tagged on: