Нағимжан Аманғалиұлы 

Беріш-Себек атақты батыры Аманғалидың ұлы Нағим Аманғалиұлының есімі кезінде бүкіл батысқа әйгілі болған. Бұл күнде көп аталмай ел жадынан шыға бастаған сыңайлы. Қашанда қазақ рухын сындырмай өткен ерлерімізді бүгінде батыр деп дәріптей алмасақ басқа ел бізге батыр тауып бере ме? Нағимның шын аты – Нағимжан. 1943 жылы соғыстан сол аяғынан айырылып ағаш аяқпен елге оралады. Ол кезде Атырау қаласын жер аударылған шешендер ұстап, қылмыстың өршіп тұрған кезі екен. Вокзал мен базар маңында момын қазақты шешендер жүргізбей, тонап кету дағдыға айналыпты. Нағим бір күні жігіттермен отырып осы жайыттарды естіп, намыстанып:

   – Ол не қылған халық? Әуселесін көрейін, мені жіберіңдерші! – деп сұранады. Теміржол вокзалы қала шетінде орналасқан. Вокзалдан түсіп қалаға қарай жүретін жол қалың жыңғыл арасынан өтеді екен. Нағим қолына чемодан ұстап кешкі поездан түскен адам құсап кештетіп жыңғыл арасынан өте бергенде бірнеше шешен жігіті алдынан шығып тонамақ болады. Нағим олардың бәрін сол жерде бір-бір ұрып өлтіріптіде біреуін әдейі қоя беріпті. Осыдан кейін шешендер сабасына түсіп, Нағимның аты жайылып жүре береді. Ол заманның бір дәстүрлі – күш иелері бір-бірін іздеп келіп күш сынасады екен ғой. Нағимның басынан да сондай жекпе-жектердің талайы өткен. Нағим ұрғанын құлататын өте соққыр болыпты. Жұдырықпен ұрғаны тіл тартпай кететін болғандықтан, жәй төбелесте төрт саусағының ішімен не сыртымен қағып-ақ мұрттай ұшырады екен. Төбелес үй ішінде басталса бұрышқа арқасын тіреп, көшеде болса столбадан бір қолымен ұстап тұрып ешкімге есе жібермепті. 15-20 адамды самайдан бір-бір қағып сұлатып тастап, арасынан жайлап шығып жүре беретін болыпты. Орал ресторанының жанында жазғы би алаңы болатын – деп есіне алады бүгінде. Атырау қаласында тұратын Төлеуіш ағам. Сол жерде би билеп жатқан біздің құлағымызға << Нағим жекпе-жекке шыққалы жатыр!>> деген суыт хабар естілді. Бәріміз ресторан алдына жақындап тор шарбақтың арғы жағына жиналып анталап қарап тұрмыз. Ресторан алдында бірнеше жеңіл көліктер тұрған. Бұлар Самарадан Нағимды іздеп келген қонақтар екен. Бір мезгілде іштен орыстармен ілесіп Нағим шықты. Сол аяғы қара санынан жоқ демесең орта бойлы, құрыштан құйғандай шымыр жігіт қой. Қасындағылардың біреуі іштеп табуретка алып шығып ортаға қойды. Нағимның мәрттігі ғой. Жеребе суырмай-ақ, қонақты сыйлап, бірінші кезекті беретін де соққыны қақиып күтіп алатын. Бұл жолы да солай болды. Нағим бізге арқасын беріп орындыққа жайланып отырды да басын изеп белгі берді. <<Аллам сақтасын!>> деген дауыстар шығып жатыр. Өйткені Самарадан әдейілеп төбелестіруге алып келген Аркаша деген орыс өте ірі екен. Әлгі Аркаша Нағимның оң жағына бір, сол жағына бір шығып кішкене жүрді де қарсы алдына тұра қалып соғуға ыңғайланды. Бәріміз демімізді ішімізге алып тұрмыз. Ұстаның балтасындай дәу қызыл жұдырықтарын біріктіріп алған Аркаша <<Ауп!>> деп қос қолдап тұрып Нағимды желкеден ұрды. Қазақтар шу ете түсті. <<Жұлыны үзілді ау!>> деген дауыстар шығып жатыр. Жоқ Нағим тырп етпестеп отыр. Жығылмаған адам жеңілген болып есептелмейді. Кішкене отырды да, қырандай дүр сілкініп орнынан тұрды батыр. Одан соң аң-таң боп тұрған дәу орысқа <<орындыққа отыр>> деп ымдады. Енді Аркаша орындыққа отырып Нағим кезек алды. Бәріміздің делебеміз қозып, аруаққа сиынып тұрмыз. Нағим көп күттірген жоқ. Сылти басып орыстың қарсы алдына келді де құлақ шекеден қағып келіп жібергенде Аркаша орындығымен қоса ұшып төрт бес домалап тұрды. Жекпе-жек бітті. Қазақтың мерейі үстем болды. Келген қонақтар Нағимды ортаға алып ресторанға қайта кіріп кетті. Сол Нағим батыр 1960 жылы 48 жасында Алматылық қазақ жігітінің қолынан қапыда қаза тапты. Әттең, орыс пен шешеннің әлі келмеген Есіл ерді өз қазағының өлтіргені өкінішті..!…

Нағимжан батыр
Tagged on: