МЫРЗАГЕЛДІ БАТЫР
\”Алаша, Тана, Байбақты
Қызылқұрт пенен Масқардан
Жақсы адамдар көп шықты
Халықты тегіс басқарған.\” (Ыбырай ахун Құлбайұлы)
Ескі Есім ауылынан Дендерге дейінгі аралықтағы қазақ ауылдарына Масқардың Бабаназар бөлімінен шыққан Мырзагелді батыр Аралұлы старшина болған.
Мырзагелді Аралұлы заманында ел басқарған, батыр әрі би адам болыпты. Жанама ауылының орталық қорымындағы алып мазары бүгінде құлап үлкен үйінді топырақ болып жатыр. Құлпытасы жоқ. Бәлкім, үйінді топырақтың астында көміліп қалуы да ғажап емес. Өйткені қасындағы Ершоқанға орнатылған ескі құлпытас сол қалпы тұр. Ершоқан – ысықтың алып тұлғалы батыры болыпты. Үйіне балдыздары келгенде, шай үстінде оң ұртына 4 бауырсақ, сол ұртына 4 бауырсақ тығып жіберіп:
‒ Сендер келмегенде апаларың мені аштан өлтіретін еді – деп қалжыңдайды екен.
«Жанамада Бабаназар Мырзакелді батырдың күмбез бейіті құлап, төбешік болып жатыр. 80 жасында батырдың елін жау шауып, ер жеткен екі баласы жау қолынан өліпті. Ызаланған қарт батыр өзі атқа мініп, жауын жеңіпті. Бірақ жарақатынан өзі де қаза табады. Екі баласы бірге жерленіп, басына күмбез тұрғызылған. Қазір орыны үлкен төмпешік. Ол өзі батыр, әулие адам болған екен. Аталарымыз топалаң болған қой отарын зират маңына иіріп, түнетіп, жазып алған уақыты болыпты.» ‒ деп жазады ол туралы өлкетанушы Әленғали Кереев аға.
Мырзагелді Аралұлы старшина болып тұрған кезде Исатай-Махамбет көтерілісі өршіп, батырлар көтеріліс жеңіле келе Жайықтың Бұхар бетіне өтеді. Мырзагелді старшина Исатай батырды ұстау, ізін көрсету туралы шұғыл тапсырма алады. Алайда ол бұл тапсырманы орындаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Оның ер мінезділігін, ақшаға сатылмайтын бірбеткейлігін патша ұлықтарының өзі мойындаған. Ол туралы Орынбор архивіндегі мәліметте:
«Аралов Мырзагелді, 3-қырғыз дистанциясының бұрынғы бастығы, ордаға сыйлы болған бидің (марқұм) баласы. 80-ге келіп қалған. Орта бойлы, дене тұрқы кезінде шымыр болғаны байқалады, қаба сақалды, қызыл шырайлы. Руы масқар, бабаназар бөліміне қарайды. Таңбасы – жалпы масқар руы таңбасымен бірдей. Жайлаған жері: жайлауы – Харкин форпостына қарсы бетте, 30 верст жерде, қыстауы да сол аумақта. Отбасылы. Ересек екі баласы бар, әкесімен бірге көшіп-қонады. Әл-ауқаты кедейшілікке жақын. Сауатсыз. Дистанция бастығы міндетін атқаруға ақылы әбден жетеді. Мінезі құбылмалы, тіпті ұрдажық деуге болады. Осы аймақтағы руластарының арасында көсем деуге лайық. Бірақ өзінің осы ерекшелігін әманда теріс пайдаланады. Орыс әкімшілігінен бой тасалай бастаған, тәртіп бұзады. 3-қырғыз дистанциясында ұзақ жыл бастық болған. Бұл қызметінен басшылықтың өкімімен алынған, бірақ себебі белгісіз. Жайықтың төменгі бойындағы қазақтар арасында «ең әйгілі барымташы, қарақшы» ретінде аты шыққан. Адайлармен рулық өштігі бар.» деп жазылған.
Бабаназардан батырлар көп шыққан. Соның бірі әулие Қоске батыр. Бейіті Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында. Сүгір жырау жырлаған Мырзагелді батыр мен Бабас ақын да осы әулеттен. Бабас ақын «Ақындар айтысы» кітабына кірген ірі айтыскер ақындардың бірі.
2017 жылы Ақжайық аудандық туризм мекемесінің қолдауымен Әленғали қарияны жолбасшы қылып арнайы құлпытас зерттеу экспедициясын ұйымдастырғанбыз. Сол жолы масқардың не бір аруақты ерлері мен игі жақсылары жатқан қорымдарды шарлап 200-ге тарта араб жазулы құлпытастың фотосуретін алып келдік. Бес қару таңбаланған бірнеше құлпытастар болды. Тарихымызды түгендеп, батырларымыздың қай жерде жерленгенін анықтау үшін осы құлпытастарды оқыту мәселесі тұрды. Қазыбек інімнің қолы тимейтін болғандықтан \”түйенің танитыны жапырақ\” деп Мұратбек Жахатовқа хабарластым. Ол да жұмысы бастан асып жатқанын, бір құлпытасты оқу ақысы 2000тг екенін, бірақ мен үшін 1000 теңгеден оқып беретінін мәлімдеді. Екі жүз мың теңгені суырып бере қоятын түйелі бай емеспін ғой. Үндемей қалдым. Содан бір күні Нұрболат деген масқар жиенім келе қалсын. Шағын коммерциямен айналысады. Өзі рушыл ақ. Қасында еріп келген көмекшісінің руын сұрасаң масқар боп шығатын. Сол, мінезі масқарский тентектеу жиеніме қолқа салайын. \”Ау, жиен! жүрмейтін жерің, білмейтін ерің жоқ. Аталарыңның атын білейік, батырларын таниық. Мынау 200 құлпытасты оқытатын қаражат тап. масқарларыңды ұйымдастыр\” – деймін ғой. Ол көрермін деп кетіп еді. Әлі хабар жоқ. Енді мында масқар туысқандардан хабарлама түсіп аталары туралы сұрастырып жатыр екен. Білгенімізді бөлісуді жөн санадық. Өйткені:
\”Ел қамын жеген ерлердің
Сөз білген жанда хақы бар!\” 

Мырзагелді
Tagged on: