Жеті ата — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Өз ата-бабасын жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет және сол арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Өкінішке орай, көптеген ата-бабаларымыз жайлы мәліметтер өте аз. Әртүрлі жағдайларға байланысты жазылып сақталмаған. Сондықтан да өз бабаларым жайлы өзімнен кейінгі ұрпақтарға барынша қол жетімді, дәйекті, түсінікті болуы үшін аталарымнан, басқа да үлкендерден естігенімді, көргенімді және мен нақты білетін мәліметтерді, өзім зерттеу жүргізіп жинаған, оқыған деректерге сүйеніп қалдыруды жөн санадым. Біздің рулар жайлы ақпараттар Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» (Дайындаған С. Дәуітов). – Алматы: Жалын, 1993., Қанжығалы шежiресi, Еңсебаев Т.А. – Павлодар : ЭКО, 2004. – 494 с. кітаптарынан алынған.

Негізгі тақырып менің бабам болып табылатын Козыбаков Ораз жайлы. Ораз атамыз 1901-1942 жж. аралығында өмір сүрген. Жұбайының есімі Козыбакова Қадиша (Кене). Ел ішінде есімін Кене деп атаған. Атамның айтуынша, ол кісі елімізге белгілі ақын-жазушы, белсенді қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың әкесі Омардың қарындасы (тұрмысқа шыққанға дейінгі тегі Сүлейменова) болған. Ораздан Құтжан, Бижан, Мұсабай атты үш ұл қалған. Соның ішіндегі Құтжан менің арғы атам болып табылады.

Ресей архивтерінің деректеріне сүйенсек (https://pamyat-naroda.ru/, https://obd-memorial.ru/html/). Ораз атамыздың туған жері сол кез бойынша Ақмола облысы, Эркеншилик ауданы, Маркс колхозы болған. Және 01.01.0941 жылы осы жердің жергілікті  аудандық әскери комиссариатынан шақыртылып, Ұлы Отан соғысына аттанған. 1942 жылдың шілде айынан хабар-ошарсыз жоғалу себебінен тіркеуден шығарылған. Жоғалғандығын растайтын құжат жоғарыда көрсетілген сайттарда жарияланған. Соңғы хат әйелі Козбакова Кенеден келгендігі жазылған. Басқа дерек, мәліметтер еш жерден табылмады. Соғыстан кейін де хабар келмеген.

Бүгінде бабамыздың артынан көптеген ұрпақтары қалды. Қазіргі кезде Ақмола облысы, Ерейментау, Астана, Алматы, Павлодар, Балқаш қалаларында еңбек етіп, еліміздің көркейіп, дамуына үлес қосуда.

Козыбаков Ораз
Tagged on: