Бөрте Бөрібасұлы – туылған, өмірден өткен жылдары белгісіз, 17-18 ғасырлардың 1- жартысы болса керек. Осы кезде Бөрте мен Жанбай Еділ бойына басқыншылықпен келген қалмақтарға қарсы бірнеше соғыстарда көзге түскен батырлар екен. Бізге жеткен мынадай әңгіме бар. Бөрте батыр сол қилы заманда тоқым төсеніп, ер жастанып, жорықта жүргенде әйелі мен екі баласы қайтыс болған. Жаманат хабарды Бөртеге жеткізуге ешкім батылдық етпесе керек, сонда Шұбар батыр: – Бөрте құрдасым еді өзім естіртемін, – деп алдынан шығады. Батырмен кездескен жерде аруақтанып айқай салып, қайрат шақыра үн қатып: – Әй, Бөрте, сен бір Құдай ұрған адам едің. Құдай ұрмаса балаларыңа Аспан, Зімбіл деп ат қояр ма едің? Аспаның аспанға ұшты, Зімбілің жер құшты, қатының оның қасына түсті, – деген екен. Сонда Бөрте қайраттанып: – Әй, Шұбар, не деп тұрсын! Қатын елде, бала белде! Жанбайжан аман ба? Соны айт! – депті дейді. Сол уақыт қалмақпен арадағы жаулықтан ұшынған уақыт болса керек. Бөрте тағы жорыққа аттаныпты. Сонда Шұбар: – Бөрте қатын іздеп кетті. Әкелген қатынын сауғалап тағы бір жыл бойдақ жүргіземін. Жорықтан оралғанын хабарлаңдар, – деп айтып қояды. Сірә, жанға батыра базыналық жасау құрыштай достықтың белгісі болса керек. Шұбарға хабар да жетеді: – Бөрте ырғалып-жырғалып олжалы келе жатыр. Айқайлап алдынан шыққан Шұбар аман-есен саулықсыз сауға сұрап. Маған дүние мүлік керек емес! Қатын керек, сауғамды бер! – деп жабысса керек. Сонда Бөрте сенің осыны істеріңді біліп, екеуін әкелдім. Таңдағаныңды ал деп көшке қарай иек қағыпты-мыс. Жайық-Беріш-Ағатай да жорықтан оралып, құрдасы Жанбайға қалмақ қызын сыйлапты. Сол қалмақ қызынан Саржала туған деседі.
Бөрте Бөрібасұлы.